ГЛАВНАЯ »  Нормативная база  »  Закон  »  Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13...
Главное меню
Карта сайта
Инструкция сайта
Кадровый резерв
НОВОСТИ
МСФО
КОНТАКТЫ
Договоры-оферты
договор_дистанционка
Договор оферты_сайт
Точка опоры
БАЗА_Закон Өдiлет
PCT-международная патентная система
Книга МСФО_2023
COVID19
Coronavirus2020
Актуальная тема
Мониторинг законодательства
Налогообложение и бухгалтерский учет
Хозяйственные и трудовые отношения
Специалисту ВЭД
Фондовику
Блокнот Бухгалтера
Страхование
Банки
Кодексы
Экология
Налоги
Налогоплательщики НДС
Планы проверок
Разъяснения по ф.100
Путеводитель по налогам
Отчеты
Налоговый календарь
Справки по ИС
Налоговые заявления
Отчеты
Госзакупки
Государственные закупки
Разъяснение о гос. закупках
Электронный закуп
Справочники
Товары и коды online
Реестр товаров, работ и услуг
КЛАССИФИКАТОРЫ
Производственный календарь
Нормы списания ГСМ
Новые счета МСФО
Полезные ссылки
Инкотермс-2000
КБК
Инкотермс-2010
КОФ
Справочник по должностям
Лжепредприятия
Делопроизводство
Нормативно-методическая база кадрового делопроизводства
Типовые договора
Профессионалы отвечают
Предоставление ФНО в электронном виде
Трудовые отношения
Упрощенная система
Налог на прибыль
Оплата труда
Командировки
Таможня
Стат. отчетность
Другие
Соц. налог
НДФЛ
НДС
Нерезиденты
Нормативная база
Налоговый кодекс РК
Национальные стандарты
Письма контролирующих органов
Постановления
Распоряжения
Инструкции
Конвенции
Положения
Протоколы
Решения
Приказы
Правила
Проекты
Законы
Указы
Бухгалтерская наука
Сертификация CAP, CIPA
Дистанционное обучение
Семинары, брифинги
Учебник по 1С:ПРЕДПРИЯТИЕ
Кабинет директора
Фин. директору
Искусство продаж
Таможенный союз
Автоматизация бизнеса
Реинжиниринг
Менеджмент
Деньги
Рынок и аналитика
Раздел Выставки
Банковские технологии
Акции и фонды
Наши издания
Элитстандарт
Business-portal
Наука продаж:от технологии к искусству
Искусство продаж
Science_of_Sales
Интеллект-магазин
Оформить подписку
Рассылки
МедиаКит
Краткие новости

Книга МСФО 2022 в 3-х томах официальный перевод на русский  язык IFRS Foundation. , тел. 87755768113

Закон

  Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк органдары туралыОсы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттiк органдарының (бұдан әрi – арнаулы мемлекеттiк органдар) мәртебесiн айқындайды, арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етiлуi мен әлеуметтiк қорғалуын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) адъюнкттар мен докторанттар – жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарында бiлiм алатын қызметкерлер;
2) арнайы жиындар – арнаулы мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң қызметтiк-жауынгерлiк даярлығы жөнiндегi iс-шаралар;
3) арнаулы атақ – қызметкерге берiлетiн арнайы айырым белгiсi;
4) арнаулы киiм нысаны – қызметкерлердiң Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiк органдарына, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне тиесiлiгiн айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген нысанды киiм (киiм-кешек) және айырым белгiлерi;
5) арнаулы мемлекеттiк органның қызметкерлерi (бұдан әрi – қызметкерлер) – ұлттық қауiпсiздiк органдарында, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнде қызмет атқарып жүрген, арнаулы атақ берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
6) арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызмет – ұлттық қауiпсiздiк органдарындағы, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органдағы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiндегi лауазымдардағы мемлекеттiк қызметтiң ерекше түрi;
7) арнаулы мемлекеттiк органдардың арнайы есебi – кадр қызметкерлерiн есепке алу және талдау жүйесi;
8) арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерiн есепке алу – арнаулы мемлекеттiк органдардың әскери мiндеттiлерi (офицерлiк құрам) мен басқа да жұмылдыру ресурстарының сандық және сапалық деректерiн есепке алу мен талдау жүйесi;
9) арнаулы мемлекеттiк органдардың запасы (бұдан әрi – запас) – қызметтен шығарылған (терiс себептер бойынша шығарылғандарды қоспағанда) және аумақтық ұлттық қауiпсiздiк органдарында және сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органда арнаулы мемлекеттiк органдар запастағы офицерлерiнiң есебiнде тұратын, арнаулы мемлекеттiк органдарды толықтырып жасақтауға, жұмылдырушылық өрiстетуге және олардың шығынының орнын толтыруға арналған қызметкерлер;
10) Жоғары аттестаттау комиссиясы – арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайтын тiзбеге сәйкес басшы құрамның лауазымды адамдарын олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестiгi және оларды одан әрi неғұрлым орынды қызметтiк пайдалану перспективалары туралы аттестаттау қорытындылары мен ұсынымдарын, аттестаттау комиссиясының қорытындыларымен және ұсынымдарымен келiспейтiн қызметкерлер шағым жасау тәртiбiмен ұсынған аттестаттауларды, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк орган бiрiншi басшысының нұсқауы бойынша Жоғары аттестаттау комиссиясының қарауына шығарылған аттестаттауларды қарайтын, тұрақты түрде жұмыс iстейтiн жоғары консультативтiк-кеңесшi орган;
11) курсанттар – жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының, оның iшiнде шет мемлекеттердiң жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарының жоғары және қосымша бiлiм беру бағдарламалары бойынша бiлiм алатын қызметкерлер;
12) қолданыстағы резерв – арнайы жедел тапсырмаларды орындау үшiн ерекше тәртiппен қызмет өткеру;
13) қызмет өткеру туралы келiсiмшарт (бұдан әрi – келiсiмшарт) – тараптардың құқықтарын, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн шарт;
14) отставка – қызметкерлердi арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығару немесе запаста болудың шектi жасына жеткендердi арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерi есебiнен алып тастау не арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерi есебiнен алып тастай отырып, қызметтен шығару;
15) полиграфологиялық зерттеу – адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын (тыныс алу, жүрек соғуы, терiнiң тiтiркенуi және тағы басқалары) арнайы датчиктердiң көмегiмен тiркеуден тұратын жауап алу рәсiмi;
16) психофизиологиялық куәландыру – арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметке кандидаттардың, олардың қызметкерлерi мен әскери қызметшiлерiнiң жеке психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерiн жан-жақты бағалауға бағытталған iс-шаралар жиынтығы;
17) уәкiлеттi басшы – осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметкерлермен келiсiмшарт жасасу, оларды лауазымға тағайындау, ауыстыру, қызметтен босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығару құқығы берiлген лауазымды тұлға;
18) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шаралар – арнаулы мемлекеттiк органдарда штаттарды құру, тарату, орын ауыстыру, қайта жасақтау, бағыныстылығын өзгерту, ұлғайту және қысқарту бойынша жүргiзiлетiн iс-шаралар.
2-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдар қызметiнiң құқықтық
негiзi
1. Арнаулы мемлекеттiк органдар қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдар
1. Арнаулы мемлекеттiк органдар – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төнуiне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметiн, сондай-ақ күзетiлетiн адамдар мен объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, жедел iздестiру және техникалық шаралар кешенiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдарға ұлттық қауiпсiздiк органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi жатады.
4-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдардың негiзгi мiндеттерi
Арнаулы мемлекеттiк органдарға негiзгi мiндеттер заңмен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктеледi.
5-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдар қызметiнiң қағидаттары
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметi Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк қызмет қағидаттары негiзiнде, сондай-ақ:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау мiндеттiлiгi;
2) арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметтi ұйымдастыруға көзқарастардың бiртұтастығы;
3) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
4) қызметтiң жария және жария емес әдiстерi мен құралдарының ұштасуы;
5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болу;
6) құпиялық және жасырындылық негiзiнде жүзеге асырылады.
6-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi барлық қызметкерлерге қолданылады.
Арнаулы мемлекеттiк органдардың әскери қызметшiлерi қызметiн осы Заңның 7, 15-19, 22, 24, 29-37-баптарында, 5, 6, 7 және 9-тарауларында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес өткередi.
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде мемлекеттiк саяси қызметшiлерге қолданылады.
2-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРҒА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ
7-бап. Қызметке қабылдау шарттары
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметке жасы он сегiзге толған, бiрақ осы Заңда белгiленген атақтар бойынша шектi жастан аспаған, қажеттi жеке, моральдық және кәсiби қасиеттерi, бiлiм деңгейi, денсаулық жағдайы мен дене бiтiмiнiң даму жағдайы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.
Жедел және оған теңестiрiлген бөлiмшелерге қызметке жасы 23-тен кiшi емес азаматтар (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) қабылданады.
Бөлiмшелердi жедел және оған теңестiрiлген бөлiмшелерге жатқызуды арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары белгiлейдi.
2. Қызметке:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн сырқаты бар;
3) өзiнiң мәртебесi мен соған негiзделген беделiн жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттердi болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
4) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;
5) қызметке тұрар алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан (қызметтен) шығарылған;
9) бұрын сотталған немесе ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, өзге де арнаулы мемлекеттiк органдардан, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себептер бойынша шығарылған;
10) арнайы тексеруден өтпеген және (немесе) өзi, жұбайы (зайыбы) мен өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) туралы көрiнеу жалған мәлiметтер берген;
11) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) және жұбайы (зайыбы) ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған;
12) қызметке жарамдылығын анықтау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияларда психофизиологиялық немесе медициналық куәландырудан немесе полиграфологиялық зерттеуден өтпеген адам қабылданбайды.
Арнаулы мемлекеттiк орган кандидатқа қызметке қабылдаудан бас тартудың анықталған себебiн түсiндiрмеуге құқылы.
3. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн мiндеттi түрде әскери-дәрiгерлiк комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтедi.
4. Арнаулы мемлекеттiк органға қызметке тұрған кезде адам және оның отбасы мүшелерi (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен үнемi бiрге тұратын адамдар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыстары және мүлкi туралы декларацияны тапсырғандары туралы мәлiметтер беруге мiндеттi.
8-бап. Қызметке кандидаттарды iрiктеу және қабылдау
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке қабылданатын кандидаттарды iрiктеудi, оларды тексерудi арнаулы мемлекеттiк органдардың кадр және өзге де бөлiмшелерi жүзеге асырады.
Қызметке кандидаттарды iрiктеу және қабылдау iс-шараларын ұйымдастыруды, өткiзу тәртiбiн және әдiстемесiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
2. Қажеттi құжаттардың тiзбесiн, оларды ресiмдеу тәртiбiн, сондай-ақ тексеру жүргiзу мерзiмдерiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
3. Қызметке кандидат бiлiм деңгейi, жұмыс тәжiрибесi, дене бiтiмi дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша тиiстi арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы белгiлеген талаптарға сай болуға тиiс.
4. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
5. Кәсiби-психологиялық iрiктеу бойынша iс-шараларды психологиялық-әлеуметтiк қамтамасыз ету мамандары жүргiзедi. Бұл ретте кандидаттың жеке, тұлғалық, кәсiби сипаттамаларының арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметке қойылатын талаптарға сәйкестiгi айқындалады.
6. Кандидаттың келiсiмшарт бойынша қызметке тұру үшiн белгiленген талаптарға сай келетiн құжаттарын құрылымдық, аумақтық және өзге де бөлiмшелер бағалау үшiн тиiстi арнаулы мемлекеттiк органға жiбередi.
