Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңы
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы
МАЗМЎНЫ
Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу саласындағы мақсаттарды, міндеттер мен құқықтық негіздерді айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басым мүдделер - осы Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және мемлекеттік тіркеусіз жарамды деп танылатын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары);
2) бұрын туындаған құқық (құқықтар ауыртпалығы) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы);
3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), оның ішінде бұрын туындаған құқықтарды есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) тіркеу;
4) жеке сервитут - үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісін иеленуіне байланысты емес белгілі бір адамның пайдасына сервитут;
5) жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;
6) жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) - осы Заң мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі;
7) жылжымайтын мүліктің бастапқы объектісі - әр түрлі функционалдық мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, сондай-ақ ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері;
8) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі - құқықтарды тіркеу мақсатында меншіктің жеке (бөлек) құқық (өзге де заттық құқық) объектілері ретінде оларға кадастрлық нөмірлер берілетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар;
9) жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы - Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеу;
10) жылжымайтын мүлік объектісін қалыптастыру - жылжымайтын мүлік объектісінің бірегей сәйкестендіру сипаттамаларын белгілеу және оған кадастрлық нөмір беру процесі;
11) қызмет ететін жылжымайтын мүлік объектісі - сервиттутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлік объектісі;
12) жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары - жылжымайтын мүліктің орналасқан жерін, түрін, кадастрлық нөмірін, меншік нысанын, құрамдастарының санын, жерлерінің, санаттарын, бөлінуін, нысаналы мақсатын, қабатын, ауданын (жалпы, тұрғын, пайдалы) қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтер;
13) заңдық талаптар - жылжымайтын мүлікке құқықтарға, онымен жасалатын мәмілелерге қатысты үшінші тұлғалардың даулауы не мүддесінің бар екендігін айғақтайтын заңдық фактілер;
14) кадастрлық нөмір - жылжымайтын мүлік объектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке, қайталанбайтын нөмірі;
15) кондоминиум объектісі - жер учаскесінен (жер учаскелерінен), бастапқы және кейінгі объектілерден тұратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке меншік белгіленетін кондоминиум нысанындағы мүліктік кешен;
16) құқық белгілейтін құжаттар - солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар;
17) құқықтық кадастр - жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың және онымен жасалатын мәмілелердің, азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, "өзен-теңіз" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар туралы мәліметтердің бірыңғай мемлекеттік тізілімі;
18) бұрын туындаған құқықтарды құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер олар туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) есептік тіркеу;
19) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;
20) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру - үйлердің, ғимараттардың және олардың құрамдастарының құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын айқындау;
21) мемлекеттік тіркеу объектісі - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар мен құқықтар ауыртпалықтары, мәмілелер, сондай-ақ заңдық талаптар;
22) өтініш беруші - құқық иесі, сатып алушы және мүддесі үшін мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын өзге де адамдар;
23) өтініш берушінің уәкілетті өкілі - өтініш берушінің атынан өтініш беретін және сенімхатқа, заңнамаға, соттың шешіміне не құқықтық актіге негізделген өкілеттіктерге орай мемлекеттік тіркеуге байланысты өзге де әрекетті жүзеге асыратын адам;
24) сервитут - бөтен жер учаскесін және (немесе) жылжымайтын мүліктің басқа да объектісін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану және өзге де қажеттер үшін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы;
25) техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат;
26) тіркеу ісі - құқықтық кадастрдың мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін объектілік принцип бойынша сақтау жүзеге асырылатын бөлігі;
27) тіркеуші орган - мемлекеттік тіркеуді жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жүзеге асыратын аумақтық әділет органдары;
28) уәкілетті орган - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мен мемлекеттік техникалық зерттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
29) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе жылжымайтын мүліктің өзге де объектісінің пайдасына сервитут - басқа, әдетте, көрші жылжымайтын мүлік меншік иесінің (өзге құқық иесінің) пайдасына оның қажеттіктерін қанағаттандыру үшін, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, су жүргізу және басқа да мақсаттар үшін белгіленетін сервитут;
30) үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісі - меншік иесінің (өзге құқық иесінің) бөтен жылжымайтын мүлікті шектеулі нысаналы пайдалану құқығы (сервитуты) бар жылжымайтын мүлік объектісі.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жөніндегі қатынастарға қолданылады.
2. Азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне,»"өзен-теңіз" жүзу кемелеріне құқықтарды (ауыртпалықтарды) жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық авиация, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі саласындағы заңдарымен реттеледі.
3-бап. Мемлекеттік тіркеу объектілері
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) және онымен жасалатын мәмілелердің туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы, сондай-ақ заңдық талаптар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Осы Заңның 6-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда белгіленген тәртіппен осындай құқық тіркелмейінше, жылжымайтын мүлікке құқықты беру де, оның ауыртпалығы да, өзгеруі немесе тоқтатылуы да құқықтық кадастрда тіркелмейді.
4-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
Жылжымайтын мүлікке мынадай құқықтар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады:
1) меншік құқығы;
2) шаруашылық жүргізу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
4) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
5) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына кемінде бір жыл мерзімге сервитуттар. Өзге құқықтар құқық иеленушілердің қалауы бойынша тіркелуі мүмкін. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәмілелер құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге жатады.
5-бап. Жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалықтарын мемлекеттік тіркеу
Жылжымайтын мүлікке құқықтардың мынадай ауыртпалықтары құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады:
1) кемінде бір жыл мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде жалға беру, өтеусіз пайдалану, сервитуттар, өмір бойы қарауында ұстау құқығы;
2) сенімгерлікпен басқару құқығы, оның ішінде қорғаншылық, қамқоршылық кезінде, мұралық құқық қатынастарында, банкроттықта және басқаларында сенімгерлікпен басқару құқығы;
3) кепіл;
4) тыйым салу;
5) мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде жылжымайтын мүлікті пайдалануға, оған билік етуге немесе белгілі бір жұмыстарды орындауға шектеу қоюы (тыйым салуы);
6) басым мүдделерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жылжымайтын мүлікке құқықтардың өзге ауыртпалықтары.
6-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) өзгерістерін мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлік объектісінің құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі;
2) құқықтық кадастрдың тіркеу парағында қамтылған құқық иесі туралы мәліметтердің өзгеруі;
3) заңнамалық актінің негізінде құқық түрінің өзгеру жағдайын қоспағанда, құқық түрінің өзгеруі;
4) егер олар тіркеу парағында қамтылған мәліметтерге қатысты болса, жылжымайтын мүлік объектісіне белгіленген құқықтардың көлеміне әсер етсе немесе олар тараптардың келісімі бойынша тіркелуге тиіс болса, шарттар талаптарының өзгеруі жатады;
5) егер, бұл осы Заңда, өзге де заңнамалық актілерде немесе тараптардың келісімінде көзделсе, өзге өзгерістер құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады. Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-бап. Мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызы
1. Осы Заңның 4, 5 және 6-баптарына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу сәті болып өтініш берген сәт танылады.
2. Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының тиісті қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес туындайды.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, олар тіркелгеннен кейін жасалған деп есептеледі.
4. Бұрын туындаған құқықтар осы Заңның 6-тарауында көзделген тәртіппен құқықтық кадастрда есептік тіркеуге жатады.
5. Жеке тіркелетін немесе жер учаскелеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеумен бірге тіркелетін бастапқы және кейінгі объектілерге құқықтарды қоспағанда, жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде бір мезгілде жер учаскесімен тығыз байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркелген болып есептеледі.
6. Жылжымайтын мүліктің бір ғана сол объектісіне бірнеше құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) арасындағы басымдықтарды белгілеу кезінде мына ережелерді негізге алу қажет:
1) осы Заңның 4 және 5-баптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) тіркелмегендердің алдында басымдыққа ие болады;
2) жылжымайтын мүлікке бұрын пайда болған құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) басымдығы құқықтары туындаған күн бойынша азаматтық заңнамаға сәйкес белгіленеді.
7. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді енгізген сәттен бастап құқықтық кадастр және құқық белгілейтін құжат жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді растайтын бірден-бір ақпарат көзі болып табылады. Құқықтық кадастрда және құқық белгілейтін құжатта қамтылатын мәліметтерде алшақтықтар болған жағдайда, басымдық алшақтықтың мәні ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
8-бап. Басым мүдделер
Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын басым мүдделер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жалпы ережелер мен тыйым салулар ретіндегі ауыртпалықтар;
2) нормативтік құқықтық актілердің негізінде туындайтын құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), оның ішінде жалпыға қолжетімді жабық емес жер учаскелерінде болу және олардан жаяу өту құқығы, жария сервитуттар;
3) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
4) бөтен жылжымайтын мүлікті бір жылдан аз мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде бір жылдан аз мерзімге жалдау, өтеусіз пайдалану құқығы, сервитуттар;
5) электр желілеріне, телефон және телеграф желілеріне және бағандарға, құбырларға, геодезиялық нүктелерге және қоғамдық қажеттіктермен шарттастырылған басқа да коммуникациялық желілерге адамдардың қол жеткізу және көлік өту құқығы;
6) иелену мерзімінің ескіруіне орай іс жүзіндегі иесінің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын белгіленген тәртіппен танығанға дейін құқық иесі болып табылмайтын адамдардың жылжымайтын мүлікті іс жүзінде иеленуі;
7) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы немесе жергілікті атқарушы органдардың жеке меншік тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы болып табылады.
9-бап. Мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімі
1. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адам құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілеуші құжаттар берілген сәттен бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге тиіс.
2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді бұзуы Қазақстан Республикасының заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. (Алып тасталды - ҚР-ның 2009.04.22. N 151-IV Заңымен). Ескерту. 9-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008.04.23 N 4 Нормативтік қаулысымен. Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2009.04.22. N 151-IV Заңымен.
10-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін алым алу
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
2-тарау. ҚЎҚЫҚТЫҚ КАДАСТР
11-бап. Құқықтық кадастрды жүргізу
1. Құқықтық кадастрды тіркеуші органдар жүргізеді және онда жылжымайтын мүлікке қолданылатын және тоқтатылған құқықтар және тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары, құқық иелері туралы мәліметтер, құқықтық кадастрдың мәліметтеріне бар сұрау салулар туралы ақпарат қамтылады. Құқықтық кадастр тіркеуші органға оларды тіркеуге уәкілетті органдар берген азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне,»"өзен-теңіз" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді де қамтиды.
2. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және құқықтық кадастрды жүргізуге қажетті басқа да сипаттамаларын ескере отырып жүзеге асырады.
3. Құқықтық кадастрдағы барлық жазбалар жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне және оларға теңестірілген объектілерге жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектілері кадастрлық нөмірмен сәйкестендіріледі. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді, жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы барлық жазбаларды тіркеуші орган құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді. Құқықтық кадастрдың бірыңғай ақпараттық жүйесін уәкілетті органқалыптастырады. Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесін жүргізудің және пайдаланудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Мемлекеттік органдардың құқықтық және өзге де кадастрларды жүргізу мақсатында ақпарат алмасуы жөніндегі өзара іс-қимылының тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
12-бап. Құқықтық кадастрдың құрамы
Құқықтық кадастр:
1) тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабынан;
2) тіркеу кітабынан;
3) құқықтық кадастрдан мәліметтер беруге сұрау салуларды есепке алу кітабынан;
4) тіркеу істерінен;
5) азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, "өзен-теңіз" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді есепке алу кітабынан;
6) ақпараттық жүйеден тұрады.
13-бап. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабы
1. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабын тіркеуші органдар жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және өзге де тіркеу объектілерін мемлекеттік тіркеуге берілген өтініштердің арасындағы басымдықты есепке алу және белгілеу мақсатында жүргізеді.
2. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына енгізілген өтініштердің арасындағы басымдық мемлекеттік тіркеуге өтініш берілген күні, сағаты және минуты бойынша белгіленеді.
3. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабының нысанын, мазмұнын және жүргізілу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
14-бап. Тіркеу кітабы
1. Тіркеу кітабы жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарынан тұрады. Жекелеген тіркеу парақтары жылжымайтын мүліктің мынадай объектілеріне:
1) жер учаскесіне;
2) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісіне;
3) онда орналасқан бастапқы жылжымайтын мүлік объектілерімен бірге жер учаскесіне толтырылуы мүмкін.
2. Тіркеу парағы мынадай төрт бөлімнен тұрады:
1) осы баптың 1-тармағында көрсетілген жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары;
2) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе жылжымайтын мүліктің басқа объектісінің пайдасына белгіленетін сервитуттар бөлініп көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтардың тізілімі;
3) кепіл бөлініп көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтар ауыртпалықтарының, сондай-ақ жылжымайтын мүліктен туындайтын міндеттемелердің тізілімі;
4) заңдық талаптардың және жылжымайтын мүлікке құқықтардың немесе құқықтар ауыртпалықтарының туындауына әкеп соқпайтын мәмілелердің тізілімі.
3. Тіркеу парағына жазбаларды енгізудің нысаны мен тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
15-бап. Тіркеу ісі
1. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеу ісі әрбір жер учаскесіне жеке жүргізіледі және құқық белгілейтін және тіркеуге берілген өтінішке қоса тіркелген басқа да құжаттардың көшірмелерін, соның ішінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының, жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттардың көшірмелерін, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің осы объектісіне немесе оның құқық иелеріне қатысты тіркеуші органның құжаттарын қамтиды.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектісінің әрбір кейінгі объектісіне жеке тіркеу ісі жүргізіледі.
3. Қажет кезде, жылжымайтын мүліктің бірнеше бастапқы объектісі орналасқан жер учаскесіне тіркеу ісі бірнеше том болып жүргізіледі.
16-бап. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабы
1. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабын тіркеуші органдар келіп түсетін сұрау салуларды және құқықтық кадастрдан берілген ақпаратты есепке алу мақсатында жүргізеді.
2. Құқықтық кадастрдан ақпарат беруге сұрау салуларды есепке алу кітабының нысанын, мазмұнын және жүргізілу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
17-бап. Құқықтық кадастрдан мәліметтер беру
1. Құқық иесінің сәйкестендіру деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің аты мен туған күнін, заңды тұлғаның атауы мен тіркеу нөмірін) қоспағанда, азаматтар және басқа да құқық иелері туралы ақпаратты ашатын мәліметтер (дербес деректер) берілмейді.
2. Құқықтық кадастрдың тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері сот, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың дәлелді сауалдары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген олардың құзыретіне сәйкес беріледі. Өзге адамдарға аталған ақпарат құқық иесінің келісімімен беріледі.
3. Жеке немесе заңды тұлғаның онда бар жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтары туралы жинақталған, тіркеуші орган растаған деректер құқық иесінің (уәкілетті өкілдің), құқық қорғау, сот органдарының, іс жүргізіліп жатқан қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот орындаушыларының, салық органдарының, нотариустардың, мұрагерлердің, банкроттық рәсімдеріндегі конкурстық және оңалтушы басқарушылардың, қорғаншы және қамқоршы органдардың сауалдары бойынша беріледі.
4. Құқықтық кадастрдан ақпаратты, сондай-ақ құқықтық кадастрдың тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелерін тіркеуші орган ақпарат алуға сұрау салу берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
5. Құқықтық кадастрдан ақпарат беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3-тарау. ҒИМАРАТТАРДЫ, ҚЎРЫЛЫСТАРДЫ ЖЈНЕ (НЕМЕСЕ) ОЛАРДЫЅ ҚЎРАМДАСТАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУ
18-бап. Ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексерудің маңызы және түрлері
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеудің қажетті шарты ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеру болып табылады.
