Правила | |
Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстау қағидалары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1421 қаулысымен бекiтiлген
Қазақстан Республикасы 2. Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: сервистiк қызмет субъектiсi – кондоминиум объектiсiн күтiп-ұстау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға; ортақ мүлiк – дара (бөлек) меншiктегi үй-жайлардан басқа, кондоминиум объектiсiнiң бөлiктерi (абаттандыру элементтерiн және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлiктердi қоса алғанда, кiреберiстер, баспалдақтар, лифтiлер, төбелер, шатырлар, жертөлелер, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлiк жүйелер мен жабдықтар, абоненттiк почта жәшiктерi, жер учаскесi); жер учаскесi – тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер аумағы; ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектiлердi) ағымдағы жөндеу – ғимараттың (құрылыстың, жабдықтың, коммуникацияның, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектiлердiң) жарамдылығы мен жұмыс қабiлетiн қалпына келтiру, нормативтiк және техникалық құжаттамаларда белгiленген көлемде шектелген номенклатураның құрамдас бөлiктерiн ауыстыра немесе қалпына келтiре отырып, оның ресурстарын iшiнара қалпына келтiру үшiн орындалатын жұмыс; ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектiлердi) күрделi жөндеу – ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектiлердi) қажет болған жағдайда конструктивтiк элементтерi мен инженерлiк жабдықтар жүйелерiн ауыстыра отырып, оның ресурсын қалпына келтiру, сондай-ақ пайдалану көрсеткiштерiн жақсарту мақсатында жөндеу; кондоминиум объектiсiн күтiп-ұстау – кондоминиум объектiсiн басқару органымен жасасқан шартқа сәйкес сервистiк қызмет субъектiсi iске асыратын ұйымдастырушылық және техникалық iс-шаралар жиынтығы; кондоминиум объектiсiн басқару органы – кондоминиум объектiсiн басқару жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. 3. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауды сервистiк қызмет субъектiсi кондоминиум объектiсiн басқару органымен жасасқан шартқа сәйкес жүзеге асырады. Шарт жасасар алдында үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi сервистiк қызмет субъектiлерiнiң кандидатураларын жалпы жиналыста қарайды және сервистiк қызмет субъектiсiн анықтау туралы хаттама жасайды. 4. Кондоминиум объектiсiн басқару органы үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң кондоминиумның осы объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауға және ағымдағы жөндеуге жұмсалатын жарналары (төлемдерi) аударылатын кондоминиумның әрбiр объектiсiне екiншi деңгейдегi банкте ағымдағы шот және кондоминиумның осы объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге жұмсалатын сомаларды жинақтау үшiн жинақ шотын ашады. 5. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстау: 1) ағымдағы және күрделi жөндеудi сәулет-құрылыс нормаларына, экологиялық талаптар мен нормативтерге, санитарлық-техникалық қызмет көрсету жөнiндегi iс-шараларға сәйкес жүргiзу; 2) коммуналдық қалдықтарды жинау орындарында экологиялық қауiпсiздiк нормаларын сақтау; 3) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн, үйге ортақ инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды, жер учаскесiн ағымдағы техникалық, санитарлық күтiп-ұстау; 4) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу; 5) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн не оның жекелеген құрылыс конструкцияларын, үйге ортақ инженерлiк жүйелер мен жабдықтарын күрделi жөндеу арқылы жүзеге асырылады. 6. Кондоминиум объектiсiн басқару органы мен сервистiк қызмет субъектiсiнiң арасында шарт жасалған кезде қызметтердiң тiзбесiне мынадай жұмыстарды кешендi орындау қамтылады: 1) кондоминиум объектiсiнiң конструкциялары мен инженерлiк жабдықтарының техникалық жай-күйiн жоспарлы және жоспардан тыс тексерiп қарау (газ, лифт жабдықтары мен қоқыс жинағыштарды қоспағанда, оларға тиiстi ұйымдармен жеке шарттар жасалады); 2) қоқыс жинағыштарды, үй маңындағы аумақтарды санитарлық тазарту, қоқысты әкету (кәрiзi жоқ үйлерде – ауладағы дәретхананың қазылған шұңқырларын тазарту, жинау және әктеу); 3) көгалдандыру; 4) жертөлелiк үй-жайлар мен ортақ пайдаланылатын басқа да орындарды дезинфекциялау, дератизациялау, дезинсекциялау; 5) көктемгi-жазғы және қысқы маусымдарға дайындық 6) аварияларды жою; 7) желдеткiш арналары мен түтiндiктердi тазарту; 8) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн ағымдағы жөндеу; 9) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу; 10) ортақ пайдаланылатын орындарда орталық жылыту, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, желдету жүйелерiне қызмет көрсету. 7. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшерiн үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң жиналысында бекiтiледi. 8. Үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi: 1) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн, сондай-ақ жер учаскесiн пайдаланады және басқарады; 2) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiнiң сақталуы мен қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етедi; 3) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысады; 4) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу жүргiзу үшiн ай сайын жинақ шотқа үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң жиналысында айқындалатын, бiрақ тұрғын (тұрғын емес) үй-жайдың пайдалы алаңының бiр шаршы метрiне арналған есеппен республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына арналып белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 0,02 еселенген мөлшерiнен кем болмайтын сомада ақша қаражатын төлейдi; 5) кондоминиум объектiсiнiң жер учаскелерiндегi жасыл екпелердiң сақталуын және өздерiнiң күштерiмен не шарт негiзiнде мамандандырылған кәсiпорындарды жалдау арқылы оларға тиiстi күтiм жасауды қамтамасыз етедi; 6) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн қайта жаңартуды, қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды және конструктивтiк шешiмiн өзгертудi оған рұқсат беру құжаттары болған жағдайда ғана жүргiзедi; 7) кондоминиум объектiсiн басқару органына жеке және заңды тұлғалармен кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiне қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын орындау жөнiнде шарттар жасасуды тапсырады; 8) үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң тексеру комиссиясына кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстау және жөндеу жөнiнде орындалған жұмыстардың сапасын бағалауды тапсырады. 9. Үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi ай сайынғы жинақ сомасын белгiлеудiң алдында кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу немесе оның жеке түрлерiн жүргiзу туралы шешiмдi жиналыста қабылдайды. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу немесе оның жеке түрлерiн жүргiзуге қажеттi сомалар жинақталғаннан кейiн меншiк иелерi жиналыста жинақталған қаражатты жұмсау туралы шешiм қабылдайды. 10. Жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциялары кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеудiң жекелеген түрлерiнiң тiзбесiн, кезеңiн және кезектiлiгiн анықтайды. 11. Үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң жиналысында кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiне күрделi жөндеу жүргiзуге арналған шығыстар сметасы бекiтiлгеннен кейiн сервистiк қызмет субъектiлерi кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу немесе оның жеке түрлерiн жүргiзуге кiрiседi. Тұрғын үй инспекциялары кондоминиум объектiсiн басқару органы ұсынған, тұрғын үй көмегiнiң қатысуымен қаржыландырылатын кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеудiң жекелеген түрлерiн жүргiзуге арналған шығыстар сметасына келiсiм бередi. 12. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеу бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау үшiн кондоминиум объектiсiн басқару органы мен тұрғын үй инспекциясы өкiлдерiнiң қатысуымен комиссия құрылады. 13. Кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстаған кезде жалпы жиналыста үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң көпшiлiк дауысының шешiмi бойынша тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) iргелес жатқан аумақты мақсаты бойынша пайдаланбауға және ағаштар мен бұтақтарды қайта отырғызуға немесе шабуға рұқсат етiледi. Тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлар мен тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау мен қайта жоспарлауды үй-жай иесiнiң келiсiмiмен және жобаның құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келуiне жауап беретiн жеке немесе заңды тұлға орындаған жоба болған жағдайда жүзеге асыруға болады. Жобаның мiндеттi талаптарға сәйкестiгiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган растайды. Үй-жайларды (пәтерлердi) өзгерткен (қайта жабдықтаған, қайта жоспарлаған) кезде тұрғын үй-жайлар (пәтерлер) меншiк иелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң мiндеттi жазбаша келiсiмi, мынадай: өзгерiстер тiреуiш конструкцияларын қозғаған; өзгерiстер ортақ мүлiктi қозғаған жағдайларда талап етiледi. Жоғарыда аталған өзгерiстер өзгертiлетiн үй-жайлармен (үй бөлiктерiмен) жапсарлас басқа да үй-жайлар (үй бөлiктерi) меншiк иелерiнiң ғана мүдделерiн қозғаған жағдайда, тек аталған адамдардың ғана жазбаша келiсiмiн алу талап етiледi. 14. Қайта жоспарлауды және қайта жабдықтауды қоса алғанда, меншiк иесiнiң үй-жайды ортақ мүлiкке қауiп төндiретiн немесе оны нашарлататын жұмыстар жүргiзумен байланысты өзгертуiне тыйым салынады. 15. Үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi тiкелей қызмет көрсетушiмен не кондоминиум объектiсiн басқару органымен жасалған шарттың негiзiнде үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiнiң жалпы жиналысы кондоминиум объектiсiн басқару органы қызмет көрсетушiмен мұндай шарт жасасуы туралы шешiм қабылдаған жағдайда, үйге ортақ мұқтаждарға пайдаланылатын коммуналдық қызметтер үшiн шығыстарды көтередi. 16. Үйге ортақ мұқтаждарға жұмсалатын коммуналдық қызметтер саны үйге ортақ есепке алу құралдары көрсеткiштерiнiң негiзiнде, ал олар болмаған жағдайда – белгiленген қуат бойынша не табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар саласында басшылықты жүзеге асырушы мемлекеттiк орган бекiткен тұтыну нормалары бойынша анықталады. |