Қажет болған жағдайда, кандидат кәсiби жарамдылығын тексеру үшiн тиiстi арнаулы мемлекеттiк органға шақырылуы мүмкiн.
7. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке қабылдау, әдетте, конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
Конкурстық негiзде орналастырылатын лауазымдар тiзбесiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
8. Конкурсқа қатысу үшiн келген азаматтың кандидатурасын құрылуы мен жұмыс тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайтын конкурстық комиссия қарастырады.
Конкурстық комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi.
9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысы келiп түскен кезде уәкiлеттi басшы кандидатпен келiсiмшарт жасасады, қажеттi материалдарды ресiмдейдi және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшiн тиiстi арнаулы мемлекеттiк органға жiбередi.
10. Тиiстi арнаулы мемлекеттiк орган конкурс нәтижелерi туралы құжаттарды алғаннан кейiн iрiктелiп алынған кандидаттарға қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы жеке құрам бойынша екi ай iшiнде бұйрық шығарады.
11. Арнаулы мемлекеттiк органдарға офицерлiк құрамдағы адамдарды қызметке қабылдау арнаулы мемлекеттiк органдар басшыларының бұйрықтарымен ресiмделедi.
12. Конкурстық iрiктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар осы Заңда белгiленген тәртiппен тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.
13. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке тұрған адамдар осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдайды, олар жазбаша түрде тiркеледi.
14. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоса алғанда, арнаулы мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшiлер белгiленген тәртiппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттiк органдардың арнайы есебiне қойылады, олардың тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
9-бап. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарт
1. Қызмет өткеру туралы келiсiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы уәкiлеттi басшымен жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмiнiң аяқталуы бойынша;
2) қызметкердiң мерзiмiнен бұрын қызметтен шығарылуына байланысты;
3) қызметкер қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күннен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Қызмет өткеру туралы келiсiмшартта азаматтың қызметке тұруының ерiктiлiгi, азаматтың қызметтi өткеруге мiндеттенетiн мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтiледi.
4. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм iшiнде арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткеру мiндетiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, оның құқықтарының сақталуын көздейтiн нормалар қамтылады.
5. Лауазымға Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған қызметкерлер қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасаспастан тиiстi лауазымдағы қызметтi өткередi.
Аталған қызметкерлер лауазымынан босатылғаннан кейiн қызмет өткеру туралы жаңа келiсiмшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.
6. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi осы Заңмен және арнаулы мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
7. Қызметтi өткеру туралы келiсiмшарт үш, бес, он жылға, қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiн немесе арнаулы (әскери) оқу орнындағы бiлiм алу мерзiмiне және оны бiтiргеннен кейiн күнтiзбелiк есептеумен он жыл қызметке жасалуы мүмкiн.
10-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдардың арнаулы (әскери)
оқу орындарына оқуға қабылдау
1. Арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға орта бiлiмi бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетiн жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған, сондай-ақ мерзiмдi әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзiмдi әскери қызмет және (немесе) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет не арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткерiп жүрген, оқуға түсетiн жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызметшiлер түсуге құқылы.
2. Арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылдау тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк орган басшысы тиiстi деңгейдегi жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын, бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгi қағидаларына сәйкес айқындайды.
3. Курсанттың арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған күнi оның қызметтiк мiндеттерiн атқаруды бастаған күнi болып есептеледi.
4. Әскери қызметтi өткермеген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қызметкерлердiң мәртебесiне ие болады және олар он сегiз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ арнаулы (әскери) оқу орнында кемiнде бiрiншi курсты аяқтаған соң қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасады.
5. Қызметкерлер арнаулы (оқу) орындарына қабылданған кезде қызмет өткеру туралы жаңа келiсiмшарт жасасады.
6. Әскери қызмет өткерген, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасады.
7. Арнаулы мемлекеттiк органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға түскен азаматтар бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алудың мерзiмiне және сонымен бiр мезгiлде арнаулы (әскери) оқу орындарындағы бiлiм алуды аяқтаған соң қызметкерлердiң лауазымдарында күнтiзбелiк есептеумен он жылға арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасады.
8. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсушi азаматтың және арнаулы органның лауазымды адамының) өзара мiндеттерi мен жауаптылығы белгiленедi және арнаулы (әскери) оқу орнын бiтiрген соң арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтi одан әрi өткеру шарттары мен мерзiмдерi көзделедi.
9. Осы Заңда белгiленген тәртiппен қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылуға жатады.
10. Қызметкерлердiң әскери және арнаулы оқу орындарында бiлiм алу уақыты мерзiмдi әскери қызметтi өткеру мерзiмiне теңестiрiледi.
Арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер, егер олар шақыру бойынша белгiленген әскери қызмет мерзiмiн өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберiледi және кейiн жалпы негiздерде әскери қызметке шақырылады.
Бұл ретте, үлгермеуi үшiн немесе терiс себептер бойынша арнаулы (әскери) оқу орындарынан шығарылған қызметкерлер өздерiнiң бiлiм алуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi.
Бiлiм алуға жұмсалған шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келiсiмшартта айқындалады.
11. Қызметкер арнаулы (әскери) оқу орнын бiтiргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан және осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4)-7), 11), 12), 13) тармақшаларында көзделген негiздемелер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзiнiң оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi.
11-бап. Қызметкерлердiң лауазымдарына орналастыруға
қойылатын талаптар
Қызметкерлердiң лаузымдарына арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы бекiтетiн арнаулы мемлекеттiк орган лауазымдарының санаттарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарына қарай тиiстi орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмi, жоғары бiлiмi бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
12-бап. Қызметке бiрiншi рет тұратын адамдарға арналған
қайта даярлық
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардың жедел бөлiмшелерiне қабылданған адамдар арнаулы мемлекеттiк органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында қайта даярлықтан өтедi.
2. Қайта даярлықтан өту тәртiбi мен шарттарын арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
13-бап. Қызметкерлердiң ант қабылдауы
1. Мыналар:
1) арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердiң антын қабылдамаған адамдар;
2) бұрын әскери ант немесе қызметкердiң антын қабылдамаған арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары;
3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердiң антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.
2. Қызметкерлер антының мәтiнiн және оны қабылдау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Қызметкерлердiң антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнiң басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледi.
14-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке тұрған
адамдарды кәсiптiк бейiмдеу
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке тұрған адамдар бөлiмшенiң жедел-қызметтiк әрекеттерiне бейiмделуден өтедi.
2. Бейiмдеу жөнiндегi жұмыс қызметкерлердi атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген мiндеттердi сапалы орындауға тезiрек араластыру, олардың бойында қажеттi кәсiптiк қасиеттердi тиiмдi қалыптастыру және арнаулы мемлекеттiк органдардың құндылықтары мен корпоративтiк мәдениет нормаларын игеруi мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қызметкерлердi кәсiптiк бейiмдеу жөнiндегi жұмыс жоспарлы негiзде жүргiзiледi және тәлiмгерлiк жұмысты да қамтитын дамыту iс-шаралары кешенiнен тұрады.
Қызметкерлердi бейiмдеу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық
кепiлдiктерi
1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Қызметкердiң мәртебесiне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттiк орган жеке құрамының тiзiмiнен шығарылған күннен бастап одан айырылады.
2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттiк органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.
4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.
Басшыларға қызметтiк мiндеттерiн орындауға қатысы жоқ және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен өкiмдер беруге тыйым салынады.
Жауынгерлiк iс-қимылдарынан, төтенше жағдайлар ахуалында тапсырмаларды орындаудан, сондай-ақ жедел-iздестiру iс-шараларын өткiзуден басқа жағдайларда, бұйрықтар тек қана жазбаша түрде берiледi.
6. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.
16-бап. Мiндеттердi атқару
1. Қызметкерлер:
1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
2) жауынгерлiк iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайлар ахуалында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi бiтiмгершiлiк операцияларына қатысқан;
4) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысқан;
5) оқу-жаттығуларға қатысқан;
6) егер бұл қызметтiк қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгiленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта қызметтiк объектiлердiң аумағында, сондай-ақ өзге де орындарда болған;
7) қызметтiк iссапарда болған;
8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
9) емдеуде немесе медициналық тексеруде (куәландыруда), емдеу немесе медициналық тексеру (куәландыру) орнына бару және керi қайту жолында болған;
10) арнайы жиындардан өткен;
11) тұтқында, кепiлге алыну немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
12) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын қорғаған;
13) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау, құқық тәртiбiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
14) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-әрекеттер жасаған жағдайларда, қызметтiк мiндеттерiн атқарушы болып есептеледi.
17-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты
құқықтары
1. Қызметкерлердiң:
1) лауазымдық мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;
2) өздерiнiң құқықтары мен лауазымдық мiндеттерiн айқындайтын құжаттармен танысуға;
3) лауазымдық мiндеттерiн атқарумен байланысты мемлекеттiк органдарға, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға белгiленген тәртiппен кiрiп-шығуға;
4) егер лауазымдық мiндеттерiн орындау мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдаланумен байланысты болса, белгiленген тәртiппен осындай мәлiметтерге қол жеткiзуге;
5) қызметтiк iс-әрекет нәтижелерi, қызмет өтiлi мен бiлiктiлiк деңгейi ескерiле отырып, қызметте өсуiне;
6) өздерiнiң қызметтiк әрекетi туралы пiкiрлермен және басқа да құжаттармен олар жеке iсiне енгiзiлгенге дейiн, жеке iсiнiң материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзiнiң жазбаша түсiнiктемелерiн және басқа да құжаттар мен материалдарды жеке iске қосуына;
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiпте, кәсiптiк қайта даярлыққа, бiлiктiлiгiн арттыруына және тағылымдамадан өтуiне;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң, өз отбасы мүшелерi өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң мемлекеттiк қорғалуына;
9) қызметкер мен оның отбасы мүшелерiнiң дербес деректерiнiң қорғалуына;
10) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн, сондай-ақ қызметiн өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшiн бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгiнуге;
11) медициналық қамтамасыз етiлуге және санаториялық-курорттық емделуiне;
12) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтiк қорғалуға;
13) тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге;
14) қызметтiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызметтiнiң тиiсiнше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлары жасалуына;
15) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
16) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде өздерiне жүктелген мiндеттерiне сәйкес арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
18-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты
мiндеттерi
1. Қызметкерлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктердi жүзеге асыруға;
4) қызмет және еңбек тәртiбiн сақтауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
7) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
10) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
11) қызметкердiң жеке мүддесi өзiнiң өкiлеттiктерiмен ұштасатын немесе оларға қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тiкелей және уәкiлеттi басшыны дереу хабардар етуге;
12) өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
13) қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөйлеуге жол бермеуге;
14) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiш бергендiгi туралы оны берген күнi өзiнiң тiкелей басшысына хабарлауға;
15) қажеттi кәсiби және құқықтық бiлiм, дене күшi, арнаулы және жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға мiндеттi.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де мiндеттер белгiленедi.