2. Ғимараттарды, құрылыстарды және/немесе олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеруді жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік техникалық тексеру бастапқы және кейінгі зерттеуді, сондай-ақ ғимараттарға, құрылыстарға немесе олардың құрамдастарына кадастрлық нөмір беруді қамтиды. Бастапқы тексеру жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жүргізіледі. Жылжымайтын мүлік объектісін бастапқы тексеру нәтижелері бойынша техникалық паспорт жасалады. Кейінгі тексеру ғимараттарды, құрылыстарды немесе оның құрамдастарын реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау нәтижесінде олардың техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде, осындай сипаттамалардың өзгеруі техникалық паспортта кейінгі тексеру жүргізбестен көрсетілуі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, оның ішінде кадастрлық нөмірі, орналасқан жері өзгерген кезде жүргізіледі. Кейінгі тексерудің нәтижелері бойынша анықталған өзгерістер көрсетілетін техникалық паспорт ресімделеді.
4. Мемлекеттік техникалық тексеруді жүргізудің тәртібі мен мерзімін, бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмір беру тәртібін, сондай-ақ техникалық паспорттың нысанын уәкілетті орган айқындайды.
19-бап. Мемлекеттік техникалық тексеру үшін ақы
Ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық тексеру үшін ақы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады және оны ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын техникалық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар алады.
4-тарау. ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІККЕ ҚЎҚЫҚТАРДЫ ЖЈНЕ ОНЫМЕН ЖАСАЛАТЫН МЈМІЛЕЛЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ТЈРТІБІ
20-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүргізу тәртібі
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі: V075021
1) мемлекеттік тіркеу үшін осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды қабылдау;
2) жасалатын мәміленің және (немесе) жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтары) туындауына, өзгеруіне, тоқтатылуына негіз болып табылатын өзге де заңдық фактілердің (заңдық құрамдардың) заңдылығын немесе мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін тексеруді қоса алғанда, мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеру;
3) тіркеу парағына жүргізілген тіркеу не осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеуден бас тарту немесе оны тоқтата тұру туралы жазба енгізу;
4) құқық белгілейтін құжатта жүргізілген мемлекеттік тіркеу туралы жазба жасау;
5) жүргізілген тіркеу туралы белгісі бар құқық белгілейтін құжатты, не осы Заңда көзделген негіздер бойынша мемлекеттік тіркеуден бас тарту немесе оны тоқтата тұру туралы құжатты беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру.
21-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге құжаттар қабылдау
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу құқық иесінің, мәміле тараптарының (қатысушыларының), мемлекеттік органның (оның уәкілетті өкілінің) немесе өзге де уәкілетті адамдардың тіркеуші органға берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі және мынадай құжаттарды:
1) белгіленген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;
2) жылжымайтын мүлікке техникалық паспортты және (немесе) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса бере отырып, құқық белгілейтін және тіркеу объектісін растайтын өзге де құжаттарды;
3) өтініш берушінің (жеке тұлғаның) және өтініш берушінің уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін;
4) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге алым төлегенін растайтын құжатты;
5) осы Заңда көзделген өзге де құжаттарды ұсынуға тиіс.
3. Заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа құрылтай құжаттарын ұсынады. Өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде не құрылтай құжаттарында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуға немесе иеліктен айыруға құрылтайшылар (қатысушылардың, директорлар кеңесінің, акционерлер кеңесінің) жиналыстарының хаттамаларын (олардан үзінділер) ұсынады. Шетелдік заңды тұлғалар сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді немесе шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі нотариат куәландырған аудармасымен ұсынады.
3-1. Егер тіркелуге берілген өтініште сатып алынатын немесе сатылатын активтердің жиынтық баланстық құны Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген мөлшерден асып кеткендігі туралы мәліметтер бар болса, онда өтініш беруші осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген құжаттармен қатар монополияға қарсы органның алдын ала жазбаша келісімін табыс етеді.
4. Егер мәмілені нотариат куәландырмаса, онда тіркеуші орган мәмілені жасаған адамдардың (олардың уәкілетті өкілдерінің) қойылған қолдарының растығын, олардың іс-әрекетке қабілеттілігін (құқықтық қабілеттілігін), сондай-ақ олардың ерікті түрде жасалғандығын тексеруге міндетті.
5. Бір ғана сол жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты бір ғана сол құқықты (құқық ауыртпалығын) мемлекеттік тіркеуге бірнеше өтініш болған кезде өтініштің басымдығы осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалады. Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.25 N 113-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
22-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беру
1. Құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) нотариат тәртібімен куәландырылған мәміле негізінде туындаған жағдайда, тіркеу мәміленің кез келген тарапының (қатысушысының) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) шарттың немесе өзге де мәміленің негізінде туындаған жағдайда оларды нотариат куәландырмаған кезде өтінішті мәміленің барлық қатысушылары белгіленген тәртіппен беруге тиіс.
3. Тіркеу туралы өтініш тіркеуші органға почта байланысы бойынша мынадай:
1) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік уәкілетті органдарға берілетін өтініштер (өтініш жасау, қолдаухаттар, талап-арыздар) негізінде туындайтын заңдық талаптарды тіркеген;
2) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік органдардың актілері негізінде туындайтын ауыртпалықтарды немесе заңдық талаптарды тіркеген жағдайларда жіберілуі мүмкін.
4. Ортақ бірлескен меншік құқығының туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеген кезде тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар не олардың біреуі қалған қатысушылардың нотариат тәртібімен куәландырған келісімін ұсына отырып беруі мүмкін. Мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті құқық иелерінің біреуі қалғандарының келісімінсіз осы баптың 5-тармағы екінші бөлігінде көзделген жағдайда да беруі мүмкін.
5. Ортақ үлестік меншік құқығының (өзге ортақ құқықтың) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар (уәкілетті өкілдер) беруі тиіс. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе заңды тұлғаның атауы, тіркеу нөмірі өзгерген кезде өзгерістерді тіркеу туралы өтінішті осындай өзгерістердің оған қатысы бар құқық иесі беруі мүмкін. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, ортақ үлестік меншіктегі үлеске қатысты мәмілелер жасалған кезде өтініш қалған құқық иелерінің басым сатып алу құқығы сақтала отырып, белгіленген тәртіппен беріледі.
6. Деректері құқық белгілеуші құжатта көрсетілмеген жұбайының біреуінің құқығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес неке жасына жеткен мәмілеге қатысушы тіркеуге берілген өтініште оның неке қатынастарында тұрғаны туралы фактінің жоқ екендігі туралы мәліметтерді не неке қатынастарының бар екендігін растайтын құжатының көшірмесін қоса бере отырып өзінің жұбайы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс.
6-1. Егер сатып алынатын немесе сатылатын активтердің жиынтық баланстық құны Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасында белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда өтініш беруші мұндай мәліметтерді тіркелуге берілген өтініште көрсетеді.
7. Бір құқық белгілейтін құжат екі немесе одан да көп мемлекеттік тіркеу объектілерін қамтыған жағдайда өтініш берушіге өтініште тіркеудің барлық объектілерін көрсетуі қажет немесе мүдделі адамдар мемлекеттік тіркеудің әрбір объектісін тіркеуге жеке өтініш беруге тиіс. Құқық белгілейтін құжатта мемлекеттік тіркеудің бірнеше объектілері болған кезде, өтініште біреуі ғана көрсетілетін жағдайларда тіркеуші орган өтініш берушіге тіркеудің басқа объектілерін мемлекеттік тіркеу және бұл үшін тиісті алым енгізу қажеттігін көрсетуге құқылы.
8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті адамдар салған ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Үшінші тұлғалардың мүдделері үшін құқық қорғау, сот және өзге де мемлекеттік органдардың актілеріне сәйкес салынған ауыртпалық үшінші тұлғаның өтініші негізінде тіркелуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар тіркеуші органға беріледі.
9. (Алып тасталды - ҚР-ның 2009.04.22. N 151-IV Заңымен).
10. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және тіркеудің өзге де объектілерін тіркеу туралы өтініштің нысаны мен мазмұнын уәкілетті орган айқындайды. Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.25 N 113-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.04.22. N 151-IV Заңдарымен.
