ГЛАВНАЯ »  Нормативная база  »  Закон  »  Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22...
Главное меню
Карта сайта
Инструкция сайта
Кадровый резерв
НОВОСТИ
МСФО
КОНТАКТЫ
Договоры-оферты
договор_дистанционка
Договор оферты_сайт
Точка опоры
БАЗА_Закон Өдiлет
PCT-международная патентная система
Книга МСФО_2023
COVID19
Coronavirus2020
Актуальная тема
Мониторинг законодательства
Налогообложение и бухгалтерский учет
Хозяйственные и трудовые отношения
Специалисту ВЭД
Фондовику
Блокнот Бухгалтера
Страхование
Банки
Кодексы
Экология
Налоги
Налогоплательщики НДС
Планы проверок
Разъяснения по ф.100
Путеводитель по налогам
Отчеты
Налоговый календарь
Справки по ИС
Налоговые заявления
Отчеты
Госзакупки
Государственные закупки
Разъяснение о гос. закупках
Электронный закуп
Справочники
Товары и коды online
Реестр товаров, работ и услуг
КЛАССИФИКАТОРЫ
Производственный календарь
Нормы списания ГСМ
Новые счета МСФО
Полезные ссылки
Инкотермс-2000
КБК
Инкотермс-2010
КОФ
Справочник по должностям
Лжепредприятия
Делопроизводство
Нормативно-методическая база кадрового делопроизводства
Типовые договора
Профессионалы отвечают
Предоставление ФНО в электронном виде
Трудовые отношения
Упрощенная система
Налог на прибыль
Оплата труда
Командировки
Таможня
Стат. отчетность
Другие
Соц. налог
НДФЛ
НДС
Нерезиденты
Нормативная база
Налоговый кодекс РК
Национальные стандарты
Письма контролирующих органов
Постановления
Распоряжения
Инструкции
Конвенции
Положения
Протоколы
Решения
Приказы
Правила
Проекты
Законы
Указы
Бухгалтерская наука
Сертификация CAP, CIPA
Дистанционное обучение
Семинары, брифинги
Учебник по 1С:ПРЕДПРИЯТИЕ
Кабинет директора
Фин. директору
Искусство продаж
Таможенный союз
Автоматизация бизнеса
Реинжиниринг
Менеджмент
Деньги
Рынок и аналитика
Раздел Выставки
Банковские технологии
Акции и фонды
Наши издания
Элитстандарт
Business-portal
Наука продаж:от технологии к искусству
Искусство продаж
Science_of_Sales
Интеллект-магазин
Оформить подписку
Рассылки
МедиаКит
Краткие новости

Книга МСФО 2022 в 3-х томах официальный перевод на русский  язык IFRS Foundation. , тел. 87755768113

Закон

  Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шiлдедегi № 477-IV Заңы
Халықтың көшi-қоны туралы

Осы Заң халықтың көшi-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, көшi-қон процестерiнiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.

1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам;
2) бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсету – оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне қоғамға бейiмдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетiлетiн (ақпараттық, заңдық, әлеуметтiк, медициналық және бiлiм беру) қызметтер кешенi;
3) келуге және кетуге берiлетiн рұқсат (бұдан әрi – виза) – осыған уәкiлеттiк берiлген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының көшiп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгiсi, ол визада белгiленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүрiп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық бередi;
4) еңбек көшi-қоны – еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет iшiнде уақытша қоныс аударуы;
5) заңсыз көшiп келу – шетелдiктердiң немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртiбiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттi жол жүрудi бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуi және Қазақстан Республикасында болуы;
6) заңсыз көшiп келушi – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам;
7) көшiп келу – шетелдiктердiң немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшiн келуi;
8) көшiп келушi – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшiн келген шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам;
9) көшi-қон – жеке тұлғалардың бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке, сондай-ақ мемлекет iшiнде тұрақты немесе уақытша, ерiктi түрде немесе мәжбүрлi түрде қоныс аударуы;
10) көшiп-қонушы – себебi мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының iшiнде қоныс аударушы адам;
11) Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемелерi – Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерi, сондай-ақ консулдық мекемелерi;
12) қоныс аударушы – iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес Қазақстан Республикасының iшiнде қоныс аударушы адам;
13) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;
14) оралмандар туралы деректер базасы – оралмандар мен олардың отбасы мүшелерi туралы, сондай-ақ оларға көрсетiлген мемлекеттiк әлеуметтiк көмек туралы деректер жиынтығы;
15) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын және оралмандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнiң уақытша тұруына және оларға бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетуге арналған заңды тұлға;
16) оралмандардың көшiп келу квотасы – осы Заңда көзделген шарттарда және тәртiппен әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн оралмандар отбасыларының саны;
17) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды сақтаған кезде көшiп келушiлерге халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретiн құжат;
18) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерiнiң оралман мәртебесiн алғанға дейiн уақытша тұруына арналған тұрғын жай;
19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тiркеу) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды сақтаған кезде көшiп келушiлерге халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгiлi бiр мерзiмге тұру құқығын беретiн құжат;
20) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган – көшi-қон процестерiн реттеудi және халықтың көшi-қоны саласындағы жұмысты үйлестiрудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асырушы мемлекеттiк орган;
21) шақырушы адам – Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын бiрiктiру мақсатында өз отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасына келуiне жәрдемдесетiн адам;
22) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының Үкiметi жыл сайын белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң саны;
23) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсат – еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тарту үшiн жұмыс берушiге жергiлiктi атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат;
24) шетелдiк қызметкерге жұмысқа орналасуға берiлетiн рұқсат – Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын адамдардың тiзбесiне кiретiн шетелдiк қызметкерге Қазақстан Республикасында өз бетiнше жұмысқа орналасу үшiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде жергiлiктi атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат;
25) iшкi көшi-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының iшiнде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;
26) iшкi көшiп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударушы немесе Қазақстан Республикасының iшiнде өз бетiнше қоныс аударушы адам;
27) iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасы – өмiр сүру үшiн экологиялық жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуетi төмен елдi мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыдан перспективалы өңiрлерiне тұрақты тұру үшiн қоныс аударатын Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн шектi саны;
28) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам.

2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны
саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

3-бап. Көшiп келудiң негiзгi түрлерi

Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшiп келудiң мынадай негiзгi түрлерi бар:
1) тарихи отанына оралу мақсатында;
2) отбасын бiрiктiру мақсатында;
3) бiлiм алу мақсатында;
4) еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында;
5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

4-бап. Халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк
саясаттың негiзгi қағидаттары мен мiндеттерi

1. Халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясат мынадай негiзгi қағидаттарға:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес көшiп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепiлдiк беруге;
2) ұлттық мүдденi қорғау және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттiң мүдделерiн ұштастыруға;
4) пайдаланылатын ақпараттың жаңартылуы және бiрнеше рет қайталануы негiзiнде көшi-қон процестерiн реттеудiң ашықтығына;
5) мемлекеттiң көшiп келудiң әрқилы түрлерiн реттеудегi сараланған тәсiлiне негiзделедi.
2. Халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi:
1) көшiп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
2) өңiрлердiң демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық даму мүдделерiн ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жоғары бiлiктi шетелдiк жұмыс күшiн тарту;
4) iшкi еңбек нарығын шетелдiк жұмыс күшiн тартуды квоталау жолымен қорғау;
5) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасуын қамтамасыз ету;
6) халықтың жаппай көшi-қонына әкеп соқтыруы мүмкiн жанжалдардың алдын алу және оларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту;
7) iшкi көшi-қон ағынын оңтайландыру, көшiп-қонушылардың ел аумағында ұтымды қоныстандырылуын қамтамасыз ету;
8) шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның iшiнде мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту;
9) этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу;
10) көшi-қон процестерiн реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, заңсыз көшiп келудiң алдын алу және жолын кесу болып табылады.