19-бап. Қызметкердiң қызметте болуына байланысты қойылатын
шектеулер
1. Қызметкердiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға, партиялар, кәсiптiк одақтар қатарында болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдап әрекет етуге, арнаулы мемлекеттiк органдар жүйесiнде өз мүшелерiнiң еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшiн олардың кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығына негiзделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық мiндеттерi болып табылатын жағдайларды қоспағанда, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетiн қызметпен айналысуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық мiндеттерi болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе қадағалау кеңесiнiң құрамына кiруге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн iс-әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсаттарда пайдалануға;
8) пайдакүнемдiк мақсаттарда, оның iшiнде лауазымды немесе өзге адамдармен сөз байласу жолымен өзiнiң қызмет жағдайын пайдалануға;
9) өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымына тiкелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға;
10) уәкiлеттi басшының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уытқұмарлық, мас болу жағдайын туғызатын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану, оның iшiнде ара-тұра пайдалану тұрғысынан медициналық куәландырудан өтуден бас тартуға және жалтаруға құқығы жоқ.
Куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығаруға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, қызметкер лауазымға кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде коммерциялық ұйымдардағы өзiнiң меншiгiндегi акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлесiн) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi, өзiне заңды түрде тиесiлi ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, қызметiн өткеру уақытына сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартын нотариат куәландыруға тиiс.
Қызметкердiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
3. Осы бапта көзделген шектеулердi сақтамағаны үшiн жауаптылық осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленедi.
20-бап. Соғыс жағдайы кезеңiнде қызметте құқықтық
қатынастардың туындауы мен өзгеруi
Соғыс жағдайының қолданылу кезеңiнде арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруi ерекшелiктерiн және оның жалғастырылуын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
21-бап. Қызметкерлердiң жауаптылығы
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу құқыққа қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкердi жауаптылықтан босатпайды.
Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған кезде бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазаланатын iс-әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердiң заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Құқыққа қайшы әрекеттерiмен арнаулы мемлекеттiк органға келтiрiлген материалдық нұқсан үшiн қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.
22-бап. Қызметкерлердiң қызметтiк куәлiктерi және
жетондары
1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкiлеттiктерiн растайтын қызметтiк куәлiктер және жетондар берiледi.
Куәлiктер мен жетондарды беру және пайдалану тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
2. Қызметтiк куәлiктiң сипаттамасын және жетондардың үлгiлерiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы бекiтедi.
3. Қызметтiк куәлiк адамның арнаулы мемлекеттiк органға қатыстылығын, оның лауазымын және арнаулы немесе әскери атағын растайтын құжат болып табылады.
Қызметтiк куәлiктер мен жетондарда қажеттi қорғалу деңгейi болуы тиiс.
Қызметкердiң қызметтiк куәлiгi оның қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес берiлген өзге де өкiлеттiктердi растайды.
23-бап. Қызметкерлердiң арнаулы киiм үлгiсi
1. Арнаулы атақ берiлген қызметкерлер бюджет қаражаты есебiнен арнаулы киiм үлгiсiмен қамтамасыз етiледi.
2. Арнаулы киiм үлгiсiнiң түрлерi мен сипатын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды. Арнаулы киiм үлгiсiмен қызметкерлердi қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды. Арнаулы киiм үлгiсiн киiп жүру тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшылары айқындайды.
4-тарау. ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ
24-бап. Кадр құрамы
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардың кадр құрамын қызметкерлер, әскери қызметшiлер және жұмыскерлер құрайды.
2. Қызметкерлер мен әскери қызметшiлер арнаулы мемлекеттiк органдарда штаттық лауазымдарда, қолданыстағы резервте қызмет өткередi, сондай-ақ запаста бола алады.
Қызметкерлер мен әскери қызметшiлердi қолданыстағы резервке алу мен олардың қызметтi өткеру тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
Арнаулы мемлекеттiк органдар жұмыскерлерiнiң еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасымен реттеледi.
25-бап. Қызметкерлер құрамы
Қызметкерлер мынадай құрамдарға бөлiнедi:
1) қатардағы қызметкерлер;
2) сержанттар;
3) офицерлер.
26-бап. Арнаулы атақтар
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарда мынадай арнаулы атақтар белгiленедi:
1) қатардағы құрам:
қатардағы қызметкер;
2) сержанттар құрамы:
кiшi сержант;
сержант;
аға сержант;
3) кiшi офицерлiк құрам:
лейтенант;
аға лейтенант;
капитан;
4) аға офицерлiк құрам:
майор;
подполковник;
полковник;
5) жоғары офицерлiк құрам:
генерал-майор;
генерал-лейтенант;
генерал-полковник.
2. Қызметкерлердiң арнаулы атақтарының алдында олардың мыналарға қатыстылығын көрсететiн мынадай сөздер қосылады:
1) ұлттық қауiпсiздiк органдарына – «ұлттық қауiпсiздiк»;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiне – «Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi»;
3) сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органға – «сыртқы барлау».
3. Запастағы азаматтардың арнаулы атақтарының алдына «запастағы», ал отставкадағыларға – «отставкадағы» деген сөздер қосылады.
4. Арнаулы атақтарда еңбек сiңiру мерзiмдерi:
офицерлiк құрамға:
лейтенанттарға – екi жыл;
аға лейтенанттарға – үш жыл;
капитандарға – төрт жыл;
майорларға – бес жыл;
подполковниктерге – жетi жыл белгiленедi;
полковниктер мен одан жоғарыларға – белгiленбейдi;
қатардағы мен сержанттық құрамға – белгiленбейдi.
Бiлiм алудың бес жыл және одан көп мерзiмiмен арнаулы (әскери) оқу орындарын бiтiрген қызметкерлер үшiн лейтенант арнаулы атағында еңбек сiңiру мерзiмi бiр жыл болып белгiленедi.
27-бап. Арнаулы атақтарды беру тәртiбi
1. Арнаулы атақтар қызметкерлерге дербес берiледi. Арнаулы атақ алғашқы немесе кезектi болуы мүмкiн.
2. Қызметкерлерге арнаулы атақтарды:
1) жоғары офицерлiк құрамға – арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi;
2) полковниктi – арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы;
3) өзге арнаулы атақтарды – лауазымдар номенклатурасына сәйкес арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындаған лауазымды адамдар бередi.
3. Алғашқы арнаулы атақтар болып:
1) офицерлiк құрам үшiн – лейтенант;
2) сержанттар құрамы үшiн – кiшi сержант;
3) қатардағы құрам үшiн – қатардағы қызметкер саналады.
4. «Лейтенант» арнаулы атағы:
1) офицерлiк құрамның арнаулы атағы жоқ, жоғары (арнаулы немесе әскери) оқу орындарын бiтiрген қызметкерге;
2) офицерлiк құрамның арнаулы атағы жоқ, тиiстi мамандыққа ұқсас жоғары кәсiптiк бiлiмi бар және штатпен офицерлiк құрам атағы көзделген лауазымға келiсiмшарт бойынша қызметке тұрған қызметкерге – тиiстi лауазымға тағайындау кезiнде, бiрақ кемiнде алты айдан кейiн берiледi.
5. Офицерлiк құрамның алғашқы арнаулы атағын қызметкер қызмет өткерiп жүрген арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы бередi.
6. «Сержант» арнаулы атағы және одан кейiнгiлер қажеттi дайындық деңгейi бар және тиiстi лауазымға тағайындалған қызметкерге, бiрақ кемiнде он екi айдан кейiн берiледi.
7. «Кiшi сержант» арнаулы атағы әскери атағы жоқ, жоғары немесе орта бiлiмi бар азаматқа келiсiмшарт бойынша қызметке тұрған кезде берiледi.
8. «Қатардағы қызметкер» арнаулы атағы арнаулы атағы жоқ азаматтарға:
1) келiсiмшарт бойынша қызметке тұрған кезде;
2) арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған кезiнде берiледi.
9. Запастан қабылданған не Қарулы Күштер, басқа әскерлер немесе әскери құралымдардан ауыстыру тәртiбiмен қабылданған азаматқа қызметкердiң лауазымына тағайындау кезiнде қайта аттестаттау тәртiбiмен өзiнде бар әскери атақтан төмен емес арнаулы атақ берiледi.
Арнаулы мемлекеттiк немесе құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген, запастан қабылданған не басқа арнаулы мемлекеттiк не құқық қорғау органдарынан ауыстыру тәртiбiмен қабылданған және арнаулы атағы немесе сыныптық шенi бар адамдарға оларды қызметкердiң лауазымына тағайындау кезiнде қайта аттестаттау тәртiбiмен арнаулы атақ берiледi. Қайта аттестаттауды өткiзу және арнаулы атақ беру тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
Бұрынғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзiмi кезектi арнаулы атақ беру үшiн еңбек сiңiру мерзiмiне есептеледi.
10. Кезектi арнаулы атақ егер ол тең немесе одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымды атқарып отырса, алдыңғы арнаулы атақта еңбек сiңiру мерзiмi өткеннен кейiн берiледi.
11. Қызметкерде алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ол кезектi арнаулы атағын алуға ұсыныла алмайды.
12. Жоғары офицерлiк құрамның арнаулы атағы қызметкерге жоғары офицерлiк құрамды ауыстыруға жататын атқарып отырған лауазымында, әдетте, кемiнде екi жыл өткеннен кейiн берiледi.
13. Арнаулы атақтарда еңбек сiңiру мерзiмi арнаулы атақ берiлген күннен бастап есептеледi.
14. Сержанттар құрамының лауазымына тағайындау кезiнде тиiстi даярлықтан өткен қызметкерге арнаулы атақ берiлуi мүмкiн.
15. Арнаулы (әскери) оқу орындарында және адъюнктурада күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алатын офицерлерге кезектi арнаулы атақтар ағымдағы арнаулы атақтарда болудың белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн және ол оқуға түсер алдында атқарған лауазымы бойынша арнаулы атаққа берiлетiн атақ сәйкес келген кезде берiледi.
16. Қызметтiк борышын үлгiлi орындайтын, қызмет атқару немесе өзге де қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсiби шеберлiк пен ынта-жiгер танытқан қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ мерзiмiнен бұрын берiлуi мүмкiн, бiрақ атқарып отырған лауазымдар бойынша көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
Мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ арнаулы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн, бiрақ тиiсiнше кiшi және аға офицерлiк құрамның әскери атақтарында қызмет өткерген кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi.
17. Қызметтiк, жауынгерлiк даярлықта, қызметтiк тәртiптi нығайтуда, күрделi техниканы меңгеруде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзген немесе арнаулы мемлекеттiк органның мiндеттерiн орындаумен байланысты тапсырылған учаскедегi мiндеттердi үлгiлi орындайтын қызметкерге подполковникке дейiн, ал ғылыми дәрежесi бар ғылыми-педагогикалық құрамның офицерлерiне полковниктi қоса алғанда – атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ берiлуi мүмкiн.
Атқарып жүрген лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ қызмет кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi және арнаулы атағында кемiнде екi белгiленген еңбек сiңiру мерзiмi өткеннен кейiн берiледi.
18. «Кiшi сержант» кезектi арнаулы атағы ол үшiн «кiшi сержант» және одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымға тағайындалатын қызметкерге берiледi.
19. Офицерлiк немесе сержанттық құрамның арнаулы атағынан айырылған азаматқа (әскери мiндеттiге) қатардағы құрамның әскери есебiне бiр мезгiлде ауыстыра отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органының бастығы «қатардағы қызметкер» әскери атағын бередi.
28-бап. Арнаулы атақты төмендету, одан айыру және арнаулы
атағын қалпына келтiру
1. Қызметкердiң арнаулы атағы бiр сатыға:
1) жоғары офицерлiк құрам – Қазақстан Республикасының Президентiмен;
2) офицерлiк құрам (жоғары офицерлiк құрамнан басқа) – арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысымен;
3) өзге де арнаулы атақтар – лауазымдар номенклатурасына сәйкес төмендетiлуi мүмкiн.