23-бап. Мемлекеттік тіркеу жүргізу мерзімдері
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарды (осындай құқықтар ауыртпалықтарын) және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тіркеуші органға өтініш түскен сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүргізілуге тиіс.
2. Мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті адамдар салатын ауыртпалықтарды, сондай-ақ заңдық талаптарды тіркеу тіркеуші органға өтініш түскен сәттен бастап дереу жүргізілуге тиіс.
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (осындай құқықтардың ауыртпалықтарын) және онымен мәмілелерді жеделдетілген тәртіппен мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген алым сомасының бюджетке төленуі шартымен тіркеуші органға өтініш келіп түскен күннен кейінгі күннен кешіктірмей жүргізіледі. Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар
1. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), сондай-ақ бұрын туындаған құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) қоспағанда, жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын құқық белгілейтін және басқа да құжаттар тіркеу сәтінде оларға қойылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тиісті түрде ресімделуі, мөрмен бекітілуі, арнайы бланкілерде орындалуы, оларда тараптардың немесе заңнамада айқындалған лауазымды адамдардың тиісті қолдары болуға тиіс. Соттардан, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардан шығатын құжаттар тиісті құжаттарға қойылатын нысанда орындалуға тиіс. Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда құқық белгілейтін және өзге де құжаттар нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс.
3. Тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер бар құжаттар, сондай-ақ қарындашпен орындалған құжаттар қабылданбайды.
4. Құқық белгілейтін құжаттар тіркеу парағына енгізілетін құқық иелері туралы, тіркелген құқық (құқық ауыртпалығы) түрі, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
5. Тиісті жазбаларды тіркеу құжаттарына енгізу үшін хабарлама нысаны (міндеттеменің орындалмауы туралы, жүргізілетін тіркеуді немесе тіркелген құқықты даулау ниеті туралы және т.б.) уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
6. Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар тіркеуші органға екі данада ұсынылады, олардың біреуі түпнұсқа немесе нотариат куәландырған көшірме болып табылады. Құқық белгілейтін құжат сот актісі болған жағдайларда және құқық иесіне құжаттың түпнұсқасы берілмейтін өзге де жағдайларда, тіркеу үшін осындай құжаттың куәландырылған екі көшірмесі беріледі.
7. Құжаттың түпнұсқасы не нотариат куәландырған көшірме осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларда, тіркеуден соң өтініш берушіге (уәкілетті өкілге) қайтарылады.
8. Тіркеу сенімхат негізінде жүзеге асырылатын жағдайларда жай сенімхат тіркеуші органға ұсынылады және өтініш берушіге қайтарылмайды, арнайы және бас сенімхаттар екі данада ұсынылады, олардың біреуі - түпнұсқа, екіншісі - көшірме болып табылады. Сенімхаттың көшірмесін тіркеуші орган алады, түпнұсқа өтініш берушіге қайтарылады.
9. Жылжымайтын мүліктің бір бөлігіне белгіленетін құқықтарды (құқықтар ауыртпалығын) тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжат (жалға беру, сервитуттар, мүлікті өтеусіз пайдалану туралы және басқалары) құқықтың (құқық ауыртпалығы) қолданылу аясы болып табылатын мүліктің бір бөлігінің егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтуға тиіс. Қажет жағдайларда өтінішке техникалық паспорт немесе құқық (құқық ауыртпалығы) объектісі болып табылатын жылжымайтын мүліктің бір бөлігі көрсетілетін сәйкестендіру құжаты қоса берілуге тиіс. Жылжымайтын мүліктің бір бөлігі кепілге қойылған кезде міндеттемені орындамауға байланысты кепіл затын иеліктен айыру жағдайларында объектіні бөлу жоспарын осы жылжымайтын мүлік объектісін бөлуді немесе қосуды жүзеге асыратын орган мақұлдауға тиіс.
25-бап. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды қабылдаудан бас тарту
1. Мемлекеттік тіркеуге келіп түсетін құжаттарды қабылдаудан бас тартуға мынадай негіздер бойынша:
1) тиісті емес адам өтініш жасағанда не өтініш берушінің немесе оның уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты;
2) құжаттарда тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер болғанда;
3) тіркеуге берілетін өтініштердің нысандары дұрыс толтырылмағанда;
4) өтініш беруші осы Заңның 21-бабының 2, 3 және 3-1-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынбағанда;
5) нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынғанда жол беріледі. Ескерту. 25-баптың 1-тармағы 6) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008.04.23 N 4 Нормативтік қаулысымен. Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.25. N 113-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.04.22. N 151-IV Заңдарымен.
2. Құжаттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабында құжаттарды қабылдау туралы жазба жазылмайды. Тіркеуші орган өтініш берушіге бас тарту себебі көрсетілген хабарлама береді. Осындай хабарламаның, тіркеу туралы өтініштің және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелері уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сақталуға тиіс. Тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға жоғарғы тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағымдануға болады. Құжаттарды қабылдаудан бас тартудың негіздері жойылған кезде құжаттар тіркеуге жалпы тәртіппен беріледі.
26-бап. Құжаттарды берудің нақты уақытын көрсету
1. Тіркеуге құжаттарды қабылдау кезінде тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына құжаттардың берілген күні, уақыты, минуты туралы мәліметтер енгізіледі.
2. Өтініш берушіге тіркеуге құжаттардың түскен күні, сағаты және минуты, құжаттарды қабылдаған жауапты қызметкердің тегі, аты (әкесінің аты), тіркеуге ұсынылған құжаттардың тізбесі, жылжымайтын мүліктің орналасқан жері көрсетіліп қолхат беріледі.
27-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру үшін негіздер
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мынадай жағдайларда:
1) сотқа берілген талап-арыздар мен өзге де өтініштер (шағымдар) негізінде соттың қаулысы (ұйғарымы) бойынша;
2) прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес заңның бұзылуы жойылғанға дейін;
3) егер қажетті құжаттардың болмауы тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, өтініш берушінің осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынуы үшін;
4) мемлекеттік органдардан, егер көрсетілген мән-жайлар құжаттарды тіркеуге қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылмаса, осындай органдардан шығатын құжаттарда ақпараттың болмауына немесе осы құжаттарда белгілі бір қарама-қайшылықтардың болуына байланысты түсініктемелер алу немесе қажетті ақпаратты талап ету үшін;
5) құқық белгілейтін құжаттардың негізінде белгіленетін тіркеу объектісінің және өтініште көрсетілген тіркеу объектісінің сәйкессіздігі кезінде олардың арасындағы қайшылықтарды жою үшін тоқтатыла тұрады.
2. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру туралы шешімді тіркеуші орган мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаған кезден бастап құжаттарды бергенге дейін, бірақ мемлекеттік тіркеу мерзімінің өтуінен кешіктірмей қабылдауы мүмкін.
3. Тіркеуді тоқтата тұру туралы сот актісінде өзгеше белгіленбесе, тіркеу тіркеуді тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ бір айдан аспайтын уақытқа тоқтатыла тұрады. Егер бір айдың ішінде тіркеуді тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылмаса, мемлекеттік тіркеуден бас тартылуға тиіс. Тіркеуді тоқтата тұру туралы мәліметтер тіркеуге келіп түсетін құжаттарды есепке алу кітабына жазылады.
4. Мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұрған кезде тіркеуші органның өз құзыретінің шегінде өтініш берушіден (өтініш берушінің уәкілетті өкілінен), өзге де жеке немесе заңды тұлғалардан, соның ішінде мемлекеттік органдардан, егер бұл шешім қабылдау үшін қажет болса, ақпаратты, түсіндірулерді және құжаттарды сұратуға құқығы бар.
5. Тіркеуді тоқтата тұрған кезде тіркеуші орган өтініш берушіге (өтініш берушінің уәкілетті өкіліне) тоқтата тұрудың себептері мен мерзімдерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жіберуге тиіс. Хабарламада өтініш берушінің тіркеуді тоқтата тұрудың себептерін жоюдағы кейінгі әрекеттері және сол үшін қажетті мерзімдер көрсетілуге тиіс.