5-бап. Көшiп келушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасында:
1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бiлiм, медициналық және әлеуметтiк көмек алуға;
3) Қазақстан Республикасының көшiп келушiлердiң болуы үшiн ашық аумағы бойынша еркiн жүрiп-тұруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерiн еркiн таңдауға;
5) өзiне тиесiлi мүлiктiк құқықтарын және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн сотқа және мемлекеттiк органдарға жүгiнуге;
6) осы қызмет түрлерi ақысыз негiзде көрсетiлетiн оралмандарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн алуға құқығы бар.
2. Көшiп келушiлер Қазақстан Республикасында:
1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген мiндеттердi атқарады;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағына келудiң, кетудiң және онда болудың белгiленген тәртiбiн сақтауға мiндеттi.

6-бап. Көшiп келушiлердiң келуiнiң, кетуiнiң және
болуының жалпы шарттары

1. Көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының аумағына келуiнiң, кетуiнiң, онда болуының тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2. Келудiң және болудың визасыз режимi туралы Қазақстан Республикасымен келiсiм жасасқан мемлекеттерден келген көшiп келушiлер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келедi.
3. Көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемелерi бередi.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бередi.
4. Көшiп келушiлер Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткеннен кейiн күнтiзбелiк бес күн iшiнде уақытша немесе тұрақты тұруға арналған рұқсатты ресiмдеу үшiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға мiндеттi.

7-бап. Көшiп келушiлер болып табылмайтын шетелдiктер
және азаматтығы жоқ адамдар

Мыналар:
1) осы Заңның 3-бабында көзделмеген мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағында күнтiзбелiк тоқсан күннен артық болмайтын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшiп келушiлер болып табылмайды. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткеннен кейiн күнтiзбелiк бес күн iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркелуге мiндеттi;
2) бес тәулiктен аспайтын мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн;
3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлiмдерде әскери қызметте жүрген;
4) дипломатиялық өкiлдiктердiң, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетiн;
5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi болып табылатын;
6) теңiз және өзен кемелерi, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуе, темiржол және автомобиль көлiгi экипаждарының мүшелерi болып табылатын;
7) миссионерлiк қызметтi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшiп келушiлер болып табылмайды.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдардың құқықтық мәртебесi Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ КӨШI-ҚОНЫ ПРОЦЕСТЕРIН БАСҚАРУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЖҮЙЕСI

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және оны жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны жыл сайын белгiлейдi;
3) iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгiлейдi;
4) iшкi көшiп-қонушыларды тiркеу тәртiбiн айқындайды;
5) оралмандардың көшiп келу квотасын белгiлейдi;
6) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
7) көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасына келуiнiң және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбiн айқындайды;
8) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарын құрады;
9) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

9-бап. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi
уәкiлеттi органның құзыретi

Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк органдардың қызметiн ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
3) көшi-қон процестерiн реттеу саласындағы шаралар жүйесiн әзiрлейдi;
4) шет мемлекеттердiң уәкiлеттi органдарымен және халықаралық ұйымдармен көшi-қон процестерiн реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) көшi-қон процестерi мониторингiн жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылайды;
7) халықтың көшi-қоны мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне оралмандардың көшiп келу, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
9) оралмандардың көшiп келу, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледi;
10) ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесе отырып, көшiп келушiлердiң паспорттарын тiркеу, олардың орын ауыстыру, сондай-ақ шетелдiктердiң болуы үшiн жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келу тәртiбiн, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк жол жүру тәртiбiн айқындайды;
11) шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың келуi мен кетуiн есепке алудың бiрыңғай деректер базасын қалыптастырады, мәлiметтердiң жүйелi жаңартылуын қамтамасыз етедi, сондай-ақ еңбек жөнiндегi уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен және ұлттық қауiпсiздiк органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының аумағындағы көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге виза бередi;
13) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
14) көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасына келу, Қазақстан Республикасынан кету, Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жол жүрудiң белгiленген қағидаларын сақтауын бақылайды;
15) заңсыз көшiп келудiң жолын кесу жөнiнде шаралар қабылдайды;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасында болу мерзiмiн қысқарту туралы шешiм қабылдайды;
17) көшiп келушiлерге шекаралық аймаққа келу құқығын беретiн құжаттарды ресiмдейдi;
18) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат бередi;
19) оралман, босқын, қоныс аударушы мәртебесiн беру және оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандарға бiржолғы жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға қаражат төлемiн белгiлеу туралы шешiм қабылдайды;
20) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметiнiң тәртiбiн айқындайды;
21) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресiмдейдi;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуiне рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды;
23) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
24) Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi және тiркеуден шығаруды жүзеге асырады;
25) уақытша тұрғылықты жерге келген Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын жерi бойынша есепке қоюды жүзеге асырады;
26) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

10-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер
министрлiгiнiң және Қазақстан
Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң
құзыретi

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi мен Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседi;
3) бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседi;
4) шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың келуiне визалар беру есебiнiң бiрыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәлiметтердiң жүйелi түрде жаңартылуын қамтамасыз етедi, сондай-ақ халықтың көшi-қоны жөнiндегi уәкiлеттi органмен және ұлттық қауiпсiздiк органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасына келу туралы өтiнiш берген көшiп келушiлердiң құжаттарын қабылдап, тiркейдi және оларды ұлттық қауiпсiздiк органына жiбередi;
6) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

11-бап. Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi органның құзыретi

Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
3) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квоталарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледi;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшiп келушiлердiң әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз етедi;
5) еңбекшi көшiп-қонушылардың бiрыңғай дерекқорын қалыптастырады және халықтың көшi-қоны жөнiндегi уәкiлеттi органның, ұлттық қауiпсiздiк органының, Сыртқы iстер министрлiгiнiң тиiстi ақпараттық жүйелерiмен өзара iс-қимылды қамтамасыз етедi;
6) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi
органның құзыретi

Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) көшiп келушiлерге медициналық көмек көрсетудiң тәртiбiн бекiтедi;
3) шетелдiктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуiне тыйым салатын аурулардың тiзбесiн бекiтедi;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында шектеу iс-шараларын, оның iшiнде карантин енгiзедi;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

13-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi

Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) этникалық қазақтар мен оралмандарға техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң, ортадан кейiнгi және жоғары бiлiм берудiң оқу бағдарламаларын iске асыратын Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген квотаға сәйкес бiлiм гранттарын бөледi;
3) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шетелдегi жалпы бiлiм беру мекемелерiнде оқып жүрген этникалық қазақтарды оқулықтармен және оқу-әдiстемелiк кешендермен қамтамасыз етедi;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшiп келушiлердiң балаларының бiлiм алуға құқықтарын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