2. Арнаулы атағы төмендетiлген қызметкерге осы Заңға сәйкес арнаулы атақ берiлуi немесе ол қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
Арнаулы атақты қайталап төмендетуге жол берiлмейдi, ықпал етудiң өзге шаралары қолданылады.
Төмендетiлген арнаулы атақта қызмет уақыты қызметкерге кезектi арнаулы атақ беру үшiн еңбек сiңiру мерзiмiне есептелмейдi.
3. Қылмыс жасаған қызметкерлер соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi бойынша арнаулы атағынан айырылады.
Қызметкердi арнаулы атағынан айыру жеке құрам бойынша бұйрықпен ресiмделедi.
4. Заңсыз соттауға байланысты арнаулы атағынан айырылған азаматқа бұрынғы арнаулы атағы Қазақстан Республикасының заңдарында және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бұрынғы құқықтары мен жеңiлдiктерi қалпына келтiрiле отырып, оны ақтау туралы шешiм күшiне енгеннен кейiн берiледi.
29-бап. Қызметкерлердi лауазымға тағайындау және ауыстыру
1. Қызметкер арнаулы атаққа сәйкес келуi тиiс лауазымға тағайындалады.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдардағы лауазымдар және оларға сәйкес арнаулы және әскери атақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Арнаулы мемлекеттiк органдардағы типтiк емес лауазымдар және оларға сәйкес келетiн арнаулы және әскери атақтар тiзбесiн осы органдардың бiрiншi басшылары бекiтедi.
30-бап. Лауазымға тағайындау тәртiбi
1. Қызметкердi лауазымға тағайындау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қызметкерлермен келiсiмшарт жасасу, оларды лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақтар беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тiзбесiн (лауазымдар номенклатурасы) арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
3. Қызметкердi лауазымға тағайындау бiлiмi мен кәсiби даярлығы деңгейiн, оның психологиялық қасиеттерiн, денсаулық жағдайын және осы Заңда көзделген өзге де мән-жайларды ескере отырып, жүргiзiледi.
4. Қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау қызметтiк әрекетiнiң тәжiрибесi ескерiле отырып, оларды негiзгi немесе бiр бейiндi мамандығы бойынша пайдалануды қамтамасыз етуге тиiс. Қызметкердi олар үшiн жаңа мамандық бойынша лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде, олар осы лауазымдарға тағайындалар алдында тиiстi қайта даярлықтан өтуге тиiс.
5. Офицерлiк құрамының атағы бар, жоғары оқу орнынан кейiнгi жоғары кәсiптiк бiлiм беру бағдарламасы бойынша офицердi даярлау көзделген арнаулы (әскери) оқу орнына, адъюнктураға, докторантураға күндiзгi оқу нысанына қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және адьюнкт немесе докторант лауазымына тағайындалады.
Сержант немесе офицерлiк атағы бар, атқаратын қызметiнен босатылмай арнаулы (әскери) оқу орнында қайта даярлау мен бiлiктiлiгiн жоғарлатудан өтетiн қызметкер тыңдаушы болып табылады.
Офицер атағы жоқ, арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және аталған оқу орнында бiлiм алатын адамдар үшiн көзделген курсант лауазымына тағайындалады.
Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған азамат аталған оқу орнында бiлiм алатын адамдар үшiн көзделген курсант лауазымына тағайындалады.
Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылдаған кезде қызметкерге (азаматқа) оның бұрын берiлген атағы сақталады.
6. Арнаулы (әскери) оқу орнына, адьюнктураға, докторантураға қабылданбаған қызметкерлер өздерiн аталған оқу орнына түсу үшiн жiберген бөлiмшеге бұрынғы атқарған лауазымына қайтып келедi.
7. Арнаулы (әскери) оқу орындарын, адъюнктураны, докторантураны бiтiрген қызметкерлер қажеттi бiлiм деңгейi бар адамдар алмастыруға жататын және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн арнаулы мемлекеттiк органдағы лауазымдар және оларға сәйкес келетiн арнаулы атақтар тiзбесiнде (бұдан әрi – Лауазымдар тiзбесi) көзделген офицерлiк құрамның лауазымдарына тағайындалады.
Аталған лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай қызметкерлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге лауазымдарға тағайындалады (айрықша жағдайларда лауазымға одан әрi тағайындау үшiн тиiстi бастықтың қарамағына жiберiледi).
8. Лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:
1) сержанттар құрамы және офицерлiк құрам атқаруға жататын лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерi тағайындалады.
Аталған лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның қызметкерлерi тағайындалуы мүмкiн;
2) тиiстi бастықтардың қарамағына жiберiлген қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау осы Заңның 33-бабының 4-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;
3) қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;
4) егер қызметкерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе аталған рұқсаттама тоқтатылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе қызметтен шығарылуға жатады;
5) өзара жақын туыстықта болатын қызметкерлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет өткеруге рұқсат берiлмейдi.
9. Қызметкерлер жоғары тұрған, тең немесе төмен тұрған лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.
10. Лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы лауазым бойынша арнаулы атаққа қарағанда неғұрлым жоғары арнаулы атақ, ал штатта көзделген арнаулы атақтар тең болған жағдайда - бiлiктiлiк талаптарының немесе басқару органының неғұрлым жоғары деңгейi сәйкес келсе, лауазым жоғары тұрған болып есептеледi.
11. Қызметкердi жоғары тұрған лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртiбiмен жүргiзiледi.
Жоғары тұрған лауазымға өзi қызмет өткеретiн органының аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсiби қасиеттерiн және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен қызметкер тағайындалады.
12. Лауазымдар, егер оларға тең арнаулы атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып есептеледi.
13. Қызметкердi тең лауазымға тағайындау:
1) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
2) қызметкердi қызметте орынды пайдалану үшiн;
3) осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн қызметкердiң баянатына сәйкес отбасы жағдайы бойынша;
4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.
14. Лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек арнаулы атақ, сондай-ақ анағұрлым төмен бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып есептеледi.
15. Төмен лауазымға тағайындау:
1) қызметкердiң келiсiмiмен:
оның даярлық бейiнiне тең бос лауазым болмаған кезде ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн отбасылық-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;
әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, бастықтың қарамағында болған кезеңде;
2) келiсiмшартты бұзу үшiн негiздер болып табылмайтын, қызмет өткеру тәртiбi мен қағидаларын бiрнеше рет (бiр жыл iшiнде екi және одан да көп) бұзған жағдайда аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша қызметкердiң келiсiмiнсiз бiр сатыдан төмен емес лауазымға тағайындау жүргiзiледi.
16. Қызметкердi лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жiберу, шығару, арнаулы атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiмшарт жасасқан кезде арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiпте ұсыну ресiмделедi.
31-бап. Қызметкерлердi ауыстыру тәртiбi
1. Қызметкердi ауыстыру – бұл оның лауазымдық жағдайын немесе қызмет орнын өзгерту.
Ауыстыру:
1) лауазымға тағайындалған;
2) iссапарға жiберiлген;
3) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша бастықтың қарамағына жiберiлген;
4) арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған;
5) бiр арнаулы мемлекеттiк органнан басқасына ауыстырылған;
6) бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.
2. Ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға сәйкес жүзеге асырылатын бөлiмшенiң тұрақты орналасу орны өзгерген, сондай-ақ бөлiмшенiң тұрақты орналасу орнына қарамастан тең лауазымға тағайындалған кезде қызметкердi ауыстыру арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы осы құқықты берген уәкiлеттi басшының шешiмiмен оның келiсiмiнсiз жүргiзiледi.
3. Қызметкердi ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстердi және лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
Iстердi және лауазымын тапсыруды бастауды уәкiлеттi басшы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi-көшiрме немесе қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен күннен бастап, бiрақ хабарлама келiп түскен күннен бастап жетi тәулiктен кешiктiрмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген қызметкер үшiн – ол келген күннен бастап айқындайды.
32-бап. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды
жүктеу
1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты қызметкерге ол атқармайтын лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:
1) бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша – оның келiсiмiмен жүктелуi мүмкiн, бұл жағдайда қызметкер атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттердi уақытша атқаруға жiберiлген лауазымы бойынша ақшалай үлес төленедi;
2) бос емес (тағайындалған) лауазым бойынша – оны атқарып отырған қызметкер уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған қызметкердi лауазымынан шеттеткен жағдайда, 2 айдан аспайтын мерзiмге жүктелуi мүмкiн.
2. Қызметкерге бос лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкерге жоғары офицерлiк құрам атқаруға тиiс бос лауазымдар бойынша лауазымды уақытша атқаруды жүктеу арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Органның бастығы өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.
33-бап. Бастықтың қарамағына жiберу
1. Қызметтi одан әрi өткеру мәселелерiн шешу үшiн қызметкерлердi лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығару құқығы бар уәкiлеттi басшының қарамағына жiберуi мүмкiн.
2. Қызметкердi бастықтың қарамағына жiберуге осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзiмдерде жол берiледi.
3. Қарамағында қызметкерлер бар лауазымды адамдар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
4. Қызметкер:
1) оны басқа лауазымға тағайындау кезiнде уәкiлеттi басшының қарамағында екi айдан аспайтын мерзiмде болу;
2) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шаралар (штаттардың қысқаруы) өткiзуге байланысты уәкiлеттi басшының қарамағында үш айдан аспайтын мерзiмде болу;
3) қызметкердi тең лауазымға ауыстыру мүмкiндiгiнiң болмауына байланысты уәкiлеттi басшының қарамағында алты айдан аспайтын мерзiмде болу;
4) қызметкерге қатысты қылмыстық iс қозғалуына байланысты уәкiлеттi басшының қарамағында қылмыстық iс бойынша шешiм шыққанға дейiн болу;
5) мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ ұйымдарға iссапарға жiберiлу;
6) қолданыстағы резервте болу жағдайларында штаттық емес лауазымдарда қызмет өткеруi мүмкiн.
34-бап. Лауазымнан босату
1. Қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, қызметтен шығарылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Заңда көзделген басқа да мән-жайларға байланысты атқарып жүрген лауазымынан босатылады.
2. Қызметкердi атқарып жүрген лауазымынан босатуға уәкiлеттi басшының құқығы бар.
35-бап. Ресми өкiлдер
Арнаулы мемлекеттiк органдар өздерiнiң ресми өкiлдерiн өзге мемлекеттердiң арнаулы қызметтерiмен немесе құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерiне жiберуi мүмкiн.
Ресми өкiлдер туралы ереженi арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
36-бап. Қызметкерлердi мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ
ұйымдарға iссапарға жiберу
1. Қызметкерлер мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн және заңдарда көзделген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, сондай-ақ ұйымдарына, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi басшыларының келiсiмiмен, не халықаралық шарттар негiзiнде халықаралық ұйымдарға iссапарға жiберiлуi мүмкiн.
Бұл ретте iссапарға жiберiлген адамның мәртебесi сақталады, ал бұдан бұрын жасалған келiсiмшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, ұйымдарға iссапарға жiберiлген қызметкерлермен жаңа келiсiмшарттар жасасу осы Заңға сәйкес жүргiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, сондай-ақ ұйымдарға iссапарға жiберiлген қызметкерлерге арнаулы атақтар беру, оларды қызметтен шығару, мемлекеттiк наградалармен наградтау осы Заңда көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгiленген лауазымдық айлықақылар және арнаулы атақ бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген айлықақылар төленедi.
5. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ ұйымдарды ұстауға көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ арнаулы киiм үлгiсiмен қамтамасыз ету, қызметкерлердi iссапарға жiберген арнаулы мемлекеттiк органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.
6. Халықаралық ұйымдарға iссапарға жiберiлген қызметкерлерге, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе, халықаралық ұйымдар қызметкерлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгiленген жалақы оларды ұстау үшiн көзделген қаражат есебiнен төленедi.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, сондай-ақ ұйымдарға iссапарға жiберу кезеңiнде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құқықтар, кепiлдiктер, жеңiлдiктер, өтемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау сақталады.
Iссапарға жiберiлген қызметкерлердi зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте iссапарға жiберiлген қызметкерлерге мiндеттi зейнетақы аударымдарын есептеу үшiн олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында, сондай-ақ ұйымдарында атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары есепке алынады, ал халықаралық ұйымдарға iссапарға жiберiлген қызметкерлердiң мiндеттi зейнетақы аударымдарын есептеу үшiн арнаулы мемлекеттiк органдарда атқарған соңғы лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары және арнаулы атақтары бойынша айлықақылары есепке алынады.
Қалған бiржолғы сипаттағы төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн қызметкердiң атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы есепке алынады.
37-бап. Кадр резервi
1. Арнаулы мемлекеттiк органның кадрлық құрамын қалыптастыру және лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттiк органда кадр резервi жасалады.
2. Кадр резервi аттестаттау нәтижелерi бойынша жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден қалыптастырылады.
3. Бос басшы лауазымға арнаулы мемлекеттiк органның кадр резервiнде тұрған адам уәкiлеттi басшының шешiмi бойынша орналастырылады. Кадр резервiнде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде бос лауазымға аттестаттау нәтижесi бойынша басқа қызметкер орналастырылады.
4. Кадр резервiн қалыптастыру және онымен жұмыс жүргiзудi ұйымдастыру жауаптылығы арнаулы мемлекеттiк органның уәкiлеттi басшысына және кадр бөлiмшесiне жүктеледi. Арнаулы органдарда кадр резервi кадрлардың сапалық құрамы және тиiстi лауазымдарға орналастыру қажеттiгi ескерiле отырып қалыптастырылады.
5. Кадр резервiне қоюды уәкiлеттi басшы жүзеге асырады.
6. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған, лауазымынан немесе арнаулы атағынан төмендетiлген, сондай-ақ оған қызметiне толық сәйкес келмеуi туралы ескерту түрiнде тәртiптiк жазалау шарасы қолданылған жағдайларда кадр резервiнен шығарылады.
7. Қызметкердiң кадр резервiнде тұру мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс. Кадр резервiне қойылып, бiрақ кадр резервiнде болған кезеңде олар үшiн жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар кадр резервiне жалпы негiздерде жаңадан қойылуы мүмкiн.
8. Арнаулы мемлекеттiк органның кадр бөлiмшелерi кадр резервiне қойылған қызметкерлердiң тiзiмдерiн жүргiзедi.
9. Кадр резервiн қалыптастыру және олармен жұмыс iстеудi ұйымдастыру тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
5-тарау. ДЕМАЛЫСТАР
38-бап. Демалыс түрлерi
1. Қызметкерлер үшiн демалыстардың мынадай түрлерi белгiленедi:
1) жыл сайынғы;
2) қысқа мерзiмдi;
3) жүктiлiгi және босануы бойынша, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыстар;
4) қосымша;
5) каникулдық
6) оқу;
7) ауруы бойынша;
8) бала үш жасқа толғанға дейiн оны бағып-күтуге арналған айлықақысы сақталмайтын демалыс.
39-бап. Демалыстар берудiң және олардың ұзақтығын
есептеудiң жалпы тәртiбi
1. Демалыстар уәкiлеттi басшының бұйрығы негiзiнде берiледi.
2. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып қайту жолына қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.
3. Осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрлерiнде болған кезеңде қызметкерлердiң ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.
40-бап. Жыл сайынғы демалыс
1. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыстар уәкiлеттi басшы бекiткен демалыстар кестесiне сәйкес күнтiзбелiк жыл iшiнде берiледi.
Демалыс уақытында, бөлiмшенiң толық таралуын және келiсiмшартта көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттiк органның бастамасы бойынша қызметкердi ауыстыруға, жұмыстан шығаруға жол берiлмейдi.
2. Еңбек сiңiрген жылдарын, қызмет ерекшелiктерi мен жағдайларын ескере отырып, қызметкерлерге (курстанттарды қоспағанда) берiлетiн жыл сайынғы демалыстардың ұзақтығы:
қызметте еңбек сiңiрген жылдары күнтiзбелiк 10 жылға дейiнгiлерге – 30 тәулiк;
10-нан 15 жылға дейiнгiлерге – 35 тәулiк;
15-тен 20 жылға дейiнгiлерге – 40 тәулiк;
20 жыл және одан көптерге – 45 тәулiк;
ұшу жұмыстарындағы, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн жергiлiктi жерлерде қызмет өткеретiн адамдарға – 45 тәулiк болып белгiленедi.
3. Қызмет мүдделерiн және қызметкерлердiң тiлектерiн ескере отырып, демалыс екi бөлiкке бөлiнуi мүмкiн.
4. Қызметкердiң қызметке тұрған жылдағы және қызметтен шығарылған жылдағы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екiге бөлiп, алынған тәулiк санын қызметке тұрған немесе шығарылған жылдағы қызметтiң толық айларының санына көбейту арқылы есептеледi.
5. Толық емес тәулiктер мен айлардың санын дөңгелектеу ұлғайту жағына қарай жүргiзiледi. Қызметкердi қызметтен уақтылы шығару (арнаулы мемлекеттiк органның жеке құрамы тiзiмiнен алып тастау) мүмкiн болмаған жағдайда, оны шығару күнi жыл сайынғы демалыстың пайдаланылмаған күндерiне есеп айырысу жүргiзiлiп, ол қызметкерге берiледi. Мерзiмiнен бұрын қызметтен шығару кезiнде (келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн), егер демалыс кестесiне сәйкес демалыс бұрын пайдаланылмаса, қызметкердiң жыл сайынғы демалыс ұзақтығы осындай тәртiппен есептеледi.
6. Арнаулы (әскери) оқу орнын бiтiрген қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс аталған оқу орнын аяқтағаннан кейiн берiледi.
7. Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын биiк таулы жерлерде (биiктiгi бiр мың бес жүз метр және одан жоғары), климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткерiп жүрген қызметкерлерге еңбек сiңiрген жылдарына қарамастан ұзақтығы күнтiзбелiк қырық бес күн ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.
8. Қызметкерлердiң жыл сайынғы демалысының ұзақтығы демалысты өткiзу орнына барып қайту жолы үшiн қажет уақытты ескере отырып, тәулiк санына ұлғайтылады.
9. Қызметкердiң баянаты және уәкiлеттi басшының шешiмi бойынша қызметкерге жыл сайынғы және қосымша демалыстар олардың арасын үзбей жалғастырылып беруге жол берiледi.
10. Өткен жылдың жыл сайынғы және (немесе) қосымша демалыстарын қызметкер дәлелдi себептермен толық пайдаланбаған жағдайда, демалыстың пайдаланылмаған күндерi оның өтiнiшi бойынша келесi жылы берiледi.
11. Жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақытында (арнаулы мемлекеттiк органның жеке құрамы тiзiмiнен шығара отырып, қызметтен шығарылатын жылдан басқа) ауырып қалған қызметкерлерге, отбасы жағдайлары бойынша демалысты қоспағанда, ауырған күндерiнiң санына сәйкес жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақыты ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды уәкiлеттi басшы емдеу-сауықтыру мекемесiнiң анықтамасы негiзiнде жүзеге асырады.
12. Отбасы мүшесiнiң денсаулық жағдайы ауыр немесе ол қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыстағы қызметкердiң отбасы мүшелерi табиғи немесе техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға тап болғанда қызметкер демалып жүрген аумақтың аумақтық орган басшысы қызмет өткеру орнына баруға қажет уақытты есептемегенде, демалысты он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
Аумақтық орган басшысы демалыстың ұзартылғаны туралы аталған қызметкер қызмет өткеретiн бөлiмше басшысын дереу хабардар етедi.
41-бап. Қысқа мерзiмдi демалыстар
1. Қызметкерлерге қысқа мерзiмдi демалыс он тәулiкке дейiнгi мерзiмге:
1) жақын туыстарының (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) денсаулық жағдайы ауыр немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
2) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға тап болған;
3) шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелер туындаған жағдайларда, сондай-ақ уәкiлеттi орган басшысы дәлелдi деп танылған басқа да себептер бойынша берiледi.
2. Қызметкерге берiлетiн қысқа мерзiмдi демалыс ұзақтығы демалыс өткiзу орнына баруы мен қайту жолына қажеттi тәулiк санына ұлғайтылады.
3. Қызметкерге қысқа мерзiмдi демалыстар жылына екi реттен артық берiлмейдi.
42-бап. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс, бала
(балалар) асырап алған қызметкерлерге берiлетiн
демалыс
1. Әйел қызметкерге жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс босанғанға дейiн ұзақтығы күнтiзбелiк жетпiс күн және босанғаннан кейiн күнтiзбелiк елу алты (босануы ауыр болған немесе екi немесе одан да көп бала туылған жағдайда – жетпiс) күн берiледi. Есептеу жинақтап жүргiзiледi және босанғанға дейiнгi нақты пайдаланылған күндердiң санына қарамастан толық демалыс берiледi.
Қызметкерлерге аталған демалыс тиiстi медициналық мекеме берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағының негiзiнде берiледi.
2. Жаңа туылған бала (балалар) асырап алған қызметкерге (ата-анасының бiрiне) асырап алған күннен бастап және баланың туылған күнiнен елу алты күн өткенге дейiнгi мерзiмге демалыс берiледi.
43-бап. Қосымша демалыстар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткеретiн қызметкерлердiң ұзақтығы мен беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыстар алуға құқығы бар.
2. Қызметiнiң ерекше жағдайлары үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк он күнге дейiн қосымша ақы төленетiн демалыс берiледi, ол жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысына қосылып есептеледi және қызметкердiң қалауы бойынша онымен бiр мезгiлде немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
3. Зиянды жағдайларда мiндеттерiн атқарғаны және қызметiнiң ерекше сипаты үшiн бiр мезгiлде қосымша демалыс алуға құқығы бар қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бiр негiз бойынша ғана берiледi.
44-бап. Каникулдық демалыстар
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алатын курсанттарға оқу сабақтарындағы үзiлiстер кезiнде мынадай мерзiмдерге каникулдық демалыстар берiледi:
1) қысқы демалыс – 14 тәулiк;
2) жазғы демалыс – 30 тәулiк.
2. Демалысты өткiзу орнына барып қайту үшiн қажеттi уақыт берiлмейдi.
45-бап. Оқу демалыстары
1. Қызметкерлерге уәкiлеттi басшылардың шешiмi бойынша оқу демалыстары:
1) оқуға түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшiн;
2) бiлiм алу кезеңiнде берiлуi мүмкiн.
2. Оқу демалыстарының ұзақтығы оқу жоспарында белгiленедi және оны оқу орнының жазбаша шақыруы негiзiнде уәкiлеттi басшы бередi.
46-бап. Ауыру бойынша демалыстар
1. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде берiледi. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс отыз тәулiктен алпыс тәулiкке дейiн, ал қызметтен шығарылатын жылы – келiсiмшарт мерзiмi аяқталатын күнге дейiн берiледi.
2. Қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн денсаулығына жағымсыз әсер ететiн мiндеттердi орындағаннан кейiн оларға медициналық оңалту жүргiзiледi.
Қызметкерге медициналық оңалту үшiн берiлетiн қосымша тәулiктер санын әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы негiзiнде арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы айқындайды.
3. Ауыру бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыстар есебiне кiрмейдi.
47-бап. Демалыстан шақыртып алу
1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда уәкiлеттi басшының шешiмi бойынша қызметкер демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн.
2. Қызметкердi демалыстан шақыртып алу бұйрықпен ресiмделедi. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, қызметкерге демалысты өткiзу орнына, бiрақ ол шақыртып алынған орыннан алыс емес жерге барып қайту жолы үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердiң қалауы бойынша келесi жылғы демалысқа қосылуы мүмкiн.
6-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДА ҚЫЗМЕТТI ТОҚТАТУ
48-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметтi тоқтатудың
негiздерi
Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметтi тоқтатуға:
1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен шығару;
2) қызметкердiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшiне енген шешiмiне сәйкес қайтыс болды деп хабарлануы;
3) қызметкердi заңда белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе iс-әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану негiз болып табылады.
49-бап. Қызметтен шығару
1. Қызметкерлердi қызметтен шығару мынадай негiздер бойынша:
1) қызметте болудың шектi жас жағдайына жеткен кезде – жасы бойынша;
2) келiсiмшарт мерзiмiнiң аяқталуы бойынша;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде денсаулық жағдайы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен арнаулы атақтан айырған кезде;
5) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылған кезде;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде;
7) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бермегенi немесе бұрмалағаны үшiн;
8) уәкiлеттi басшының қарамағында алты айды қоса есептеген мерзiмге дейiн болған кезiнде, қызметкердiң жинақтаған тәжiрибесi мен бiлiмiн қолдану мүмкiн емес жағдайда, сондай-ақ ұсынылған лауазымнан бiрнеше рет бас тартқан кезде;
9) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
10) мемлекеттiк органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;
11) оның келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты;
12) арнайы тексеруден бас тартқан кезде;
13) терiс себептер бойынша жүргiзiледi.
2. Қызметкер:
1) оған қатысты келiсiмшарт талаптары айтарлықтай және (немесе) жүйелi түрде (екi және одан көп) бұзылған жағдайда;
2) мыналардың:
қызметкердiң қызмет өткерiп жатқан жерiнде медициналық көрсетулер бойынша қызметкердiң отбасы мүшесiнiң тұруы мүмкiн болмауы және оны жаңа қызмет орнына ауыстыру мүмкiндiгi болмауы;
отбасының басқа жерге көшу қажеттiлiгiне байланысты қызметкер күйеуiнiң (қызметкер әйелiнiң) қызмет орнын ауыстыруы;
тұрғылықты жерi бойынша халықты әлеуметтiк қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмдi (көмектi, қадағалауды) қажет ететiн не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әкесiне, анасына, әйелiне, күйеуiне, аға-iнiсiне, апа-сiңлiсiне, қарындасына, атасына, әжесiне немесе асырап алған адамына немесе қартаюына байланысты зейнеткерлiк жасқа жеткен немесе он сегiз жасқа толмаған адамдарға, заң бойынша аталған азаматтар күтiп-бағуға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтiм жасау қажеттiгi;
қызметкер анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған, он сегiз жасқа толмаған балаға күтiм жасау қажеттiгi салдарынан отбасы жағдайы бойынша;
3) Қазақстан Республикасының өкiлдi органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайда;
4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда қызметтен мерзiмiнен бұрын шығуға құқылы.
3. Қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкер қайтыс болуы (қаза табуы) құжаттамалық расталған күннен кейiнгi күннен бастап, ал хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп хабарланған қызметкер сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап жеке құрам тiзiмдерiнен шығарылады.
4. Белгiленген мерзiмде еңбек сiңiрген адамдарды қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда оның қолданылу кезеңiне тоқтатыла тұрады.
50-бап. Қызметкерлердiң қызметте болуының шектi жасы
1. Қызметте болудың мынадай шектi жастары:
1) оны қоса алғанда подполковникке дейiн – қырық жетi жас;
2) полковниктерге – елу бес жас;
3) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – алпыс жас;
4) генерал-полковниктерге – алпыс үш жас белгiленедi.
2. Шектi жасқа жеткен қызметкерлер осы Заңда белгiленген тәртiппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Жоғары кәсiби даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметтi өткеруге жарамды қызметкерлердi арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары олармен келiсiмшарт жасасу арқылы бiрақ үш жылдан аспайтын мерзiмге қызмет мерзiмiн ұзартуы мүмкiн.
Арнаулы мемлекеттiк органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерiнде қызмет өткеретiн, магистр академиялық дәрежесi, ғылыми дәрежесi немесе атағы бар қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк органдардың әскери-медициналық бөлiмшелерiнде мамандығы бойынша қызмет өткеретiн жоғары бiлiмi бар және жоғары бiлiктiлiк санаты бар медицина қызметкерлерiне қызмет мерзiмi бес жылға дейiн ұзартылуы мүмкiн.
Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм осы Заңда көзделген негiздер бойынша қызметкердi арнаулы мемлекеттiк органдарынан шығару мүмкiндiгiнен айырмайды.
51-бап. Қызметтен шығару тәртiбi
1. Қызметкерлердi қызметтен запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тiзбесiне сәйкес бұған құқығы бар уәкiлеттi лауазымды адамның бұйрығымен жүргiзiледi.
2. Қызметкердi бөлiмшенiң тiзiмiнен шығару арнаулы мемлекеттiк органдарда белгiленген мерзiмде iстер мен лауазымды тапсырғаннан кейiн жүргiзiледi.
3. Қызметкер еңбек демалысында, емделуде немесе қызметтiк iссапарда болған жағдайда жеке құрам тiзiмiнен алып тастау жүргiзiлмейдi.
4. Қызметте болудың шектi жасына жету немесе келiсiмшарт мерзiмiнiң аяқталуы туралы қызметкердi уәкiлеттi басшы алдын ала жазбаша түрде (бiрақ бiр айдан кешiктiрмей) хабардар етедi.
Қызметтен алдағы шығару туралы қызметкерге хабарлағаннан кейiн оны қызметтiк iссапарға жiберуге тыйым салынады.
5. Қызметкердi қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзiндi-көшiрме оған қол қойғызыла отырып, назарына жеткiзiледi. Қызметкер орган орналасқан жерден тыс жерде жүрген жағдайда, қайтып оралғаннан соң бұйрықтан үзiндi-көшiрме оның назарына жеткiзiледi.
Бұйрықтан үзiндi-көшiрме қызметтен босатылатын қызметкердiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде ғана берiледi.
6. Қызметкердi қызметтен шығару үшiн бiрнеше негiз болған жағдайда, терiс себептер бойынша қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, ол өзi таңдаған негiз бойынша қызметтен шығарылады.
7. Қызметкерлердi денсаулық жағдайы бойынша қызметтен шығару арнаулы мемлекеттiк органның кадр аппараты әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын алғаннан кейiн жүргiзiледi.
8. Арнаулы атақтан айыруға байланысты қызметкердi қызметтен шығаруға ұсынымды ресiмдеу:
1) соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi арнаулы мемлекеттiк органға келiп түскен кезде;
2) соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi негiзiнде арнаулы атақтан айыруға ұсынымды бiр мезгiлде ресiмдеу кезiнде жүргiзiледi.
9. Арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылуына байланысты босатылған курсанттар тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдарына әскерге шақырылушыларды немесе әскери мiндеттiлердi әскери есепке қоюға жiберiледi. Бұл ретте әскерге шақырылуы бойынша белгiленген мерзiмдi өткермеген курсанттар одан әрi әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмiнiң аяқталуына дейiн жалпы негiзде әскери қызметке шақырылады.
10. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтуына байланысты қызметкерлердi қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы тиiстi Жарлығы күшiне енген күннен бастап уәкiлеттi басшының шешiмiмен жүргiзiледi.
11. Мемлекеттiк органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығару мемлекеттiк қызметшi лауазымын көрсете отырып, қызметкердiң қызметке қабылдануы туралы мемлекеттiк органның (мекеменiң) тиiстi хабарламасы келiп түскен кезде қызметкердiң баянаты бойынша жүргiзiледi.
12. Қызметкердiң келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару осы Заңға сәйкес арнаулы мемлекеттiк органның аттестаттау комиссиясының жоспардан тыс отырысында осы фактiлердi қарағаннан кейiн жүргiзiледi.
13. Арнайы тексеру жүргiзуден бас тарту кезiнде қызметтен шығару, егер қызметкер өзiне қатысты арнайы тексеру жүргiзуден бас тартса немесе оны мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудi ресiмдеудi қажет етпейтiн лауазымға тағайындау мүмкiн болмаған кезде арнайы тексеру нәтижелерi бойынша қызметкерге мемлекеттiк құпияларға рұқсат берудi ресiмдеуге кедергi келтiретiн мән-жайлар анықталған жағдайда жүргiзiледi.
14. Терiс себептер бойынша қызметтен шығару:
1) қызметкердiң қызметте, оның iшiнде ара-тұра болуы, алкогольден, есiрткiден, психотроптан, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы, сондай-ақ есiрткiлiк, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануы, оның iшiнде ара-тұра пайдалануы, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануға, оның iшiнде ара-тұра пайдалануға медициналық куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару;
2) қызмет жағдайын жеке пайдакүнемдiк мақсаттарда пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық мiндеттерi болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген түрiмен, оның iшiнде коммерциялық делдалдықпен айналысу;
4) қызмет жағдайын пайдалана отырып, жұмыс орындау мен қызмет көрсету және сол үшiн заңсыз сыйақы алу;
5) соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi немесе ақтамайтын негiздер бойынша қылмыстық iстi тоқтату;
6) тәрбиелеу функцияларын орындайтын қызметкердiң атқарып жүрген лауазымына жат әрекет жасауы;
7) тiкелей ақшалай қаражаттарға немесе мемлекеттiк мүлiкке қызмет көрсететiн қызметкердiң кiнәлi iс-әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер өкiлеттi басшы тарапынан оған сенiмдi жоғалтуға негiз берсе;
8) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi тарату;
9) бiр жұмыс күнiнде қатарынан үш және одан да көп сағат дәлелдi себептерсiз қызметке шықпау;
10) Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларында айқындалған жағдайларда жүргiзiледi.
15. Қызметкер Қазақстан Республикасы Парламентi немесе жергiлiктi өкiлеттi органдар депутаттығына сайланған немесе тағайындалған жағдайда сайлау қорытындыларының тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы негiзiнде мезгiлiнен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
16. Егер ол судья лауазымына тағайындалған немесе сайланған жағдайда, қызметкер оны тағайындау туралы тиiстi актiнiң немесе оны сайлау туралы уәкiлеттi органның хабарламасы негiзiнде мерзiмiнен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
17. Қызметтен шығатын қызметкерлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк органдардың арнайы (әскери) оқу орындарынан шығарылған курсанттар қызметтiк куәлiктерi мен жетондарын тапсырады.
18. Уәкiлеттi басшының бұйрығымен жеке құрам тiзiмдерiнен оны алып тастаған күн қызметкердi қызметтен шығару күнi болып есептеледi.