6. Тіркеу тоқтатыла тұрған кезде өтінішті өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Бұл ретте кері қайтарып алынған өтініштің басымдығы жойылады.
28-бап. Құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуді тоқтата тұру
1. Мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына күмәнданған кезде тоқтата тұрады. Осындай күмәнді жою үшін тіркеуші орган қосымша мәліметтер алу және құжаттардың түпнұсқалығын растау немесе оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы жөнінде қажетті шаралар қабылдауға міндетті. Өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілдері) құжаттардың түпнұсқалығы мен оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына қосымша айғақтар беруге құқылы.
2. Қажет болған жағдайларда құжаттардың түпнұсқалығын және оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін тіркеуші орган құжаттарды сараптама жүргізуге жіберуі мүмкін.
29-бап. Мемлекеттік тіркеуді уақытша тоқтату
1. Өтініш иесі тіркеуші органға өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) тіркеуді уақытша тоқтату туралы өтінішпен мынадай жағдайларда:
1) өзінің контрагентіне жылжымайтын мүлік объектісіне оның тиісті құқықтары тіркелген кезге дейін оған басқа адамдардың құқықтары немесе тараптардың кез келгенінің ерік білдіруі бойынша туындайтын жаңа ауыртпалықтар тіркелмейтін кепілдікті беру мақсатында;
2) құқық иесі құқық белгілейтін құжатты жоғалтқан кезде немесе осындай мүлікке құқықтарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша мәжбүрлі тоқтату жағдайларын қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарын оның еркінсіз жоғалтудың негізсіз тәуекелдері туындайтын өзге де жағдайларда жүгіне алады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша құқықтарды (ауыртпалықтарды) тіркеу өтініш берілген кезден бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге уақытша тоқтатылады. Көрсетілген мерзім ішінде мүддесі үшін тіркеу уақытша тоқтатылатын тұлғаның тіркеуге өтінішінің, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, аталған мерзімде берілген басқа өтініштердің алдында басымдығы болады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда тіркеуді уақытша тоқтату мерзімдері ішінде тіркеу уақытша тоқтатылғанға дейін тіркеуге берілген, сондай-ақ сот шешімдері, мемлекеттік органдардың актілері негізінде белгіленген өтініштердің негізінде немесе құқық иесінің еркіне тәуелсіз өзге де жағдайларда жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) тіркеу, сондай-ақ осы Заңда көзделген хабарламаларды және заңды талаптарды тіркеу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, құқық иесінің ерік білдіруі бойынша туындайтын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) тіркеу құқық иесінің тіркеуді уақытша тоқтату туралы өтінішін кері қайтарып алған кезге дейін уақытша тоқтатылады. Қалған жағдайларда тіркеу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
30-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттарды тексеру
1. Құжаттарды тексеру тіркеуге ұсынылған құжаттардың, сондай-ақ құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілерінің, жылжымайтын мүлікке құқық немесе құқық ауыртпалығы түрінің, олардың туындау, өзгеру, тоқтатылу негіздерінің заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Тексеру нәтижелері бойынша тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру не мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды және тіркеуші органның тексеру жүргізген жауапты қызметкерінің тегін, атын (әкесінің атын), сондай-ақ оны өткізген күнін көрсете отырып, өтінішке тиісті белгі қояды.
31-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуден бас тарту
1. Мемлекеттік тіркеуден мынадай жағдайларда:
1) құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері, жылжымайтын мүлікке және өзге де тіркеу объектілеріне құқық немесе құқық ауыртпалығы түрі не олардың туындау, өзгеру немесе тоқтатылу негіздері заңнама талаптарына сәйкес келмеген кезде;
2) егер қажетті құжаттардың болмауы тіркеуді тоқтата тұруға негіз болып табылмаса, өтініш иесі осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттар топтамасын толық ұсынбаған кезде;
3) нысаны мен мазмұны бойынша заңнама талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар тіркеуге ұсынылған кезде;
4) құқықты немесе өзге де мемлекеттік тіркеу объектісін мемлекеттік тіркеуді болғызбайтын ауыртпалықтар болған кезде;
5) заңды күшіне енген сот актісінің негізінде;
6) егер тіркеуді тоқтата тұру мерзімі ішінде тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылмаған болса;
7) егер тіркеу объектісі ауысу, өзгеру, тоқтату немесе осындай құқыққа қатысты ауыртпалықты белгілеу болып табылса, ол туындаған кезде қолданыста болған заңнамаға бұрын туындаған құқық сәйкес келмегенде бас тартылуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша тіркеуден бас тарту кезінде тіркеуші органның құжаттарды қабылдау туралы құжаттамасында себептері көрсетіле отырып, бас тарту туралы тиісті белгі қойылады.
3. Мемлекеттік тіркеуден бас тарту кезінде тіркеуші орган өтініш берушіге өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірмей бас тартудың себептерін көрсете отырып хабарлама жіберуге тиіс.
4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға болады.
5. Тіркеуден бас тартуға негіз болған мән-жайлар жойылған кезде тіркеуге өтінішті қайтадан беруге болады.
32-бап. Мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателерді түзету
1. Тіркеу кезінде жіберілген қателер тіркеуші органның бастамасы немесе мүдделі тұлғаның өтініші бойынша осы бапта белгіленген ережелер ескеріле отырып, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен түзетілуі мүмкін.
2. Тіркеу кезінде жіберілген, тіркелген құқықтың (құқық ауыртпалығының) тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін қателерді тіркеуші орган барлық мүдделі тараптарды жазбаша хабарландыра отырып, өз бастамасы бойынша түзетуі мүмкін. Хабарландырғаны туралы белгі тіркеу парағына қойылады. Хабарламалардың көшірмелері тіркеу ісінде сақталуға тиіс. Тіркеу кезінде жіберілген қателер салдарынан мүддесі бұзылған кез келген тұлға тіркеуші орган тіркеу құжаттарына тиісті түзетулер енгізуден бас тартқан кезде сот шешімінің негізінде түзетулерді енгізу туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
3. Егер қателерді түзету тіркелетін құқықтың (құқық ауыртпалығының және өзге де мемлекеттік тіркеу объектілерінің) тиесілілігіне, сипатына немесе мазмұнына әсер ететін болса, мүдделі тұлғалар осындай түзетулерді енгізу қажеттігі туралы хабардар етілуге тиіс. Көрсетілген жағдайларда түзетулерді енгізуге барлық мүдделі тұлғалардың нотариат куәландырған немесе тіркеу органына өздері берген жазбаша келісімі болған жағдайда ғана жол беріледі. Мүдделі тұлғалар түзетулерді енгізуге келісім беруден бас тартқан немесе хабарлама алған кезден бастап бір ай ішінде жауап бермеген жағдайларда тіркеуші орган түзетулерді енгізу туралы шешім шығару үшін сотқа жүгінуге тиіс.
4. Егер тіркеу мемлекеттік орган берген құжаттың негізінде жүргізілсе және түзетулер осы құжатта көрсетілген мәліметтерге қатысты болса, осы орган мұндай құжатқа тиісті өзгерістер енгізген кезде ғана қателерді түзетуге жол беріледі. Көрсетілген жағдайда өзгерістер енгізуді тіркеуші орган осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелерді сақтай отырып жүзеге асырады.
5. Тіркеу құжаттарында жіберілген қателерді түзету мақсатында жазбаларды енгізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
33-бап. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою
1. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде жүзеге асырады.
2. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюдың тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
34-бап. Мемлекеттік тіркеу жүргізілгенін куәландыру
1. Тіркеуші орган жүргізілген тіркеуді тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы куәландыруға міндетті.
2. Тіркеуші орган өтініш берушіге құқықтарды тіркеу тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж және өзге де тұтыну кооперативтерінде толық көлемде пай жарнасын енгізу туралы құжаттар негізінде жүзеге асырылған жағдайларда жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге де заттай құқық) туралы куәлік беруге міндетті.