14-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органының құзыретi

Ұлттық қауiпсiздiк органы:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың келуi мен кетуiн есепке алудың бiрыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәлiметтердiң жүйелi түрде жаңартылуын қамтамасыз етедi, сондай-ақ халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiмен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
3) көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасына және шетелдiктердiң баруы үшiн жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келуiн келiседi;
4) көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасына келген кезде көшi-қон карточкаларын берудi және Қазақстан Республикасынан кеткен кезде оларды алып қалуды жүзеге асырады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

15-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi

1. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) оралмандар мен көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етедi;
3) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға еңбек ресурстарының қажеттiлiгiн ескере отырып, оралмандардың көшiп келу, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
4) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
5) жұмыс берушiлерге тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсатты тоқтата тұрады және керi қайтарып алады;
6) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын шетелдiк қызметкерлерге еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында жұмысқа орналасуға рұқсат бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсатты тоқтата тұрады және қайтарып алады;
7) бизнес-көшiп келушiлердiң уақытша тұруға арналған рұқсатының қолданылу мерзiмiн ұзартуға немесе қысқартуға қолдаухат бередi;
8) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оралмандарға бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк көмек көрсетедi;
3) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсiптiк даярлықтан өтуге, қайта даярлықтан өтуге және бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдем көрсетедi;
4) көшiп-қонушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мектептерден, мектепке дейiнгi ұйымдардан, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк мекемелерден орын бередi;
5) оралмандарға қазақ тiлiн және өздерiнiң қалауы бойынша орыс тiлiн үйрену үшiн жағдай жасайды;
6) оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерiн бередi;
7) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3-тарау. ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШIП КЕЛУ

16-бап. Оралмандардың көшiп келу квотасы

1. Жергiлiктi атқарушы органдардың ұсыныстарын және Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi арқылы Қазақстан Республикасына қоныс аударуға ниет бiлдiрген этникалық қазақтардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасына қоныс аударған, тiркелген және оралмандар туралы деректер базасына енгiзiлген оралмандардан келiп түскен өтiнiштердi ескере отырып, оралмандардың көшiп келу квотасы жөнiндегi ұсыныстарды халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлейдi және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi оралмандардың орта мерзiмдi кезеңге немесе алдағы жылға арналған көшiп келу квотасын белгiлейдi.
2. Оралмандардың көшiп келу квотасын халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бойынша бөледi.
3. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу тәртiбiн осы Заңның 20 және 21-баптарында көзделген талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

17-бап. Оралмандардың санаттары

Оралмандар мынадай санаттарға:
1) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар;
2) оралмандардың көшiп келу квотасынан тыс Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын оралмандар болып бөлiнедi.

18-бап. Оралман мәртебесiн беруге және (немесе)
оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге
өтiнiш берудiң тәртiбi

1. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген және Қазақстан Республикасының аумағында болатын этникалық қазақтар халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне оралман мәртебесiн беру және (немесе) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiш бередi.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне Қазақстан Республикасының аумағында тұруы ықтимал жерiн көрсете отырып, оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы;
2) Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiш бередi.
3. Өтiнiште Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын барлық отбасы мүшелерi:
1) жұбайы (зайыбы);
2) өтiнiш берушiнiң және жұбайының (зайыбының) ата-аналары;
3) балалары (оның iшiнде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелерi;
4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары) көрсетiледi.

19-бап. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу
жөнiндегi комиссия

Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы этникалық қазақтар мен оралмандардың өтiнiштерiн қарау үшiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi тиiстi комиссияларды құрады.
Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi кiредi.
Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссия туралы үлгi ереженi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi.

20-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге
дейiн бұл туралы өтiнiш берген этникалық
қазақтарға оралман мәртебесiн беру және
оларды оралмандардың көшiп келу квотасына
енгiзу

1. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi оралмандардың көшiп келу квотасына енуге үмiткерлердiң өтiнiштерi мен құжаттарын қабылдап алады және олар тiркелген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннiң iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейiн оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiш берушi үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазба негiзiнде белгiленедi. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiберiлетiн құжаттарға үмiткердiң ұлтын растайтын басқа да құжаттардың көшiрмелерiн қоса бередi.
3. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган этникалық қазақтардың өтiнiштерi мен құжаттары келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде оларды оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсiмi туралы қорытынды дайындау үшiн үмiткерлер тұруға таңдап алған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi аумақтық бөлiмшелерiне жiбередi.
Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi этникалық қазақтардың өтiнiштерi мен құжаттары тiркелген күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды этникалық қазақтың өзi таңдаған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте тұруына қабылдауға келiсiмi туралы не дәлелдi негiзделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныстар алу үшiн жергiлiктi атқарушы органдарға жiбередi.
Жергiлiктi атқарушы орган этникалық қазақтардың өтiнiштерi мен құжаттары тiркелген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде этникалық қазақтың өзi таңдаған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте тұруына қабылдауға келiсiмi туралы не дәлелдi негiзделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныс дайындайды және оны халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне жiбередi.
Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi жергiлiктi атқарушы органның тиiстi ұсынысы негiзiнде үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей этникалық қазақты оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсiмi туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуден дәлелдi негiзделген себептермен бас тартуы туралы қорытынды дайындайды және оны оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның қарауына ұсынады.
4. Оралмандарды көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссия тиiстi қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде этникалық қазақты оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге алдын ала келiсiмi туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуден дәлелдi негiзделген себептермен бас тартуы туралы шешiм қабылдайды.
Үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсiм берiледi.
Этникалық қазақтар оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге артықшылықты мынадай кезектiлiк ретiмен:
1) белгiлi бiр мамандық бойынша тиiстi бiлiмi, бiлiктiлiгi мен тәжiрибесi барлар;
2) көп балалы отбасылар;
3) жоғары оқу орындарында оқуға мүмкiндiгi бар кәмелетке толған жастар;
4) саяси және әлеуметтiк-экономикалық ахуалы тұрақсыз елдерден келгендер пайдаланады.
5. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның шешiмiн екi жұмыс күнi iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның шешiмiн өтiнiш берушiге жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жiбередi.
6. Этникалық қазақтардың оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге берген өтiнiшiн қараудың жалпы мерзiмi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға осы өтiнiш келiп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиiс.
7. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi шешiмiн алғаннан кейiн оны бiр айдың iшiнде этникалық қазаққа жiбередi және Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетедi не оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуден бас тартылғаны туралы хабарлайды.
8. Этникалық қазақ оралмандардың көшiп келу квотасына сәйкес Қазақстан Республикасында тұратын жерiне келгеннен кейiн, халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне оралман мәртебесiн алуға өтiнiш бередi.
9. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияның этникалық қазақты оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсу туралы бұдан бұрын қабылданған шешiмiн ескере отырып, өтiнiш жасаған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiне оралман мәртебесiн бередi, оралман куәлiгiн тапсырады және шешiм қабылдау үшiн оралмандардың тiзiмiн оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссияға жiбередi.
10. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң өздерi өтiнiш жасаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тұрақты тұруға рұқсат алуға және тұратын жерi бойынша тiркелуге құқығы бар.
11. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу жөнiндегi комиссия оралман мен оның отбасы мүшелерi тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейiн, сондай-ақ тұратын жерi бойынша тiркелгеннен кейiн он жұмыс күнi iшiнде оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы шешiм қабылдайды.
12. Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне бiр айдың iшiнде осы Заңда көзделген жеңiлдiктердi, өтемақылар мен әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерiн бередi.