52-бап. Запасқа қою
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардың (Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнен басқа) запасқа шығарылған қызметкерлерi (офицерлiк құрам) аумақтық ұлттық қауiпсiздiк органдарындағы және сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органдағы арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерi есебiне алынуға жатады.
2. Қызметтен:
1) қатардағы және сержанттық құрамнан;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнен;
3) терiс себептермен;
4) келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты шығарылған қызметкерлер жергiлiктi әскери басқару органдарына запасқа қойылуға жатады.
53-бап. Запаста болудың шектi жасы
1. Қызметкерлердiң (офицерлiк құрамдағы) запаста болуының шектi жасы ерлер үшiн толық алпыс жасты, ал әйелдер үшiн – толық қырық бес жасты құрайды.
2. Запаста болудың шектi жасына жеткен қызметкерлер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерi есебiнен алына отырып, отставкаға шығарылады.
3. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста болудың шектi жасын ұзартуы мүмкiн.
4. Арнаулы мемлекеттiк органдардың запастағы офицерлерiн есепке алуды ұйымдастыру және олардың қызметкерлерiнiң запаста болу тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары айқындайды.
54-бап. Қызметiн қалпына келтiру
1. Қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы бұйрыққа жоғары тұрған басшылық алдында немесе Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Қызметкерлердi (арнайы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметтен заңсыз шығарған жағдайда, осыған байланысты келтiрiлген залал толық көлемде арнаулы мемлекеттiк органдар есебiнен өтелуге жатады.
Қызметтен негiзсiз шығарылған қызметкерлер бұрынғы лауазымына (ал оның келiсiмiмен – соған тең немесе төмен тұрған) қайта тағайындалады және заңсыз шығарылғаннан кейiн алынбаған үлесiнiң барлық түрлерiмен қамтамасыз етiледi.
Бұл кезең еңбек сiңiрген жылдарына және кезектi арнаулы атақты беру үшiн еңбек сiңiрген мерзiмге қосылады.
7-тарау. АТТЕСТАТТАУ ЖӘНЕ СЫНЫПТЫҚ БIЛIКТIЛIК
55-бап. Аттестаттау, оның мақсаты мен мiндеттерi
1. Аттестаттау – қызметкерлердiң кәсiби даярлық деңгейiн анықтау бойынша мерзiмдi жүзеге асырылатын рәсiм, ол аттестаттау парағына енгiзiлетiн бағалау материалдарының жиынтығы негiзiнде жүргiзiледi.
2. Аттестаттау мақсаты – қызметтiк әрекеттi, кәсiби бiлiктiлiктi жан-жақты және объективтi бағалау, сондай-ақ қызметкерлердiң кәсiби әлеуетiн ұтымды пайдалану және дамыту.
3. Аттестаттау мiндеттерi:
1) әрбiр қызметкердiң кәсiби, iскерлiк қасиеттерiне және әлеуеттi мүмкiндiктерiне жан-жақты және объективтi сипаттама алу;
2) қызметкерлердiң атқарып отырған лауазымдарына сәйкестiгiн және оларды одан әрi қызметте пайдалану перспективасын анықтау;
3) қызметкерлердi даярлауды (қайта даярлауды) және оқытуды жетiлдiру бағытын анықтау;
4) кадр резервiн қалыптастыру және дамыту.
56-бап. Қызметкерлердi аттестаттау
1. Қызметкерлер арнаулы мемлекеттiк органдарда үздiксiз қызметте болған әр келесi үш жыл өткен соң аттестаттаудан өтедi. Бұл ретте аттестаттау көрсетiлген мерзiм басталған күннен бастап, алты айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
Егер аттестатталуға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейiн бiр жылдан соң аттестаттаудан өтедi. Басқа лауазымдарға тағайындалған кезде, егер бұл функционалдық мiндеттерiнiң өзгеруiне әкеп соқпаса, осы мерзiм ескерiлмейдi.
2. Арнаулы мемлекеттiк органның басшысы және оның орынбасарлары аттестатталуға жатпайды.
Жүктiлiгi мен босануы бойынша демалыстағы және 3 жасқа жеткенге дейiнгi бала күтiмi бойынша демалыстағы қызметкерлер аттестатталуға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейiн кемiнде алты айдан соң және бiр жылдан кешiктiрiлмей аттестатталады.
Кемiнде күнтiзбелiк 20 жыл үздiксiз қызмет өтiлi бар қызметкерлер аттестаттық тестiлеуден өтпейдi.
3. Жоғары аттестаттау комиссияның отырысында қаралатын қызметкерлер үшiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының шешiмi бойынша, басқа қызметкерлер үшiн – арнаулы мемлекеттiк орган басшысының жетекшiлiк ету жөнiндегi орынбасарының шешiмi бойынша кезектен тыс аттестаттау жүргiзiледi.
Жоспардан тыс аттестаттау өткiзуге:
1) қызметкердi кадр резервiне алу туралы мәселенi шешу;
2) қызметкердi төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы мәселенi шешу;
3) қызметкердi келiсiмшарт шарттарын орындамауына байланысты қызметтен шығару туралы мәселенi шешу негiздер болып табылады.
4. Аттестаттау бiрқатар кезектеп өткiзiлетiн кезеңдердi қамтиды:
1) дайындық iс-шараларын жүргiзу;
2) аттестаттауға жататын қызметкердi Қазақстан Республикасының заңнамасын, арнаулы мемлекеттiк органның құқықтық актiлерiн, мемлекеттiк тiлдi бiлуiне компьютерлiк тестiлеу және психологиялық-әлеуметтiк зерттеулер жүргiзу;
3) аттестаттау комиссиясының отырысында аттестаттауды қарау және қорытындылары бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды анықтау.
5. Қызметкерлердi аттестаттаудан өткiзу, жоспардан тыс аттестаттау жүргiзу, аттестаттық тестiлеу бойынша шектi мәндi анықтау тәртiбi мен шарттарын, аттестаттау кезiнде психологиялық-әлеуметтiк зерттеу жүргiзудiң әдiстемесiн таңдау, сондай-ақ аттестаттау парақтарының нысандарын және аттестаттау комиссиялары мен Жоғары аттестаттау комиссиясы қарайтын лауазымдар тiзбесiн белгiлеу тәртiбi арнаулы мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
57-бап. Аттестаттауды өткiзу жөнiндегi iс-шаралар
1. Қызметкерлердi аттестаттауға байланысты iс-шараларды тiкелей жүргiзу кадр бөлiмшелерiне жүктеледi.
2. Кадр бөлiмшесi әр жылдың аяғында келесi жылға қызметкерлердi аттестаттаудың жоспар-кестесiн дайындайды.
3. Уәкiлеттi басшы кадр бөлiмшесiнiң ұсынуы бойынша қызметкерлердi аттестаттаудың жоспар-кестесiн бекiтедi.
4. Кадр бөлiмшесi қызметкерлердi аттестаттаудан өткiзудiң мерзiмдерi туралы оны жүргiзу басталғанға дейiн бiр ай бұрын жазбаша хабардар етедi.
5. Аттестатталушының уәкiлеттi басшысы аттестатталатын қызметкердiң кәсiби, iскерлiк және жеке қасиеттерiн жан-жақты зерделеп, ол атқарып отырған лауазым бойынша жұмыстың нақты көрсеткiштерiн объективтi талдап және бағалап, оған мiнездеме беруге және аттестаттау бойынша алдын ала тұжырымдар мен ұсынымдар жасауға мiндеттi.
Әскери-медициналық бөлiмшелер аттестаттау комиссиясына аттестатталатын қызметкердiң денсаулық жағдайы туралы жыл сайынғы диспансеризацияның нәтижелерi бойынша мәлiмет бередi.
6. Аттесталатын қызметкер компьютерлiк тестiлеуден өтедi, оның нақты күнi туралы кем дегенде 7 жұмыс күнi бұрын ескертiледi. Психолог-маман психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулер кешенiн жүргiзедi және нәтижелерi бойынша атқарып отырған лауазымына жеке, iскерлiк қасиетiнiң және кәсiби құзыретiнiң сәйкес келуi туралы қорытынды, сондай-ақ аттестатталатын қызметкерге аттестаттаудан кейiнгi кезеңге ұсынымдар шығарады.
7. Аттестаттау қорытындысы бойынша тұжырымда аттестатталушы атқарып отырған лауазымына сәйкес келедi немесе сәйкес келмейдi деп көрсетiледi, содан кейiн iскерлiк қасиеттерiн, жұмыс тәжiрибесiн, сондай-ақ қызмет мүдделерiн негiзге ала отырып, оны одан әрi қызметте орынды пайдалану туралы пiкiр жазылады.
Бұл ретте мынадай:
жаңа келiсiмшарт, оның iшiнде қызметте болудың шектi жасына жеткен қызметкермен келiсiмшарт жасасудың орындылығы туралы;
жоғары лауазымға ұсыну туралы;
арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға немесе даярлау немесе қайта даярлау курстарына жiберу туралы;
тең лауазымға ауыстыру туралы;
қызметке одан әрi жарамдылық дәрежесiн анықтау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландыруына жiберу туралы;
қызметкердi себептерi мен оны одан әрi қызметте пайдаланудың орындылығын көрсете отырып, атқарып отырған лауазымынан төмен лауазымға ауыстыру туралы;
кәсiби дамудың жеке бағдарламасын игеру туралы;
қызметтен шығару туралы ұсынымдар берiлуi мүмкiн.
Бiреуден көп ұсынымды айқындау кезiнде олардың мазмұны бiр-бiрiне қайшы келмеуi тиiс.
Қажет болған жағдайда арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы өзгедей тұжырыммен айқындауға немесе қызметкердi аттестаттау кезiндегi ұсынымдар тiзбесiн толықтыруға құқылы.
8. Атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуi туралы тұжырымды айқындау үшiн:
1) лауазымдық мiндеттерiн орындамаудың немесе тиiсiнше орындамаудың нақты фактiлерi көрсетiлетiн, аттестатталушы қызметкердiң тiкелей басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары әзiрлеген, аттестаттау бойынша алдын ала тұжырым мен ұсынымдары бар қызметтiк мiнездеме;
2) арнаулы мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шектi мәннен төмен қайта аттестаттық тестiлеудiң нәтижесi (нәтижелерi);
3) арнаулы мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген кәсiби жарамдылықты анықтау бойынша нормативтердiң орындалмауы;
4) жүргiзiлген психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулердiң нәтижелерi бойынша маман-психологтың қорытындысы;
5) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды (әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы);
6) қызметкердiң келiсiмшарт талаптарын орындамауы негiз болып табылады.
9. Жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.
58-бап. Аттестаттау комиссиясы
1. Аттестаттау комиссиясы тұрақты жұмыс iстейтiн консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
Жоғары аттестаттау комиссиясы арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының бұйрығымен құрылады. Арнаулы мемлекеттiк органның бөлiмшелерiнде (органдарында) аттестаттау комиссиялары уәкiлеттi басшының бұйрығымен құрылады.
2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемiнде жетi мүше кiруi тиiс. Аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi аттестаттауға жататын қызметкерлердiң лауазымдарына тең немесе олардан жоғары лауазымда болулары керек. Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерiн алмастыруға жол берiлмейдi. Аттестаттау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда отырыс өткiзiлмейдi.
3. Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы болып арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының кадр жұмысына жетекшiлiк ететiн орынбасары тағайындалады.
4. Аттестаттау комиссиясының құрамына органдардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары және өзге де қызметкерлер, ал Жоғары аттестаттау комиссиясының құрамына – уәкiлеттi басшылар енгiзiледi. Аттестаттау комиссиясының мүшелерi және хатшысы аттестаттаудан жалпы негiздерде өтедi. Аттестатталуға жататын аттестаттау комиссиясының мүшелерi өзiне қатысты дауыс беруге қатыспайды.