35-бап. Тіркеуші органның тіркеу ісіндегі құқық белгілейтін немесе өзге де құжаттарды жоғалту (бүлдіру) және тіркеу жазбаларын жою (бүлдіру) кезіндегі өкілеттіктері
1. Егер тіркеу ісінде сақталатын құқық белгілейтін немесе басқа да құжаттар бүлінген немесе жойылған болса, тіркеуші орган көрсетілген құжаттарды барлық жол берілетін тәсілдермен, оның ішінде қажетті құжаттарды құқық иелерінен, оларды шығарған мемлекеттік органдардан талап ету арқылы қалпына келтіре алады. Жоғалған құжаттарды құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен алуға жол беріледі.
2. Қағаз жеткізгіштерде толтырылған тіркеу парақтары жоғалған (бүлінген) кезде жоғалған парақ бойынша мәліметтер құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен және (немесе) тіркеу ісінде сақталатын материалдардан қалпына келтірілуі мүмкін.
36-бап. Құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру
1. Құқықтық кадастрда тіркеу соның негізінде жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайларда құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
5-тарау. ЖЕКЕЛЕГЕН ҚЎҚЫҚ ТҮРЛЕРІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
37-бап. Мемлекеттік тіркеусіз танылатын бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықтарды өзгертуді, тоқтатуды немесе белгілеуді мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылатын жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) өзгертуді, тоқтатуды немесе бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықты белгілеуді мемлекеттік тіркеуден осындай құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеудің болмауына байланысты бас тартуға болмайды.
2. Иеліктен айыру немесе өзге де заңдық фактілердің пайда болуы нәтижесінде бұрын туындаған құқық ауысқан кезде бұрын туындаған құқықтың туындауы және оның тоқтатылуы туралы жазба сатып алушыда құқық туындауын тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (оның уәкілетті өкілі), осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеуші органға жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықты (құқық ауыртпалығын) растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс. Көрсетілген құжаттар құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Бұрын туындаған құқықтың құқық иесі (уәкілетті өкіл) тіркеуші органға мемлекеттік тіркеусіз танылатын осындай құқыққа бұрын туындаған ауыртпалықтар туралы жазбаша түрде мәліметтер ұсынуға тиіс. Осындай ауыртпалықтарды растайтын құжаттар болған кезде олар туралы жазба тіркеу парағында бұрын туындаған құқықтар туралы жазба тәріздес тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Соттардың, құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға қатысты белгіленетін ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу мақсатында және құқық иесінің ерік білдіруінсіз ауыртпалық салынған өзге де жағдайларда тіркеуші орган құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлік объектісі, оның құқық иесі туралы қандай да бір ақпарат болмаған, ал өтініш берушінің бұрын туындаған құқықты растайтын құжаттарды ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайларда субъектілік белгі бойынша ақпараттық базаны жүргізеді.
38-бап. Тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Құқығы тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге, егер мұндай учаскеге құқық жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін туындаса және мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылмаса, жер учаскесіне құқықтарын тіркеусіз жол берілмейді. Жер учаскесіне және жылжымайтын мүліктің көрсетілген объектілеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеу бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Құқықтық кадастрда құқығы тіркелмеген және бұрын туындаған құқық ретінде мемлекеттік тіркеусіз жарамды жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге бұрын туындаған құқықтарды жүйелі тіркеу үшін осы Заңның 6-тарауында белгіленген ережелер бойынша жер учаскесіне құқықты есептік тіркеу бір мезгілде жүргізілген жағдайларда жол беріледі.
39-бап. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу
1. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін кондоминиум қатысушылары (меншік иелерінің немесе кондоминиумды басқару органының уәкілетті өкілі) мынадай құжаттарды:
1) белгіленген нысандағы жазбаша өтінішті;
2) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеруді жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорын растаған әрбір кейінгі объектінің ауданы көрсетілген бастапқы объектінің техникалық паспортын;
3) егер кондоминиум объектісі тіркелген кезге дейін жер учаскесіне құқық тіркелмеген болса, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
4) кондоминиум қатысушыларының келісімімен не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен айқындалған ортақ мүліктегі үлестердің мөлшерін;
5) кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілінің жеке басын және өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынады. Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушысы берген жағдайларда, оның кондоминиум объектісін тіркеуге өкілеттіктері өзіне меншік құқығында (өзге де заттай құқықта) тиесілі кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесімен айқындалады.
2. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілдері болып:
1) кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам;
2) егер мұндай өкілеттіктер оған құрылтай құжаттарымен, кондоминиум объектісін басқаруға шартпен немесе кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысымен берілсе, кондоминиум объектісін басқару органы;
3) егер ортақ мүліктегі үлестердің мөлшері тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен айқындалатын болса, кез келген кондоминиум қатысушысы танылады.
3. Кондоминиум қатысушылары келісімінің, ортақ мүлік мөлшері өзгеруінің негізінде кейінгі жылжымайтын мүлік объектілері аудандарының өзгеруіне байланысты ортақ мүліктегі үлестер мөлшерінің өзгеруі де тіркеуге жатады.
4. Кондоминиум объектісін тіркеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
40-бап. Пәтерлерге және кондоминиум объектісінің құрамына кіретін басқа да үй-жайларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жеке (бөлек) меншіктегі (өзге де заттай құқықтағы) кондоминиум объектісінің құрамындағы әрбір кейінгі объект жылжымайтын мүліктің жекелеген объектісі ретінде қаралады, оған мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен дербес кадастрлық нөмір беріледі.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін кейінгі объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары талап етілмейді. Кейінгі объектіге құқықтарды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жер учаскесіне құқықтардағы үлес сатып алуға жататын жағдайларда немесе оны иеліктен айырған жағдайда кондоминиум қатысушысы жер учаскесіне құқығындағы үлесін сатып алғанын растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
41-бап. Сервитуттарды мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік тіркеуге осы Заңның 8-бабына сәйкес басым мүдделерге жатқызылған сервитуттардан басқа сервитуттар жатады.
2. Сервитутты тіркеу туралы жазба жер учаскесіне немесе сервитутпен ауыртпалық салынған өзге де жылжымайтын мүлік объектісіне жатқызылған тіркеу парағында жүзеге асырылады. Сервитуттар үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына белгіленген жағдайларда, тіркеу жазбасы пайдасына сервитут туындаған жылжымайтын мүлік объектісіне жататын тіркеу парағында да жүзеге асырылады.
3. Біртектес сервитуттарды белгілеу туралы бір немесе бірнеше құқық белгілейтін құжаттар негізінде кезегімен орналасқан бірнеше жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты туындаған сервитуттарды (адамдардың жаяу жүріп өтуі, көлік құралдарының өтуі, әуе, жерүсті және жерасты желілерін қоса алғанда, тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің инженерлік коммуникациялар жүйелерінің төсемдері, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және бөлшектеу үшін) тіркеу кезінде өтініш беруші тіркеуге бір өтініш беруге құқылы. Бұл ретте тіркеуші орган әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сервитуттар белгілеу туралы жазба енгізеді.
4. Сервитутты қолдану аясы құқық белгілейтін құжатта сипаттау арқылы айқындалады не қажет болған жағдайларда, осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарға сервитуттың қолданылу аясы көрсетілген жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының және (немесе) жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортының көшірмесі қоса беріледі. Егер сервитуттың қолданылу аясы оны сипаттау немесе жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының және (немесе) жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортының көшірмелерінде көрсету арқылы анықталмаса, сервитут бүкіл жылжымайтын мүлік объектісіне қолданылады.
42-бап. Мемлекеттік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік меншік құқығын тіркеу мемлекеттік заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығын немесе мемлекеттік және мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тіркеумен бір мезгілде жүргізіледі.
2. Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бекітіліп берілмеген мүлікке мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркеуді қажет етпейді. Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бөлінбеген бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілерін жалға, өтеусіз пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беру туралы мәмілелер жасау кезінде және мәміле жасау осындай мүліктің жеке меншікке өтуіне әкеп соқпайтын басқа да жағдайларда құқықтық кадастрдың тіркеу парағында ауыртпалықты тіркеу туралы жазба енгізілгенге дейін бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазба енгізіледі. Бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығына құқық белгілейтін құжаттар болған кезде осындай құқықтың туындауы туралы мәліметтер көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі. Мұндай құжаттар болмаған кезде бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазбаны тіркеуші орган мемлекеттік меншікте осындай мүліктің барын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжаты негізінде енгізеді.
