Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы КЕЛІСІМ ЖОБАСЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 11 маусымдағы N 823 Жарлығымен МАҚЎЛДАНҒАН
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 11 маусымдағы N 823 Жарлығымен МАҚЎЛДАНҒАН
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы КЕЛІСІМ ЖОБАСЫ
Одан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер, 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын, 2002 жылғы 7 маусымдағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісімді және 2005 жылғы 5 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасын басшылыққа алып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау саласында Тараптардың ынтымақтастығы терроризмге қарсы күрес тиімділігін көтеру үшін маңызды мәнге ие екенін ескеріп, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрларды тиімді даярлауды қамтамасыз ету мақсатында, ұлттық заңнаманы және халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларын басшылыққа алып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін қолданылатын ұғымдар: терроризмге қарсы құралымдар - терроризмге қарсы іс-шаралар өткізу үшін әрбір Тараптың оның заңнамасына сәйкес құралатын мамандар тобы; кадрлар - сұрау салған Тараптың терроризмге қарсы құралымдарында қызмет өткеріп жатқан мамандар мен нұсқаушылар; оқып-үйренуші - даярлықтан өтіп жатқан тұлға; оқытушы - оқып-үйренушіге білімді, шеберлікті және тәжірибені беруді жүзеге асырушы және тиісті біліктілігі бар тұлға; даярлау - кәсіптік қайта даярлауды кәсіптік білім бағдарламасы бойынша оқыту, оқып-үйренушінің біліктілігін көтеру немесе білім деңгейін көтермей кәсіптік даярлау; сұрау салынатын Тарап - өзінің кадрларын даярлауға көмек көрсету туралы сұрау салынған Тарап; сұрау салушы Тарап - өзінің кадрларын даярлауға көмек көрсету туралы сұрау салатын Тарап; қабылдаушы Тарап - аумағында кадрларды даярлау өткізілетін Тарап; жіберуші Тарап - қабылдаушы Тарап аумағында даярлау үшін өзінің кадрларын жіберетін Тарап; транзит Тарапы - аумағы арқылы оқып-үйренушілерді және/немесе оқытушыларды, сондай-ақ даярлық өткізілетін жерге және қайтар жолға қамтамасыз ету материалдарын өткізу жүзеге асырылатын Тарап; оқу бөлімшелері - белгіленген тәртіпте кадрларды даярлауды жүзеге асыратын оқу орындары, оқу орталықтары, құрылымдық бөлімшелер; қамтамасыз ету материалдары - оқу құралдары, оқу-сыныптық заттар, зертханалық құрал жабдықтар, кару-жарақ, әскери және арнайы техника, практикалық оқудың техникалық құралдары, сондай-ақ оқу жоспарларына және оқу бағдарламаларына сәйкес кадрларды даярлау үшін қажетті шығыс материалдары мен басқа да құрал жабдықтар; Бағдарлама - Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті әзірлейтін үш жыл мерзімге арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау бағдарламасы.
2-бап
Тараптардың кадрларын даярлауды Тараптардың құзыретті органдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқару комитетінің көмегімен және үйлестіруімен мына мақсатта жүргізеді: терроризмге қарсы күрес саласында практикалық білімді, шеберлікті және дағдыны жетілдіру; арнайы терроризмге қарсы, соның ішінде бірлескен іс-шараларды өткізудің қазіргі тактикалық амалдарын меңгеру; жеке арнайы даярлықтың деңгейін көтеру; терроризмге қарсы құралымдар қызметінің тәжірибесімен алмасу.
3-бап
Кадрларды даярлау қабылдаушы Тараптың оқу орындарында не сұрау салынатын Тараптың оқытушыларын сұрау салушы Тараптың аумағына жіберу жолымен жүзеге асырылады. Тараптардың келісімі бойынша қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарының құрылымдық бөлімшелерінде тағлымдамадан өту үшін өздерінің кадрларын жіберуі мүмкін.
4-бап
Кадрларды даярлау Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің шешімімен бекітілетін Бағдарламаға және/немесе екі жақты келісімге сәйкес жүзеге асырылады. Кадрларды даярлау жөніндегі шығыстарды қаржыландыру қабылдаушы және жіберуші тараптардың құзыретті органдары арасындағы шарттар (келісімдер) негізінде жүзеге асырылады.