21-бап. Қазақстан Республикасының аумағына өз
бетiнше келген және сонда жүрген этникалық
қазақтарға оралман мәртебесiн беру және
(немесе) оларды оралмандардың көшiп келу
квотасына енгiзу

1. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген этникалық қазақтардың оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiштерiн олар тiркелген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарайды және шешiм қабылдайды.
Үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде оралман мәртебесi берiледi.
Оралман мәртебесiн беру туралы шешiм қабылданған жағдайда, халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелерiне оралман куәлiгiн бередi.
2. Оралман мәртебесiн алуға үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес расталады. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның сұратуы бойынша үмiткердiң ұлтын растайтын басқа құжаттардың көшiрмелерiн жiбередi.
3. Оралман мәртебесiн алған этникалық қазақтар өздерiн осы Заңда айқындалған жағдайларда және тәртiппен оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге және жеңiлдiктер, өтемақылар және әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерiн алуға үмiткер бола алады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейiн оралман ретiнде белгiленген тәртiппен оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге өтiнiш берген Қазақстан Республикасы азаматының өзi мен оның отбасының осы квотаға енгiзiлуге құқығы бар.

22-бап. Этникалық қазақтардың жекелеген отбасы
мүшелерiн оралмандардың көшiп келу квотасына
енгiзудiң ерекшелiктерi

1. Отбасы оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлгеннен кейiн келген оралмандар отбасының басқа мүшелерi де, сондай-ақ өздерiнiң ата-аналары Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейiн Қазақстан Республикасында туған балалары да күнтiзбелiк жыл iшiнде оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiледi.
2. Егер оралман өз отбасының құрамында отбасы бар балаларын көрсетпеген болса, онда оралмандардың отбасы бар балалары қайтыс болған, ата-ана құқықтарынан айрылған не олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайларда ғана балаларының отбасы мүшелерi оралманның отбасы құрамында оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiледi.
Бұл ретте оралмандардың отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерiн оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу үшiн отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерiнiң ата-анасының екеуi де қайтыс болған не ата-ана құқықтарынан айрылған жағдайларда, оралман (оралманның жұбайы (зайыбы) олардың қорғаншысы (қамқоршысы) болуға тиiс.

23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және
олардың отбасы мүшелерiне берiлетiн
жеңiлдiктер, өтемақылар және әлеуметтiк
көмектiң басқа да түрлерi

1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде өздерiнiң төлем қабiлеттiлiгiнiң растамасын ұсынудан босатылады.
2. Оралман мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi:
1) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, ортадан кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең әлеуметтiк қорғалумен;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерiнен, көшiп келушiлерге арналған жер қорынан, арнаулы жер қорынан және босалқы жерлерден жердi уақытша өтеусiз пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнаулы жер қорынан, көшiп келу жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
4. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандардың көшiп келу квотасынан тыс қоныс аударған оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне тұрақты тұрғылықты жерiне жол жүру және мүлкiн тасымалдау шығындарын қамтитын бiржолғы жәрдемақыларды белгiлеуi мүмкiн.
5. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен берiлетiн жеңiлдiктерден, өтемақылардан, жәрдемақылар мен әлеуметтiк көмектiң өзге де түрлерiнен басқа мынадай қосымша жеңiлдiктер:
1) қоныстандыру өңiрiне қарай сараланған және алғашқы бейiмдеу, тұрақты тұрғылықты жерiне жол жүру және мүлкiн тасымалдау шығындарын қамтитын бiржолғы жәрдемақы төлемi берiледi;
2) тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлiнедi немесе тұрғын үй салуға, қалпына келтiруге немесе сатып алуға жеңiлдiктi кредиттiк қарыз алады.
6. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсiм алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерi, сондай-ақ оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде, көлiк құралдарын қоспағанда, жеке мүлкiне кеден төлемдерiн төлеуден босатылады.
7. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар бiржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты тек қана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаннан кейiн, отбасының ұлты қазақ емес мүшелерiнен басқа, отбасының кәмелетке толған мүшелерiн қоса алғанда, жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсынуы бойынша алуы мүмкiн.
8. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайда бiржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат есептелмейдi және (немесе) төленбейдi.
9. Оралман немесе оның отбасы мүшесi оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлгеннен кейiн қайтыс болған жағдайда отбасының мүшелерiне немесе оралманға бiржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу-алмауына қарамастан төленедi.
10. Оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзiлген оралмандар, оларға осы баптың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес төленген бiржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты:
1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы үш жылдың iшiнде оралмандардың көшiп келу квотасын алған кезде қоныстану үшiн белгiленген өңiрден тыс жерге өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше iшкi көшiп-қонған жағдайларда;
2) оралман мәртебесiн алған күннен бастап бес жылдың iшiнде Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететiн болса, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мемлекетке өтеуге мiндеттi.

24-бап. Оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру

1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерiн оралман мәртебесiн алғанға дейiн алғашқы қоныстандыру олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарында халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
2. Бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсету үшiн оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтары құрылады.
Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тұруының тәртiбi мен мерзiмдерiн, сондай-ақ оларға бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетудiң тәртiбiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.

25-бап. Оралман мәртебесiнiң тоқтатылуы

Оралман мәртебесi:
1) оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;
2) егер ол Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiш бермеген болса, оралман мәртебесiн алған күннен бастап бiр жыл өткен соң тоқтатылады.

26-бап. Оралмандардың құқықтары мен мiндеттерi

1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiнiң:
1) жеңiлдетiлген (тiркелген) тәртiппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
2) жеңiлдiктердi, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерiн алуға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн қолда бар құжаттарының негiзiнде атын, әкесiнiң атын (ол болғанда) және тегiн қазақ тiлiнде дұрыстап жазуға құқығы бар.
2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерi:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне, сондай-ақ халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне олардың оралман мәртебесiн беру және (немесе) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiштерiн қарауға қажеттi дәйектi деректердi ұсынуға;
2) денсаулық сақтау органдарының талап етуi бойынша медициналық қарап-тексеруден өтуге, екпелердi алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға;
3) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталығына жолдама алған жағдайда, күнтiзбелiк үш күннiң iшiнде сонда қоныстануға және халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген болу кезеңi аяқталғаннан кейiн берiлген үй-жайды босатуға;
4) уақытша орналастыру орталықтарында және оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында болудың белгiленген тәртiбiн сақтауға мiндеттi.