3. Тіркеуші орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтердің сақталуына жауапты болады.
43-бап. Мемлекеттік емес мекемелердің құқықтарын тіркеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік емес мекемелердің өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бір мезгілде құрылтайшылардың осы мүлікке тиісті құқықтары тіркелген болып есептеледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік емес мекемеге оралымды басқару құқығында тіркелген жылжымайтын мүлік құрылтайшылардың салымдарының мөлшеріне қарай ортақ үлестік меншігі болып танылады.
3. Мемлекеттік емес мекеменің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бірнеше құрылтайшылар болған кезде, тіркеу үшін қажетті басқа құжаттармен бірге құрылтай шарты және әрбір құрылтайшының ортақ меншіктегі немесе өзге де ортақ құқықтағы үлесінің мөлшерін растайтын мәліметтер ұсынылуға тиіс. Осындай құжаттардың негізінде тіркеу парағына құрылтайшылардың құрамы, олардың үлестерінің мөлшерлері туралы мәліметтер және өзге де қажетті деректер енгізіледі.
4. Мұраға қалдыру, шығу, үлесті иеліктен айыру нәтижесінде құрылтайшылар құрамының өзгеруі кезінде, сондай-ақ мемлекеттік емес мекеменің мүлкіндегі үлесті кепілге салу кезінде сатып алушылардың және кепіл ұстаушылардың тиісті құқықтары немесе үлестердің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
44-бап. Құқықтық кадастрда сот актілерінің негізінде мемлекеттік тіркеу
1. Сот актісімен белгіленген жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы) осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жалпы негіздерде тіркелуге тиіс.
2. Заңды күшіне енбеген сот актілерінің негізінде заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады.
3. Жылжымайтын мүлікке қатысты сот актілеріне шағымдану немесе наразылық білдіру фактілері де құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен сот актісінің күші жойылған кезде құқықтық кадастрдағы тіркеу туралы жазбаның уәкілетті орган белгілеген ережелер бойынша күші жойылуға тиіс. Көрсетілген жағдайларда жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы) туындады деп есептелмейді.
45-бап. Мұраға қалдыру және азаматты хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп тану кезінде мемлекеттік тіркеу
1. Мұра қалдырушының мүлкіне мұрагерлердің құқықтарын тіркеу кезінде өтініш беруші мұрагерлікке құқығы туралы куәлікті не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құжаттарды, сондай-ақ осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
2. Мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке құқықтары құқықтық кадастрда тіркелмеген және құқықтар тіркеусіз туындаған болып есептелмейтін жағдайларда, тіркеу құқығы мұрагерлерге өтеді. Аталған жағдайда осы Заңның 21-бабында көзделген құқық белгілейтін және мұра қалдырушының атына берілген басқа да құжаттар және мұрагерлердің мұра қалдырушының мүлкін мұраға алу туралы құқықтарын растайтын құжаттар ұсынылады. Мұра қалдырушы құқығының туындаған күні аталған жағдайларда құқық белгілейтін құжаттардың негізінде, ал қажетті жағдайда заңдық факт (заңдық құрам) пайда болған мұрагерлік ашылу алдындағы күнмен айқындалады.
3. Хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның жылжымайтын мүлкіне қорғаншылықты тіркеу қорғаншылық және қамқоршылық органның қорғаншыны (қамқоршыны) тағайындау туралы тиісті шешімі болған кезде хабар-ошарсыз кеткен адам мүлкінің қорғаншысының (қорғаншының уәкілетті өкілінің) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
46-бап. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеуді жүзеге асыру үшін тиісінше табыстау актісі немесе бөлу балансы ұсынылады.
2. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген және тіркеусіз туындамаған болып есептелмейтін жағдайларда тіркеу құқығы құқықтық мирасқорға өтеді. Құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеу үшін көрсетілген жағдайларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғада құқықтың туындауына негіз болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар талап етіледі.
3. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорда жылжымайтын мүлікке құқықтың туындау күні болып қайта ұйымдастыру фактісін куәландыру мақсатында заңды тұлғаларды тіркеген күн танылады.
47-бап. Банкроттық рәсімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда осы Заңның 21-бабында көзделген тәртіппен борышкердің мүлкін басқару құқығының оңалтушы не конкурстық басқарушыға (таратушыға) өтуі мемлекеттік тіркелуге тиіс.
2. Борышкердің жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген жағдайларда борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы өткен тұлғаларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу және борышкер банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін жасаған (қол қойған) мәмілелердің және өзге де құқық белгілейтін құжаттардың негізінде тіркеуге өтініш беру құқығы да өтеді. Аталған тұлғалардың банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін борышкер қол қойған мәмілелердің негізінде тіркеуге өтініш беруден бас тартуын мүдделі тұлғалар сот тәртібімен даулай алады.
48-бап. Жылжымайтын мүлік кепілін мемлекеттік тіркеу
1. Кепілді мемлекеттік тіркеу осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда және Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңда белгіленген жалпы ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Жылжымайтын мүлік кепілі, сондай-ақ ипотека куәлігімен жасалатын мынадай операциялар:
1) ипотека куәлігін беру;
2) ипотека куәлігінің кепілі және оны табыстау құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеу объектісі болып табылады.
3. Тіркеуші орган негізгі міндеттеменің орындалуына, кепіл затының жоғалуына (жойылуына, бүлінуіне) байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде бір мезгілде ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді. Ипотека куәлігінен туындайтын талаптар негізгі міндеттеме бойынша борышкерге негізгі міндеттемені орындау мерзімі туындағаннан кейін бір ай өткенге дейін қойылмаған жағдайларда тіркеуші орган ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді. Осы негіз бойынша ипотека куәлігінің күші тоқтатылғаннан кейін тіркеуші орган ипотека куәлігімен жасалатын кейінгі операцияларды тіркеуден бас тартуға міндетті.
4. Кепіл заты болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын тіркеу Қазақстан Республикасының көрсетілген қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Кепілдің мынадай өзгерістері:
1) затты ауыстыру;
2) қатысушылар құрамының және қолданылу мерзімінің өзгеруі;
3) негізгі міндеттеменің немесе сол бойынша сыйақы мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс. Кепілдің басқа өзгерістерін қатысушылардың қалауы бойынша құқықтық кадастрда тіркеуге болады.
6. Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы жазба:
1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының не кепіл берушінің өтініші негізінде кепілді тоқтату кезінде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен кепіл затты өндіріп алу кезінде;
3) кепіл шартын бұзуға байланысты кепіл тоқтатылған кезде;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде өтеледі.
49-бап. Жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді және бөлуді тіркеу
1. Жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіру және бөлу құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
2. Егер:
1) біріктірілетін объектілер сабақтас болмаса және (немесе) оларға құқықтар біртектес болмаса;
2) егер жер учаскелерін біріктіру немесе бөлу жаңадан құрылған объектілерге сәйкестендіру құжаттарын жасау арқылы жүргізілмесе;
3) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптары сақталмаған болса;
4) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде біріктіру немесе бөлу нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлік объектісіне шектеулі мүліктік және (немесе) өзге де құқықтардың иегерлері болып табылатын тұлғалардың, оның ішінде кепіл ұстаушылардың, жалға алушылардың, сервитуттық құқықтар иегерлерінің немесе басқа да пайдаланушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталмаған болса, жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді немесе бөлуді тіркеуге жол берілмейді.
3. Кепілмен, жалға берумен, сервитутпен ауыртпалық салынған немесе өзге де ауыртпалықтары бар жылжымайтын мүлік объектісін біріктіруді немесе бөлуді тіркеу кезінде жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарына көрсетілген объектілерге қатысты қолданылуы сақталатын ауыртпалықтар туралы жазбалар көшіріліп жазылады. Басқа жазбаларды көшіру, егер олар жарамды болса және өз мағынасын сақтаса жүзеге асырылады.