5-бап
Тараптардың құзыретті органдары жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей, даярлық жылынан бұрын, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетіне мамандықтары бойынша оқып-үйренушілердің саны, даярлық өткізудің мерзімдері және/немесе оқытушылар саны, оларды іссапарға жіберу мерзімдері, сабақ тақырыптары, сондай-ақ даярлыққа қатысы бар басқа да ақпараттар көрсетілетін, өзінің кадрларын даярлауды ұйымдастыру жөніндегі сұрау салу жібереді. Сұрауға Тараптардың құзыретті органдарының басшысы және/немесе оның орнындағы адам қол қояды және/немесе осы органның елтаңбалық мөрімен куәландырылады.
6-бап
Тараптардың құзыретті органдары даярлық жылынан бұрынғы жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетіне даярлықтың бағдарламалары және ұйымдастыру жоспарлары; даярлық пәндері мен мазмұндары; оқып-үйренушілерге қойылатын талаптар; оқып-үйренушілер саны; даярлық күндері мен мерзімдері; шығыстар сметасы; оқып-үйренушілердің даярлық орнына келу және олардың қайту жолдарының шарттары туралы хабарлайды.
7-бап
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті белгіленген тәртіпте Тараптардан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстар негізінде даярлық жылынан бұрынғы жылдың 1 наурызынан кешіктірмей кадрларды даярлауды ұйымдастыру жөніндегі мүмкіндіктер мен осы мақсатқа кететін болжамды шығыстар туралы ұсынысты әзірлейді және қарау үшін таратады.
8-бап
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті мыналарға: сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрау салынатын Тараптың даярлықты ұйымдастыру және өткізу шарттары туралы ақпаратының жіберілуіне, сондай-ақ сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының сұрау салынатын Тарапқа өтініштер беруіне; Тараптардың құзыретті органдарымен даярлықты өткізудің уақыты мен орнын, оқылатын пәндердің және олардың мазмұнын, оқып-үйренушілердің санын, шығыстардың сметасы мен басқа да мәселелерді келісуге; келісу барысында келіспеушіліктер мен даулар туындаған кезде сұрау салынатын және сұрау салушы Тараптардың құзыретті органдарының іс-қимылдарына көмек көрсетеді және үйлестіреді.
9-бап
Кадрларды даярлау туралы келісімшарт (шарт) жіберуші Тараптың құзыретті органы мен қабылдаушы Тараптың құзыретті органының тиісті оқу бөлімшесі арасында оқу жылынан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанына дейін жасалады. Келісімшартта (шартта) мыналар көрсетіледі: 1) оқу бағдарламасының және/немесе оқу жоспарының атауы; 2) даярлықты өткізу мерзімдері; 3) оқып-үйренушілер және/немесе оқытушылардың саны; 4) оқып-үйренушілерге қойылатын талаптар; 5) мыналармен: а) оқытушылармен (оқып-үйренушілер үшін); б) оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес кадрларды даярлау үшін қажетті қамтамасыз ету материалдарымен; в) кадрларды даярлау үшін қажетті кітапханаларды, оқу және спорт залдарын, басқа да үй жайларды және аумақтарды пайдалану; г) аудармашылық қызмет көрсетулермен; д) медициналық қамтамасыз етумен; е) оқу мақсаттары үшін көлікпен; ж) тұрғын үй-жайлармен және азықпен оқып-үйренушілерді және/немесе оқытушыларды қамтамасыз ету шарттары; 6) оқып-үйренушілердің және/немесе оқытушылардың даярлық орнына бару және қайту жолының шарттары; 7) жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері және/немесе оқытушылары қабылдаушы Тараптың аумағына кіру/шығу және онда болу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібі; 8) кадрларды даярлау үшін ақы төлеудің тәртібі, мерзімдері және шарттары; 9) оқып-үйренушіні мерзімінен бұрын шығару үшін негіздеме; 10) жіберуші Тараптың оқып-үйренушілердің және қабылдаушы Тарап оқытушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыруы; 11) дауларды шешу тәртібі; 12) басқа да қажетті деректемелер.
10-бап
Даярлық аяқталған соң оқу бағдарламасын толық көлемде меңгерген оқып-үйренушіге оқу бөлімшелері даярлықтан өткені туралы құжат береді.
11-бап
Кадрларды даярлау жөніндегі келісімшарт (шарт) аяқталған соң жіберуші және қабылдаушы Тараптардың құзыретті органдары өздерінің қорытындыларымен және ұсыныстарымен қоса даярлықтың өткізілу нәтижелері туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетін хабардар етеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті жыл қорытындысы бойынша келіп түскен құжаттарды қорытындылайды және белгіленген тәртіпте Тараптардың құзыретті органдарын хабардар етеді.
