Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 24 қарашадағы № 1374 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 24 қарашадағы № 1374 қаулысымен бекiтiлген Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Кодексiнiң 46-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрленген және медициналық ұйымдарда азаматтарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртiбiн анықтайды. 2. Консультациялық-диагностикалық көмектi: 1) консультациялық-диагностикалық орталықтар; 2) консультациялық-диагностикалық емханалар; 3) консультациялық-диагностикалық бөлiмшелер көрсетедi. 3. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) консультациялық-диагностикалық көмек - тәулiк бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек; 2) мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың арнаулы әдiстерiн талап ететiн аурулар кезiнде бейiндi мамандар көрсететiн медициналық көмек; 3) жоғары мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететiн аурулар кезiнде уәкiлеттi орган айқындайтын медициналық ұйымдарда бейiндi мамандар көрсететiн медициналық көмек; 4) бейiндi маман - жоғары медициналық бiлiмi, белгiлi бiр мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкерi; 5) бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерi - тәулiк бойы медициналық бақылау жасамайтын, бiлiктi медициналық көмек көрсететiн учаскелiк терапевт, педиатр, жалпы практика дәрiгерi; 6) пациент - медициналық қызметтер көрсетудiң тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға. 2. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртiбi 4. Пациенттерге консультациялық-диагностикалық көмектi медициналық ұйымдар еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргiзудi қамтитын медициналық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы болған жағдайда профилактикалық, диагностикалық және емдеу қызметтерiн ұсыну арқылы көрсетедi. 5. Бейiндi маманның пациентке консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерiнiң немесе басқа бейiндi маманның жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. 6. Консультациялық-диагностикалық көмекке жiберу кезiнде бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерi немесе басқа бейiндi маман клиникалық диагнозы мен зертханалық және аспаптық зерттеулерiнiң нәтижелерiн көрсете отырып, жолдаманы, амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзiндi көшiрменi (№ 027/е нысаны) ресiмдейдi. 7. Өңiрлерден республикалық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек алуға пациенттердi жiберудi облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының жанынан құрылған және жұмыс iстейтiн өңiрлiк комиссиялар, ал Астана және Алматы қалаларынан медициналық ұйымдар (аумақтық емханалар, стационарлар, диспансерлер) жүзеге асырады. Консультациялық-диагностикалық көмек алуға республикалық медициналық ұйымға жiберу мәселесiн шешу үшiн медициналық ұйымның бастапқы медициналық-санитариялық көмек маманы немесе бейiндi маман өңiрлiк комиссияның қарауына құжаттар пакетiн: пациенттiң жеке басын куәландыратын құжатының көшiрмесiн және клиникалық диагнозын, зерттеулердiң нәтижелерiн (қанның жалпы анализi, несептiң жалпы анализi, нәжiстiң гельминттерге анализi, микрореакция, флюорография, электрокардиограмма, ультрадыбыстық зерттеу, биохимиялық анализдер) көрсете отырып, амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан көшiрменi (№ 027/е нысаны) жолдайды. Пациенттiң құжаттары түскен сәттен бастап екi жұмыс күнiнiң iшiнде өңiрлiк комиссия хаттамалық шешiм қабылдайды. Пациентке республикалық медициналық ұйымда консультациялық-диагностикалық көмек көрсету туралы оң шешiм қабылданған кезде, өңiрлiк комиссия консультациялық-диагностикалық көмекке жолдама (№ 021/е нысаны) бередi, оның нысанын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi. Пациентке республикалық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, өңiрлiк комиссия жолдама берген медициналық ұйымға жазбаша дәлелденген бас тартуды қоса бере отырып, құжаттарды қайтарады. 8. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерiнен немесе басқа бейiндi маманнан жолдама болмаған жағдайда, сондай-ақ пациенттердiң бастамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек ақылы негiзде көрсетiледi. 9. Пациенттi консультацияға жiберген бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерiне немесе басқа бейiндi маманға консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткен бейiндi маман жүргiзiлген тексеру мен емдеу нәтижелерi, сондай-ақ пациенттi одан әрi тексерiп-қарау жөнiндегi ұсынымдар (№ 071/е нысаны) көрсетiлген консультациялық-диагностикалық қорытындыны ұсынады. 10. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек дәрiгерi немесе басқа бейiндi маман консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткен бейiндi маманның ұсынымдарына сәйкес консультациялық-диагностикалық қорытындыны алғаннан кейiн пациенттi одан әрi бақылауды жүзеге асырады. 11. Консультациялық-диагностикалық көмектi жүзеге асыратын медициналық ұйымның бейiндi маманы айғақтар болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiппен науқасты стационарлық емдеуге жiбередi. 12. Консультациялық-диагностикалық көмектi жүзеге асыратын медициналық ұйымның бейiндi маманы айғақтары болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және (немесе) анықтама бередi немесе ұзартады, ал еңбекке жарамдылығын тұрақты жоғалтқан жағдайда медициналық-әлеуметтiк сараптамаға жiберу үшiн құжаттарды ресiмдеуге ұсынымдар бередi. 13. Консультациялық-диагностикалық көмектi жүзеге асыратын медициналық ұйымның бейiндi маманы денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысандар, түрлер бойынша, көлемде, тәртiппен және мерзiмде бастапқы медициналық құжаттардың жүргiзiлуiн, есептердiң берiлуiн қамтамасыз етедi.
|