4-тарау. ОТБАСЫН БIРIКТIРУ МАҚСАТЫНДА КӨШIП КЕЛУ

27-бап. Шақырушы адамдар және шақырушы адамдардың
отбасы мүшелерi

1. Мына адамдар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрып жатқан этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар;
3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрып жатқан көшiп келушiлер мен бизнес-көшiп келушiлер шақырушы адамдар болуы мүмкiн.
2. Шақырушы адамдардың отбасын бiрiктiру мақсатында шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын өз отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасына келуi туралы қолдаухат беруге құқығы бар.
3. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын некеде кемiнде үш жыл тұрған жұбайы (зайыбы);
2) он сегiз жасқа толмаған, некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауындағы және (немесе) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) балалар, оның iшiнде асырап алған балалары;
3) он сегiз жастан асқан, некеде тұрмайтын, денсаулық жағдайына байланысты себептер бойынша өзiн-өзi қамтамасыз етуге қабiлетсiз балалар, оның iшiнде асырап алған балалары;
4) шақырушы адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз ата-аналары;
5) оларды күтiп-бағу шақырушы адамның мiндетi болып табылатын, отбасының өзге де мүшелерi отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан Республикасына келетiн шақырушы адамның отбасы мүшелерi болып табылады.
4. Шақырушы адамның мына отбасы мүшелерi отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан Республикасына жiберiледi:
1) егер Қазақстан Республикасының азаматы шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағында аталған барлық адамдар.
Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат кейiннен жыл сайын ұзарту құқығымен үш жылға дейiнгi мерзiмге берiледi;
2) егер уақытша (кемiнде екi жыл мерзiмге) тұруға рұқсат алған этникалық қазақ немесе бұрынғы отандас шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмiне берiледi;
3) егер Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшiп келушi немесе Қазақстан Республикасында кемiнде екi жыл үзiлiссiз тұратын бизнес-көшiп келушi шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
Тұрақты тұруға арналған рұқсаты бар шақырушы адамның отбасы мүшелерiне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту құқығымен бiр жылға берiледi.
Бизнес-көшiп келушi болып табылатын шақырушы адамның отбасы мүшелерiне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкiндiгiмен бiр жылға берiледi. Бұл ретте шақырушы адамның отбасы мүшелерiне уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмiнен аспауға тиiс.
5. Қазақстан Республикасының аумағындағы көшiп келушiлердiң мынадай санаттарының:
1) оқу, кәсiптiк даярлықтан өту және (немесе) тағылымдамадан өту кезеңiне бiлiм алу мақсатында көшiп келушiлердiң (жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқушылары, студенттер мен тағылымдамадан өтушiлер);
2) маусымдық шетелдiк қызметкерлердiң
3) гуманитарлық уәждер бойынша көшiп келушiлердiң отбасы мүшелерiне қатысты отбасын бiрiктiру мақсатында көшiп келуге жол берiлмейдi.

28-бап. Отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан
Республикасына келуге виза алудың тәртiбi

1. Отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан Республикасына келуге виза шақырушы адамның отбасын бiрiктiру туралы қолдаухатының негiзiнде берiледi.
2. Шақырушы адамның отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасына келуге виза алу үшiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне өтiнiш пен мынадай құжаттарды:
1) шақырушы адамның қолдаухатын;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шақырушы адамның уақытша тұруға арналған рұқсатының нотариатта куәландырылған көшiрмесiн;
3) шақырушы адамның және отбасы мүшелерiнiң жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариатта куәландырылған көшiрмесiн;
4) шақырушы адамда отбасының әрбiр мүшесiн күтiп-бағуға айына, республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде ақшасының болуы растамасын;
5) шақырушы адамда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесiне шаққанда көлемi белгiленген ең төмен нормативтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген санитариялық және өзге де нормаларға сәйкес келетiн тұрғын үйдiң болуы растамасын;
6) шақырушы адамның отбасы мүшелерi үшiн медициналық сақтандыруды;
7) шақырушы адаммен отбасылық қатынастарын растайтын, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттiң осыған уәкiлеттi мемлекеттiк органдары ұсынған құжаттардың нотариатта куәландырылған көшiрмелерiн;
8) отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң соттылығы болуын не болмауын растайтын құжатты ұсынады.
3. Отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан Республикасында тұруға құқығы бар көшiп келушiлерге, уақытша тұруға арналған рұқсаттың берiлуi солардың болуына байланысты болатын мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайларда (кәмелетке толуы, бiрiктiрудi сұраған адамның қайтыс болуы, соның негiзiнде бiрiктiру жүргiзiлген некенiң бұзылуы немесе күшiнiң жойылуы), осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген осыған қажеттi қаржы қаражатының болуы расталған жағдайда, халықтың көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган олардың өтiнiштерi негiзiнде алты айға дейiнгi кезеңге рұқсатты ұзартады.

29-бап. Отбасын бiрiктiру мақсатында келген көшiп
келушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Отбасын бiрiктiру мақсатында Қазақстан Республикасына келген балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бiлiм алуға құқығы бар.
2. Отбасын бiрiктiру мақсатында келген көшiп келушiлердiң мынадай:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары шақырушы адамдары болып табылатын, осы Заңның 27-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында аталған отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен жалпы жағдайларда еңбек қызметiн жүзеге асыратын;
2) осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында санамаланған адамдар шақырушы адамдары болып табылатын отбасы мүшелерi жергiлiктi атқарушы органдар шетелдiк қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын квота шегiнде және тәртiппен шетелдiк жұмыс күшiн тартуға беретiн рұқсаттың негiзiнде еңбек қызметiн атқаратын жағдайларда, еңбек қызметiн жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Отбасын бiрiктiру мақсатында келетiн көшiп келушiлер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшiп келушiлерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердi атқарады;
2) Қазақстан Республикасында уақытша болуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер оның бұдан әрi болуына заңды негiздерi болмаса, Қазақстан Республикасынан кетiп қалуға мiндеттi.

5-тарау. БIЛIМ АЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШIП КЕЛУ

30-бап. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлер

Қазақстан Республикасының аумағына бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлерге жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, ортадан кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына, оның iшiнде оқушылар алмасудың және даярлық курстарынан өтудiң ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша қабылданған бiлiм алушылар жатады.

31-бап. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп
келушiлердiң келу шарттары

Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлер:
1) этникалық қазақтарды қоспағанда, көшiп келушi мен қабылдаушы бiлiм беру ұйымдарының арасындағы шартқа сәйкес тұруына, сондай-ақ оқуына ақы төлеуге қажеттi өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнiң растамасын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен және мөлшерде ұсынуға;
2) таңдаған мамандығы бойынша бiлiм алуға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екенiн растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға және медициналық сақтандыруы болуына;
3) соттылығының болуы не болмауы жөнiндегi растаманы ұсынуға;
4) оқу орнына оқуға қабылданғаны туралы растаманы табыс етуге және (немесе) Қазақстан Республикасына келгенге дейiн кәсiптiк даярлықтан өтуге шақырған тараптың келiсiмiн растауға мiндеттi.

32-бап. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп
келушiлерге келуге виза берудiң шарттары

1. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлердiң келуiне рұқсатты ата-аналарының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының келiсiмiмен қабылдаушы бiлiм беру ұйымының қолдаухаты негiзiнде айқындалатын бiр жылдан аспайтын мерзiмге оқу орнының немесе бiлiм беру жөнiндегi уәкiлеттi органның қолдаухаты негiзiнде Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi бередi.
Бiлiм алу мақсатында келген көшiп келушiлерге уақытша тұруына арналған рұқсатты қабылдаушы бiлiм беру ұйымының қолдаухаты негiзiнде айқындалатын оқу мерзiмiне оқу орнының қолдаухаты негiзiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бередi.
2. Бiлiм алу мақсатында келген көшiп келушiлердiң келуiне визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган қабылдаушы бiлiм беру ұйымы растаған жағдайда оқуды аяқтауға қажеттi, бiрақ бiр жылдан аспайтын мерзiмге жыл сайын ұзартып отырады.
3. Қабылдаушы бiлiм беру ұйымдары бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлерге олардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн уақтылы түсiндiрудi және оларды iске асыру үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етедi, сондай-ақ уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталған соң олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағы бойынша жүрiп-тұру және Қазақстан Республикасынан кету құқықтарына арналған құжаттарды уақтылы ресiмдемегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
4. Келудiң және болудың визасыз тәртiбi туралы Қазақстан Республикасымен келiсiм жасасқан мемлекеттерден бiлiм алу мақсатында келген көшiп келушiлердiң уақытша тұруына арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бередi.