12-бап
Мемлекеттік шекаралар арқылы өту, сондай-ақ оқып-үйренушілерді даярлау үшін қажетті қамтамасыз ету материалдарын Тараптардың аумақтары бойынша транзиттеу мүдделі Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген, кеден алымдары мен өзге де төлемдерден босатылатын, тексеріп қарауға, алып қоюға және тәркілеуге жатпайтын қамтамасыз ету материалдары тізбесі негізінде жүзеге асырылады. Қамтамасыз ету материалдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізу, сондай-ақ Тараптардың аумағы бойынша транзиттеу кезінде Тараптар оларды заңнамамен белгіленген тиісті рәсімдеуді жедел орындауға жәрдемдеседі.
13-бап
Тараптар жіберуші Тараптың оқып-үйренушілеріне және оқытушыларына Тараптардың мемлекеттік шекараларынан өту үшін тиісті құжаттарды ресімдеуге өзара көмек көрсетеді.
14-бап
Жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері және/немесе оқытушылары даярлық кезеңінде және даярлық орнына бару және қайту жолында қабылдаушы Тараптың, сондай-ақ транзит Тарапының заңдарын сақтайды және әдет ғұрыптарын құрметтейді.
15-бап
Қабылдаушы Тарап пен транзит Тарапы жіберуші Тараптың оқып-үйренушілерінің және оқытушыларының құқықтық жағдайын құрметтейді.
16-бап
Жеке не заңды тұлғаға немесе қабылдаушы Тараптың өзіне жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері мен оқытушылары залал келтірген жағдайда мұндай залалды қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жіберуші Тарап өндіріп береді. Даярлық барысында жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері мен оқытушыларының өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды қабылдаушы Тарап өз азаматтарына қатысты өзінің заңнамасында көзделген тәртіппен өндіріп береді. Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың қандай да болмасын, соның ішінде жіберуші Тараптың оқып-үйренушілерінің немесе оқытушыларының олар қабылдаушы Тарап аумағында болған кезеңдегі өліміне, тән жарақаттарына байланысты залалды немесе өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген кез-келген басқа да залалды, егер мұндай залал жіберуші Тараптың оқып-үйренушісінің өзінің немесе оқытушысының кінәсінен даярлық барысында келтірілген болса, өтеуге қатысты кінәрат-талаптарынан бас тартады. Бұл ретте оқып-үйренушілерге, оқытушыларға және олардың отбасы мүшелеріне олардың Тараптарында заңнамамен белгіленген жеңілдіктер, кепілдер мен өтемақылар толық көлемде сақталады.
17-бап
Осы Келісімнің 16-бабында көзделмеген жағдайларда қабылдаушы Тарап аумағында оқып-үйренушілердің, оқытушылардың өмірі мен денсаулығына келтірілген залал мүдделі Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша өндіріп алынады.
18-бап
Оқу материалдары мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуына, толық немесе ішінара жоюылуына байланысты шығыстарды қоса алғанда, қабылдаушы Тарап келтірген шығыстарды өндіріп алу тәртібі мүдделі Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді. Әкелінген арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуына, толық немесе ішінара жоюылуына байланысты шығыстарды қоса алғанда, жіберуші Тарап келтірген шығыстарды өндіріп алу тәртібі мүдделі Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді.
19-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелерінің түсіндірілуіне немесе қолданылуына байланысты даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.
20-бап
Осы Келісім Тараптардың өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне қол сұқпайды.
21-бап
Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланды.
22-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша хаттама ретінде ресімделіп, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
23-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер орындалғаннан кейін отыз күн ішінде Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдар туралы жазбаша нысанда осы Келісімнің депозитарийлерін хабардар етеді. Құзыретті органдар және/немесе олардың атаулары өзгерген жағдайда Тараптар он бес күн ішінде бұл жөнінде осы Келісімнің депозитарийлерін хабардар етеді. Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты Шанхай ынтымақтастық ұйымының құзыретті органы Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік терроризмге қарсы құрылымы болып табылады.
24-бап
Осы Келісімнің депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойған күннен бастап он бес күн ішінде оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жолдайды. Депозитарий Тараптардан оның осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес күн ішінде бұл жөнінде басқа Тараптарға хабарлайды.
25-бап
Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конпенциясының қолданылу мерзіміне жасалады және депозитарий Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысандағы төртінші хабарламаны алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекеттер үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оның қосылғаны туралы құжатты алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Тараптарға қатысты 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының қолданысының тоқтатылуы осы Келісімнің қолданысының өз-өзінен тоқтатылуына әкеп соғады.
____________ _____________ қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды және де екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасы үшін
Қытай Халық Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
|