"Алтын белгі" белгісі туралы ереже
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы N 1253 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы N 1253 қаулысымен бекітілген "Алтын белгі" белгісі туралы ереже 1. Осы Ереже "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабы 17) тармақшасына сәйкес әзірленген. 2. "Алтын белгі" белгісімен мына талаптарға сәйкес келген жағдайда: 1) үлгілі мінез-құлық көрсеткен, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес оқу жоспарының барлық пәндері бойынша оқу кезеңінде білім берудің негізгі орта және жалпы орта деңгейлерінде "5" деген жылдық және қорытынды бағалары бар; 2) жалпы орта білім берудің қорытынды аттестаттауынан "өте жақсы" деген бағамен өткен оқушылар марапатталады. 3. "Алтын белгі" белгісімен оқушылар облыстар, Астана және Алматы қалалары білім департаменттерінің марапаттауға ұсынылатын оқушының осы Ереженің талаптарына сәйкестігі туралы ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрық шығаруы жолымен марапатталады. 4. "Алтын белгі" белгісімен марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі. 5. Заңның 26-бабының 5-тармағына сәйкес "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдардың конкурс өткізу кезінде білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білім беруден кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар құрамына қабылдауда басым құқығы бар. 6. "Алтын белгі" белгісімен марапатталушы заңнамада белгіленген тәртіппен денсаулық жағдайы бойынша арнайы талаптар көзделген жоғары оқу орнын таңдаған жағдайда, денсаулығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген арнайы талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана қабылдана алады. 7. Осы Ереже меншік үлгісіне, түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, белгіленген тәртіппен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқушыларына қолданылады. 8. "Алтын белгі" белгісін дайындау осы Ережеге қосымшаға сәйкес "Алтын белгі" белгісінің сипаттамасына сәйкес жүзеге асырылады. "Алтын белгі" белгісі туралы ережеге қосымша "Алтын белгі" белгісінің сипаттамасы "Алтын белгі" белгісінің диаметрі 30 мм шеңбер болады, Л-80 мыс және мырыш металдарының арнайы қорытпасынан дайындалады. Белгінің бет жағында астынан лавр бұтағымен көмкерілген ашық кітап бейнеленген. Осы бейненің үстіңгі жағында "Алтын белгі" деген алтынмен жазылған жазу шығыңқырап тұрады. "Алтын белгі" жазба контуры, ашық кітап және лавр бұтағының бейнелері бедер түрінде 1 мм алға шығыңқырап тұрады. Белгінің артқы жағында "Қазақстан Республикасы" деген жазумен көмкерілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген.
|