33-бап. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп
келушiлердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттер

1. Шетелдiктердiң немесе азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес конкурстық негiзде техникалық және кәсiптiк, ортадан кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi тегiн бiлiм алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Қазақстан Республикасына бiлiм алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейiн тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтiнiш беруге құқылы.
2. Бiлiм алу мақсатында келетiн көшiп келушiлер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшiп келушiлерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердi атқарады;
2) оқудың және (немесе) кәсiптiк даярлықтың толық курсын аяқтағаннан кейiн, егер одан әрi болу үшiн заңды негiздерi болмаса, Қазақстан Республикасынан кетiп қалуға мiндеттi.

6-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТIН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА КӨШIП КЕЛУ

34-бап. Еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында
келетiн көшiп келушiлердiң санаттары

Еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында келетiн көшiп келушiлер мынадай санаттарға бөлiнедi:
1) шетелдiк қызметкерлер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн келген немесе жұмыс берушiлер тартатын көшiп келушiлер;
2) бизнес-көшiп келушiлер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру мақсатында келген көшiп келушiлер;
3) маусымдық шетелдiк қызметкерлер – климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгiлi бiр, бiрақ бiр жылдан аспайтын кезеңнiң (маусымның) iшiнде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшiн жұмыс берушiлер жұмысқа тартатын көшiп келушiлер.

35-бап. Шетелдiк қызметкерлердiң келу шарттары

Өз бетiнше жұмысқа орналасу үшiн келетiн немесе жұмыс берушiлер тартатын шетелдiк қызметкерлер:
1) кәмелеттiк жаста болуға;
2) жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiнiң шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшiн қажеттi өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнiң растамасын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен және мөлшерде ұсынуға;
3) алдағы атқарылатын жұмысты орындау үшiн қажеттi бiлiмi, бiлiктiлiгi мен тәжiрибесi болуға;
4) соттылығының болуы не болмауы жөнiндегi растаманы ұсынуға;
5) таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметiне кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екенiн растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
6) медициналық сақтандыруының болуына мiндеттi.

36-бап. Шетелдiк қызметкерлерге келуге виза беру
шарттары

1. Шетелдiк қызметкерлерге келуге визаны шетелдiк қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға берiлген рұқсаттың негiзiнде және қолданылу мерзiмiне Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi бередi.
2. Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының аумағына келетiн шетелдiк қызметкерлерге келуге виза олар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келген кезде берiледi.
3. Келудiң және болудың визасыз тәртiбi туралы Қазақстан Республикасымен келiсiм жасасқан мемлекеттерден келген шетелдiк қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бередi.
4. Шетелдiк қызметкерлерге келуге визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты, шетелдiк қызметкердiң жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiнiң алдағы жылға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаты болған жағдайда, халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бiр жылға ұзартады.

37-бап. Шетелдiк қызметкерлерге жұмысқа орналасуға
және жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн
тартуға арналған рұқсатты берудiң тәртiбi

1. Шетелдiк жұмыс күшiн тарту Қазақстан Республикасының Үкiметi кәсiптiк және бiлiктiлiк санаттары бойынша жыл сайын белгiлейтiн квотаның негiзiнде жүзеге асырылады.
Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квота экономикалық тұрғыдан белсендi халық санына пайыздық қатынаспен айқындалады және (немесе) еңбек нарығындағы сұраныс жағдайының алдағы жылға арналған болжамына сәйкес басым жобалар бойынша және (немесе) шығу елдерi бойынша абсолюттiк мәнде белгiленедi.
2. Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың арасында бөледi.
Жергiлiктi атқарушы органдар белгiленген квота шегiнде:
1) жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға;
2) шетелдiк қызметкерлерге жұмысқа орналасуға арналған рұқсатты бередi және оны ұзартады.
3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметiн жүзеге асыруы шетелдiк қызметкердiң жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiнiң шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты алуынсыз жүргiзiледi.
4. Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны белгiлеудiң тәртiбiн, шетелдiк қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты берудiң шарттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
5. Осы Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау туралы және шетелдiк қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушiге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты беру туралы нормалары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда қолданылмайды.

38-бап. Этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар
қатарындағы шетелдiк қызметкерлердiң еңбек
қызметiн реттеудiң ерекшелiктерi

Жергiлiктi атқарушы орган шетелдiк қызметкерлерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушiлерге этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын жеңiлдетiлген тәртiппен бередi.

39-бап. Бизнес-көшiп келушiлердiң келу және оларға виза
беру шарттары

1. Келуге виза алу үшiн бизнес-көшiп келушi:
1) кәмелеттiк жаста болуға;
2) еңбек қызметiне кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екенiн растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
3) медициналық сақтандыруының болуына;
4) соттылығының болуы не болмауы және сот шешiмi негiзiнде кәсiпкерлiк қызметпен айналысуына тыйым салынбағаны жөнiндегi растаманы ұсынуға;
5) кәсiпкерлiк қызмет тәжiрибесiнiң болуына мiндеттi.
2. Бизнес-көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасына келуге визаны Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi екi жылға дейiнгi мерзiмге бередi.
3. Этникалық қазақтар қатарындағы, оның iшiнде келудiң және болудың визасыз тәртiбi туралы Қазақстан Республикасымен келiсiм жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшiп келушiлердiң келуiне виза және уақытша тұруына арналған рұқсат үш жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.

40-бап. Бизнес-көшiп келушiлердiң Қазақстан
Республикасының аумағында болу және олардың
кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру шарттары

1. Бизнес-көшiп келушiлердiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының аумағында болуының мiндеттi шарты болып табылады.
2. Бизнес-көшiп келушi Қазақстан Республикасының аумағына келген күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде:
1) Қазақстан Республикасында заңды тұлғаны тiркеуге немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметтi жүзеге асырушы коммерциялық ұйымдар қатысушыларының (акционерлерiнiң) құрамына енуге;
2) заңды тұлғаны тiркеу кезiнде оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген ең төмен мөлшерден кем емес ақша сомасын Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiне енгiзуге мiндеттi.
Бизнес көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттемелердi орындамаған жағдайда халықтың көшi-қоны мәселелелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жергiлiктi атқарушы органдардың қолдаухаты негiзiнде бизнес-көшiп келушiлердiң болу мерзiмiн олардың ерiктi түрде кетуiне қажеттi мерзiмге қысқарту туралы шешiм қабылдайды.
Бизнес-көшiп келушi ретiнде келуге виза алмаған шетелдiктердiң заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кiру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.
3. Бизнес-көшiп келушiнiң Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi ұйымдастыру үшiн жабдықтар әкелуi Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Бизнес-көшiп келушiлер Қазақстан Республикасының шетелдiктердiң баруына ашық аумақтары бойынша еркiн жүрiп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес тұрғылықты жерiн таңдай алады.