4. Жылжымайтын мүлік объектісі құқықтық кадастрда біріктіру немесе бөлу тіркелген кезден бастап біріктірілген немесе бөлінген болып есептеледі.
50-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжатта осындай шаруашылықтың бүкіл мүшелері көрсетілуге тиіс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің құрамы өзгерген кезде, оның ішінде мұраға қалдыруға, шығуға, жаңа мүшелердің қосылуына байланысты шаруа немесе фермер қожалығының жаңа мүшелерінде жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауы және (немесе) үлестер мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.
51-бап. Жерасты құрылыстарына құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
Жылжымайтын мүлік болып табылатын жерасты құрылыстарына құқықтарды тіркеу кезінде:
1) жерасты құрылысына құқық белгілейтін құжат;
2) егер жер учаскесіне құқықтарды тіркеу бұрын жүргізілмеген болса, жерасты құрылысын пайдалануға қажетті жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;
3) осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген басқа да құжаттар ұсынылады.
52-бап. Мүліктік кешен құрамына кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктік кешен құрамына кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мүліктік кешенге немесе оның құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне құқық белгілейтін құжат қоса берілетін бір өтініштің негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мүліктік кешеннің құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің бір немесе бірнеше объектісін иеліктен айыру кезінде мүліктік кешенге құқық белгілейтін құжатта тіркеу туралы тиісті белгі жасалады.
53-бап. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу
1. Мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша заңдық талаптар, оның ішінде талап арыз беру, сот актілеріне шағымдану фактісі, жер учаскесін алып қою туралы шешім, кепілақы туралы келісім (қолхат), алдын ала шарт және өзге де фактілер тіркелуі мүмкін.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін мүдделі тұлға тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және оның көшірмесін, сондай-ақ заңдық талапты растайтын құжатты ұсынады.
3. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу есептік болып табылады және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұруға немесе құқық ауыртпалықтарын белгілеуге әкеп соқпайды.
54-бап. Жылжымайтын мүліктің жойылуына (бүлінуіне) немесе оған құқықтан бас тартуға байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктің жойылуына немесе мүліктің жылжымайтын мүлік объектісі ретінде қолданылуын тоқтатуға әкеп соғатын бүлінуіне байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) тиісті мемлекеттік органның техникалық (қалыпты) жай-күйін тексерудің нәтижелері бойынша анықталған осы объектіні бұдан әрі пайдаланудың (оның жұмыс істеуінің) мүмкін еместігін растайтын құжатын қоса бере отырып, құқықтың тоқтатылуын тіркеу туралы өтініш беруге тиіс. Көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей өтініш берілген кезде жылжымайтын мүлікке құқықтар актіде көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі. Өзге жағдайларда құқықтар тіркелген кезден бастап тоқтатылады.
2. Меншік құқығынан бас тартуға байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатуды мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) тіркеуші орган құқық иесінің немесе жылжымайтын мүлік соның аумағында болатын жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша жылжымайтын мүлікті иесіз ретінде есепке қояды;
2) есепке алынған иесіз мүлікке қатысты қабылданған сот шешімінің негізінде тіркеу парағына құқық иесі құқығының тоқтатылғаны және көрсетілген объектіге құқықтары ауысатын тұлғада құқықтың туындағаны туралы жазба енгізеді.
Үшінші тұлғалардың құқықтары туындағанға дейін кез келген уақытта құқық иесі өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті иесіз ретінде есептен шығару туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
55-бап. Пайлық инвестициялық қорларға және инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушыларына немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне тіркелген жылжымайтын мүлік олардың ортақ үлестік меншігі болып танылады. Пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін немесе ислам банкі инвестициялық депозит қаражаты есебінен сатып алған жылжымайтын мүлік объектісіне ортақ үлестік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу кезінде құқықтық кадастрда мұндай объектінің меншік иелері пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушылары немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттері (инвестициялық пай ұстаушылардың немесе ислам банкі клиенттерінің деректері жене ортақ үлестік меншік құқығында оларға тиесілі үлестердің мөлшерлері көрсетілмей) екені көрсетіледі.
2. Пайлық инвестициялық қорда пай ұстаушыларға немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы (басқарушы компания) немесе ислам банкі береді.
3. Осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы тіркеуге басқарушы компанияның құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін, сенімгерлік басқару шарттарының, пайлық инвестициялық қор құру туралы шешімнің, пай шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, оларға енгізілген өзгерістері мен толықтырулары бар пайлық инвестициялық қор ережелерінің көшірмелерін ұсынады. Ислам банкі тіркеуге ислам банкі жарғысының, ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы ережелердің және ислам банкінің банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуіне берілген лицензиясының нотариат куәландырған көшірмелерін табыс етеді. Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2009.02.12 N 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6-тарау. ҚЎҚЫҚТЫҚ КАДАСТРДА ЖҮЙЕЛІ ТІРКЕУ
56-бап. Объектілер және құқықтық кадастрда жүйелі тіркеудің құқықтық маңызы
1. Жүйелі тіркеу құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы мәліметтермен толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және есептік сипатта болады.
2. Жүйелі тіркеу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтың (құқық ауыртпалығы) туындаған күні бұрын туындаған құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық белгілейтін құжаттардың негізінде айқындалады.
57-бап. Құқықтық кадастрда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру тәртібі
1. Қазақстан Республикасында жүйелі тіркеуді жүргізу мерзімдерін және тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу құқық иесінің өтініш беруі және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректерді басқа ақпараттық жүйелерден аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен халықты хабарландыру қажет.
4. Жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы тіркеуші органда немесе басқа да мемлекеттік органдарда болатын деректерді аудару жүзеге асырылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға (құқық ауыртпалықтарына) қатысы бар құжаттарды басқа мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) беру бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректері бар мемлекеттік органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Јділет министрлігі белгілеген рәсім бойынша жүзеге асырылады.
5. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы деректерді құқықтық кадастрға аудару тіркеуші органдағы немесе басқа да мемлекеттік органдардағы деректер жарамды болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу өтеусіз жүзеге асырылады.
58-бап. Жекелеген жағдайларда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеу туралы өтініш берген құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаса не ескі үлгідегі актілерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтер болмаса, тіркеуші орган бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеуді жүргізуге міндетті. Жер учаскесіне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеу уәкілетті орган ескі үлгідегі актінің немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын бергеннен кейін жүзеге асырылады. Тіркеу үшін құқық иесі ескі үлгідегі актіні немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын ұсынады. Құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Бастапқы және кейінгі объектілерге бұрын туындаған құқықтарды есептік тіркеуді жүзеге асыру кезінде тіркеуші орган құқық иесінен жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспортты табыс етуді талап етуге құқылы емес. Қажет болғанда жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жаңа техникалық паспорт дайындауды жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік техникалық есепке алу құзыретіне кіретін республикалық мемлекеттік кәсіпорындар өтеусіз жүзеге асырады.
7-тарау. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ ТЈРТІБІ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
59-бап. Дауларды шешу тәртібі
Мемлекеттік тіркеуге байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
60-бап. Өтпелі ережелер
1. Бұрын туындаған құқықтар олар тиісті құқық туындауы кезінде қолданылған заңнамаға сәйкес болғанда жарамды болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін және 1997 жылы тіркеу органдары құрылғанға дейін жылжымайтын мүлікті бағалау мен тіркеу жөніндегі органдар жүргізген мемлекеттік тіркеудің заңдық күші болады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді тіркемеген жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өз құқықтарын тіркеуге міндетті.
61-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 1995 жылғы 25 желтоқсандағы N 2727 заң күші бар Жарлығының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 24, 168-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 21, 277-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; N 18, 157-құжат; 2004 ж., N 17, 99-құжат; 2006 ж., N 19-20, 119-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті
|