41-бап. Маусымдық шетелдiк қызметкерлердiң келу және
болу шарттары

1. Маусымдық шетелдiк қызметкерлерге келуге визаны шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттың негiзiнде Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi бередi.
2. Келудiң және болудың визасыз тәртiбi туралы Қазақстан Республикасымен келiсiм жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдiк қызметкерлердiң келуiне арналған рұқсатты халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бередi.
3. Маусымдық шетелдiк қызметкерлер:
1) кәмелеттiк жаста болуға;
2) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшiн қажеттi өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнiң растамасын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiп пен мөлшерде ұсынуға;
3) еңбек қызметiне кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екенiн растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
4) медициналық сақтандыруының болуына мiндеттi.

42-бап. Маусымдық шетелдiк қызметкерлердi тарту
шарттары

1. Маусымдық шетелдiк қызметкерлер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес немесе жұмыс берушiлерге жергiлiктi атқарушы органдар беретiн квота шегiнде шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттың негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын шарттарда және тәртiппен экономиканың жекелеген салаларындағы жұмысқа тартылады.
2. Маусымдық шетелдiк қызметкерлердi тартатын жұмыс берушiлер оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген санитариялық және өзге де нормаларға сай келетiн уақытша тұрғын үй беруге мiндеттi.

43-бап. Еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында
келген көшiп келушiлердiң негiзгi құқықтары
мен мiндеттерi

1. Еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында келген көшiп келушiлер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшiп келушiлерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердi атқарады;
2) рұқсаттың мерзiмi аяқталғаннан кейiн, егер одан әрi болуына заңды негiздерi болмаса, Қазақстан Республикасынан кетiп қалуға мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасына еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн келген маусымдық қызметкерден басқа шетелдiк қызметкер:
1) жұмысқа орналасуға рұқсат алған қызметкер, рұқсаттың мерзiмi аяқталғаннан кейiн - оның мерзiмiн ұзартуға өтiнiш беруге;
2) еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушi тартқан қызметкер, рұқсаттың мерзiмi аяқталғаннан кейiн - жұмысқа орналасуға рұқсат алу туралы өтiнiш беруге құқылы.

7-тарау. ГУМАНИТАРЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ УӘЖДЕР БОЙЫНША КӨШIП КЕЛУ

44-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетiн көшiп
келушiлердiң санаттары

Гуманитарлық уәждер бойынша келетiн көшiп келушiлерге:
1) волонтерлер – Қазақстан Республикасына бiлiм беру, денсаулық сақтау және әлеуметтiк көмек саласында өтеусiз негiзде қызмет көрсету үшiн келетiн көшiп келушiлер;
2) Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың шеңберiнде келетiн көшiп келушiлер жатады.

45-бап. Саяси уәждер бойынша келетiн көшiп келушiлер

Саяси уәждер бойынша келетiн көшiп келушiлерге:
1) босқындар;
2) саяси пана берiлген адамдар жатады.

46-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетiн көшiп
келушiлердiң келу және келуiне виза беру
шарттары

1. Қазақстан Республикасына гуманитарлық уәждер бойынша келетiн көшiп келушiлердiң келуiне визаны Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйым өкiлдiгiнiң не ол орналасқан елде осы елдiң заңнамасына сәйкес ресми тiркелген шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымның (қордың) қолдаухаты негiзiнде Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi бiр жылға дейiнгi мерзiмге бередi.
2. Гуманитарлық уәждер бойынша келген көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының аумағында келудiң мақсаттарында көзделмеген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

47-бап. Саяси уәждер бойынша келудiң және болудың
шарттары

1. Пана iздеп жүрген адамдардың келу және болу шарттары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға пана беру және оларға босқын мәртебесiн беру жөнiндегi қатынастар, босқындардың Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасымен реттеледi.
2. Саяси пана берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

8-тарау. КӨШIП КЕЛУШIНIҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА КЕЛУIНЕН БАС ТАРТУ ҮШIН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА АРНАЛҒАН РҰҚСАТТЫ АЛУ ҮШIН ЖАЛПЫ НЕГIЗДЕР

48-бап. Көшiп келушiнiң Қазақстан Республикасына
келуiнен бас тарту үшiн негiздер

Көшiп келушiнiң:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi және халықтың денсаулығын сақтау мүддесiнде;
2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге бағытталған болса;
3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгiне және тәуелсiздiгiне қарсы шықса, ел аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақыратын болса;
4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты өршiтетiн болса;
5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
6) егер оның Қазақстан Республикасында бұрын болған уақытында Қазақстан Республикасында шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден, валюта немесе өзге де заңнамасын бұзғаны үшiн қылмыстық жауаптылыққа тартылу фактiлерi анықталған болса;
7) егер ол келу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде өзi туралы жалған мәлiметтердi хабарласа немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде ұсынбаса;
8) оның Қазақстан Республикасына келуi үшiн қарсы айғақ болып табылатын аурулары болса, Қазақстан Республикасына келуiне тыйым салынады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген көшiп келушiлерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастан бес жылдың iшiнде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

49-бап. Көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасында
тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас
тарту не оның күшiн жою үшiн негiздер

Мынандай:
1) заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған;
2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;
3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған;
4) оралмандарды немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған бұрынғы отандастарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңiлдетiлген тәртiппен алуға құқығы бар адамдар мен олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнiң растамасын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен және мөлшерде ұсынбаған;
5) Қазақстан Республикасында шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған;
6) ұлтаралық және дiни араздықты өршiткен;
7) iс-әрекеттерi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған;
8) Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне қарсы шыққан, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырған;
9) террористiк әрекетi, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн соттылығы болған;
10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде жалған құжаттарды ұсынған не өзi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлаған немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде дәлелдi себепсiз ұсынбаған;
11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты берген кезге дейiн бес жылдың iшiнде Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген;
12) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
13) Қазақстан Республикасынан уақытша кеткен және өздерi мәлiмдеген қайтып оралу мерзiмiнен кейiн алты ай өткен соң Қазақстан Республикасына қайтып оралмаған;
14) Қазақстан Республикасының азаматтарымен некелескен, осы некесi тұруға ықтиярхат алу үшiн негiз болған, егер бұл неке заңды күшiне енген сот шешiмiмен жарамсыз деп танылса;
15) Қазақстан Республикасына келуге қарсы айғақ болып табылатын аурулары бар көшiп келушiлерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берiлген рұқсаттың күшi жойылады.
Тұруға ықтиярхатты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА IШКI КӨШIП-ҚОНУШЫЛАР

50-бап. Ұйымдасқан түрде қоныс аударатын және өз
бетiнше қоныс аударатын iшкi көшiп-қонушылар

Қазақстан Республикасында iшкi көшiп-қонушылар:
1) iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес ұйымдасқан түрде қоныс аударатындар (қоныс аударушылар) немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоныс аударылатындар;
2) өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше қоныс аударушылар болып бөлiнедi.

51-бап. Iшкi көшiп-қонушылардың негiзгi құқықтары
мен мiндеттерi

1. Iшкi көшiп-қонушылардың:
1) Қазақстан Республикасының заңында жазылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында еркiн жүрiп-тұруға, тұрғылықты жерiн еркiн таңдауға;
2) тұрғылықты жерiнен немесе болатын жерiнен мәжбүрлi түрде қоныс аудартудан қорғалуға;
3) жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетiлуге құқығы бар.
Жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңында көзделмеген негiздер бойынша мәжбүрлi түрде қоныс аудартуға жол берiлмейдi.
2. Iшкi көшiп-қонушылар Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен тiркелуге мiндеттi.

10-тарау. IШКI КӨШIП-ҚОНУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ

52-бап. Iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару
квотасын белгiлеу және қоныс аударушы
мәртебесiн алу

1. Iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасын халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасы ұйымдасқан түрде қоныс аударылатын Қазақстан Республикасының азаматтары отбасыларының санын және экологиялық жағдайы аса қолайсыз әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердi айқындайды, олар осы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерден қоныс аударушыларды қабылдау үшiн белгiленген экономикалық тұрғыдан перспективалы елдi мекендерге қоныс аударылады.
3. Iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгiзу және қоныс аударушы мәртебесiн беру кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң бiреуiнiң Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға берген өтiнiшiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

53-бап. Iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару
квотасына енгiзiлген Қазақстан
Республикасының азаматтарына әлеуметтiк
көмек көрсету

Iшкi көшiп-қонушылардың квотасына енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен тұрақты тұрғылықты жерiне жол жүру және мүлкiн тасымалдау шығындарын қамтитын бiржолғы жәрдемақы төленедi және тұрғын үй салу, оны қалпына келтiру немесе сатып алу үшiн жеңiлдiктi кредиттiк қарыздар берiледi.

11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕЛДЕН ТЫС ЖЕРГЕ КЕТУIНIҢ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТIБI. ЗАҢСЫЗ КӨШIП КЕЛУДIҢ АЛДЫН АЛУ

54-бап. Елден тыс жерге кететiн Қазақстан
Республикасы азаматтарының санаттары

Елден тыс жерге кететiн Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшiн кететiн Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшiн кететiн Қазақстан Республикасының азаматтары болып екi санатқа бөлiнедi.
Басқа мемлекетке уақытша тұру үшiн кететiн Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң персоналы, Қазақстан Республикасына бекiтiп берiлген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бiтiмгершiлiк парызын орындаушы әскери қызметшiлер, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристiк және жеке сапарда, шет елдерде қызметтiк iссапарда жүрген адамдар жатады.

55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден
тыс жерге кетуiнiң шарттары мен тәртiбi

1. Әркiмнiң Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз қайтып оралуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган кетуге арналған құжаттарды ресiмдегеннен кейiн жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiштi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне:
1) әрекетке қабiлеттi азаматтар - өздерi;
2) балалар мен сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкiлдерi бередi.
4. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге кетуiнен бас тарту үшiн негiздердiң болмауына тексеру жүргiзедi.
Мүдделi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш берген азаматтарға қатысты халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның сауалдарын он күн мерзiмде қарайды.
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресiмдеу туралы шешiм барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қабылданады.
5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуiмен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушiлердiң өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкiн.
6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететiн Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерiне және өздерiнiң отбасы мүшелерiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi өз қаражаты есебiнен әкетуге құқылы.
7. Азаматтардың мемлекет үшiн мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегiнен тыс әкетуi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен реттеледi.
8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерiне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлiкке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден
тұрақты тұрғылықты жерiне кетуге рұқсат
беруден бас тарту үшiн негiздер

Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
1) мемлекеттiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi бiлетiн болса және өзiнiң Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге кету фактiсi туралы тиiстi уәкiлеттi органдарды хабардар етпеген болса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейiн;
2) қылмыс жасады деген күдiкпен ұсталған не кiнәлi ретiнде жауапқа тартылған болса – iс бойынша шешiм шығарылғанға дейiн немесе сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн;
3) қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса – жазасын өтегенге дейiн немесе жазадан босатылғанға дейiн;
4) өзiне сот жүктеген мiндеттемелердi орындаудан жалтарған болса – осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейiн;
5) мiндеттi мерзiмдi әскери қызметiн өткерiп жүрген болса – осы қызметтi өткеру аяқталғанға дейiн немесе «Әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес одан босатылғанға дейiн;
6) Қазақстан Республикасынан кету үшiн құжаттарды ресiмдеу кезiнде өзi туралы көрiнеу жалған деректердi хабарлаған болса – бас тартуға және беруге негiз болған себептер жойылғанға дейiн және дәйектi деректердi ұсынғанға дейiн;
7) азаматтық сот iсiн жүргiзуде жауапкер болып табылса – сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерiне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегi болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады.
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудiң барлық жағдайларында халықтың көшi-қоны жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама бередi, онда шектеудiң негiздемесi мен мерзiмi және осы шешiмге шағымданудың тәртiбi көрсетiледi.

57-бап. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге
барған Қазақстан Республикасы азаматтарының
құқықтары мен мiндеттерi

Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгiленген мiндеттердi атқарады.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепiлдiк бередi.

58-бап. Заңсыз көшiп келудiң алдын алу және құқықтық
мәртебесi реттелмеген көшiп келушiлердi
заңдастыру шаралары

1. Көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының аумағына келуi, олар келу, кету, болу және транзиттiк жол жүру тәртiбiн реттейтiн Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкiн болады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар көшi-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан заңсыз өтетiн, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебiн жүргiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.

12-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ КӨШI-ҚОНЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШIН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ

59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны
саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн
жауаптылық

Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

60-бап. Заңсыз көшiп келушiлердi шығарып жiберу

1. Заңсыз көшiп келушiлер Қазақстан Республикасының шегiнен тыс өздерiнiң шыққан мемлекетiне (шетелдiк азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жiберiлуге жатады.
Шығарып жiберу туралы шешiмдi сот қабылдайды.
Заңсыз көшiп келушiлердi кiдiртiп ұстауға және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жiберу үшiн қажеттi мерзiмге iшкi iстер органдарының арнаулы мекемелерiнде ұстауға Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жол берiледi.
2. Шығарып жiберу бойынша шығыстарды шығарып жiберiлетiн заңсыз көшiп келушiлер, заңсыз көшiп келушiнi Қазақстан Республикасына шақырған жеке немесе заңды тұлғалар көтередi. Аталған адамдардың шығарып жiберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткiлiксiз болған жағдайларда, тиiстi iс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлiк ұйымы жауапты болып табылады.

61-бап. Дауларды шешу

Уәкiлеттi органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған мемлекеттiк органдарға (жоғары тұрған лауазымды адамға) және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.

13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

62-бап. Осы Заңның қолданылу тәртiбi

1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенiнен кейiн туындаған халықтың көшi-қоны саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдар берген құжаттар өзiнiң күшiн сақтайды.

63-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 8-баптың 3) тармақшасын, 50-баптың 1) тармақшасын және 10-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Халықтың көшi-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 117-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президентi Н. Назарбаев


Авторизация




Запомнить меня
Ещё не зарегистрированы? Регистрация
Забыли пароль?


Служба поддержки сайта:
Агент@mail.ru buh-nauka.com@mail.ru
Мой статус buh-nauka.com
   Лента новостей
Курсы валют
Ц#152;нформационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта

Реклама на сайте


???Mail.ru


  Copyright © 2011 - 2024, ТОО Эльмора, Kurilovich Yanina