5. Кадр бөлiмшесiнiң өкiлi аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
6. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдар мен ұсынымдарды (материалдарды) қараған кезде түсiнiк алу үшiн аттестатталатын қызметкерлердi де және олардың тiкелей басшыларын (бастықтарын) да, сондай-ақ аттестатталушы қызметкердiң қызметiне және алдын ала жасалған тұжырымдар мен ұсынымдарға тiкелей қатысы бар басшыларды (қызметкерлердi) шақыруға құқығы бар.
Аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша аттестатталушы қызметкер әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiлуi мүмкiн.
7. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болып саналады.
8. Аттестаттау комиссиясының түпкiлiктi тұжырымдары мен ұсынымдары дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң iшiнен оларға көпшiлiк дауыс берiлсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген қорытындылар мен ұсынымдар қабылданған болып саналады.
9. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары бес жұмыс күнiнiң iшiнде хаттамамен ресiмделедi, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және хатшысы қол қояды.
10. Кадр бөлiмшесi қызметкердiң аттестаттау парағына қабылданған тұжырымдар мен ұсынымдарды енгiзедi, ол бекiтiлгеннен кейiн мұнымен қызметкер он жұмыс күнi мерзiмiнен кешiктiрмей қол қоя отырып, таныстырылады.
Объективтi себептер бойынша қызметкердi бекiтiлген аттестаттау парағымен таныстыру мүмкiн болмаған жағдайда, таныстыру қызметке келген сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.
11. Аттестаттаудан өткен қызметкердiң аттестаттау парағы жеке iсте сақталады.
59-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен
ұсынымдары
1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын бөлiмшенiң (органның) басшысы (бастығы) бекiтедi.
Жоғары аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы бекiтедi.
2. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары қызметкердi кадрлар резервiне қабылдауға, тең лауазымға тағайындауға, қызметкердiң лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негiздеме болып табылады.
60-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен
ұсынымдарына шағымдану
1. Қызметкер бөлiмшенiң (органның) басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы алдында аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына олармен танысқан күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей шағымдануы мүмкiн.
2. Арнаулы мемлекеттiк органның басшысы аттестаттау комиссиясы немесе бөлiмшенiң (органның) басшысы (бастығы) тарапынан қызметкерлердi аттестаттаудан өткiзудiң тәртiбiн бұзғандығы туралы дұрыс мәлiметтер алған жағдайда, Жоғары аттестаттау комиссиясы төрағасының ұсынуы бойынша өткiзiлген аттестаттаудың нәтижелерiн жоюға және қажет болған жағдайда Жоғары аттестаттау комиссиясы отырысында қарауға дейiн, оны қайта өткiзудi тағайындауға құқылы.
61-бап. Сыныптық бiлiктiлiк
Әрбiр қызметкердiң кәсiби шеберлiгiн дамытуды ынталандыру мақсатында сыныптық бiлiктiлiк беру, оны жоғарылату, төмендету және алу рәсiмi жүргiзiледi.
Қызметкерлерге сыныптық бiлiктiлiк беру, оны жоғарылату, төмендету және алу арнаулы мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.
8-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДАҒЫ ҚЫЗМЕТТIК ТӘРТIП
62-бап. Қызметтiк тәртiп
1. Қызметтiк тәртiп – бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар мен қағидаларды қатаң және дәл сақтау.
Қызметтiк тәртiп әрбiр қызметкердiң қызметтiк борышын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге деген жеке жауапкершiлiгiн сезiнуiне негiзделедi.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдардың басшылары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң басшылыққа ала отырып, сенiп тапсырылған бөлiмшелерде қызметтiк тәртiптi күнделiктi сақтауға мiндеттi.
3. Қызметтiк тәртiпке:
1) қызметкерлерге патриоттық, имандылық және рухани тәрбие берудi ұйымдастырумен, оларда жоғары моральдық-психологиялық қасиеттердi қалыптастырумен;
2) әрбiр қызметкердiң өзiнiң мiндеттерiн және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындауға деген жеке жауаптылығымен;
3) бөлiмшеде күн тәртiбiн және қызмет уақытының регламентiн сақтаумен;
4) басшылардың жеке үлгi көрсетуiмен және бағынысты қызметкерлерге қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше орындауы туралы күнделiктi талап қоюымен, олардың орындаушылығын бақылаумен, қызметкерлердiң құқықтары мен жеке қадiр-қасиетiн құрметтеумен, оларға қамқорлық жасаумен, көтермелеу, сендiру, мәжбүрлеу және ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестiру және дұрыс қолданумен;
5) бөлiмшеде қызмет өткеру қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайлар, қажеттi материалдық-тұрмыстық және өзге де жағдайлар жасаумен қол жеткiзiледi.
4. Қызметкерлердiң тәртiптiк жауапкершiлiгi – қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшiн олар жауапты болатын жауапкершiлiк түрi.
5. Қызметкерлердi тәртiптiлiкке тәрбиелеудiң негiзгi әдiсi сендiру әдiсi болып табылады.
6. Қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне арнаулы мемлекеттiк органдардың басшылары жауап бередi. Олар бағынысты қызметкерлерден оның сақталуын талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге, тәртiп бұзушыларды әдiл жазалауға мiндеттi.
7. Қызметтiк тәртiптi және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етпеген, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамаған, оларды жасыруға жол берген басшы бұл үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
8. Қызметтiк тәртiптi сақтау бойынша басшылардың лауазымдық мiндеттерiн, оларға сенiп тапсырылған бөлiмшелерде қызметтiк тәртiптi нығайту мен сақтау бойынша бағалаудың негiзгi өлшемдерiн тиiстi лауазымдық нұсқаулықтарда арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары бекiтедi.
9. Қызметкерлердiң арнаулы мемлекеттiк органдардың орналасқан жерiнен тысқары жерлерде, қызметтен тыс уақытта жасаған және қызметтiк әрекетпен немесе қызмет мүдделерiмен байланысты емес қылмыстары мен терiс қылықтары үшiн басшы тәртiптiк жауаптылықта болмайды.
10. Әрбiр қызметкер басшыға бөлiмшеде тәртiп орнатуға және қызметтiк тәртiптi сақтауға жәрдемдесуге мiндеттi. Басшыға жәрдемдесуден бас тартқаны үшiн қызметкер жауапкершiлiкте болады.
11. Басшының бұйрық беру құқығы мен бағынысындағының оған мүлтiксiз бағыну мiндетi дара басшылықтың негiзгi қағидаттары болып табылады.
63-бап. Көтермелеулер
1. Көтермелеу – қызметкердi тәрбиелеудiң және қызметтiк тәртiптi нығайтудың маңызды құралы болып табылатын оның қызметтiк әрекетiне берiлген оң баға.
2. Көтермелеу қызметтiк мiндеттерiн адал және ынтамен атқаратын және қызметтiк борышын орындау кезiнде ерекше көзге түскен қызметкерлерге қатысты қолданылады.
3. Басшы осы Заңда өзiне берiлген құқықтар шегiнде бағынысты қызметкерлердi мiндеттерiн үлгiлi орындағаны және қызметтiк әрекетте қол жеткiзген жетiстiктерi үшiн көтермелеуге мiндеттi.
Басшы өзiне берiлген құқықтарды жеткiлiксiз деп санаған жағдайда, ол ерекше көзге түскен қызметкерлердi жоғары тұрған басшының құқығымен көтермелеу туралы өтiнiш жасауы мүмкiн.
4. Ерекше көзге түскен қызметкерлер ерлiктерi мен мемлекет алдында сiңiрген еңбектерi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсi немесе Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде атаулы қарумен марапатталуы мүмкiн.
5. Ерекше сiңiрген еңбектерi үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкiн.
6. Қызметкерлерге сонымен қатар мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкiн:
1) бұрын қолданылған жазаны алып тастау;
2) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерiнен кезектен тыс босату (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары үшiн);
3) алғыс жариялау;
4) ақшалай сыйлықақымен марапаттау;
5) бағалы сыйлықпен марапаттау;
6) грамотамен марапаттау;
7) ведомстволық медальдармен, төсбелгiмен және арнайы белгiлермен марапаттау;
8) құрметтi атақ беру;
9) арнаулы мемлекеттiк орган бөлiмшесiнiң Құрмет кiтабына енгiзу;
10) арнаулы (әскери) оқу орнын алтын медальмен аяқтаған арнаулы (әскери) оқу орындары курсанттарының тегiн Құрмет тақтасына жазу, сондай-ақ арнаулы (әскери) оқу орнын оқуда ең үздiк көрсеткiштермен аяқтағандар арасынан көтермелеу ретiнде бiрiншi, екiншi, үшiншi курсанттарды анықтау;
11) кезектi арнаулы атағын мерзiмiнен бұрын беру;
12) кезектi арнаулы атағын атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр саты жоғары беру.
7. Көтермелеу түрiн айқындаған кезде қызметкердiң сiңiрген еңбегiнiң немесе ерекшелiгiнiң сипаты, сондай-ақ оның қызметке деген бұрынғы ынтасы назарға алынады.
8. Қызметкердiң дәл сондай ерекшелiгi үшiн тек бiр көтермелеу жариялануы мүмкiн.
9. Тәртiптiк жазасы бар қызметкер бұрын қолданылған жазасын алып тастау арқылы көтермеленедi. Тәртiптiк жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған уәкiлеттi басшыға, сондай-ақ жоғары тұрған басшыға тиесiлi.
10. Көтермелеу түрiнде бiр уақытта тек бiр тәртiптiк жаза алынып тасталуы мүмкiн, бұл ретте көтермелеудiң осы түрiмен көтермелеулердiң басқа түрлерi қолданылмайды.
11. Басшының және уәкiлеттi басшының тәртiптiк жазаны, егер ол өзiнiң тәрбиелiк рөлiн атқарса, қызметкер жаңадан терiс қылық жасамаса және өз тәртiбiн қызметтiк борышын адал орындаумен түзесе, алты ай өткенге дейiн алып тастауға құқығы бар.
12. Көтермелеулер сап алдында немесе қызметкерлер кеңесiнде жарияланады.
Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен қызметкерлерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргiзiледi.
64-бап. Терiс қылықтар мен жазалар
1. Қызметкердiң тәртiптiк терiс қылығы (бұдан әрi – терiс қылық) – бұл, қызметкердiң оған жүктелген мiндеттердi құқыққа қарсы, кiнәлiлiкпен орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдалануы, қызметтiк тәртiптi, қызметтiк әдеп қағидаларын бұзуы, тәртiптiк түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасауы, сол сияқты қызмет өткерумен байланысты заңдарда белгiленген шектеулердi сақтамауы.
2. Елеулi емес терiс қылық жасаған қызметкерге басшының қызметтiк тәртiптi қатаң сақтаудың қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасаумен шектелуге құқығы бар.
Жазбаша ескерту қызметкерге қол қойғыза отырып, жеткiзiледi, тiркеледi және қызметкердiң жеке iсiне қосу үшiн кадр бөлiмшесiне берiледi. Алты ай өткеннен кейiн ол алынады және оны кадр бөлiмшесi белгiленген тәртiппен жояды.
Жазбаша ескерту жаза болып саналмайды.
3. Алдын алу мақсатында қызметкерлердiң терiс қылықтары басшының шешiмi бойынша:
1) қатардағы қызметкерлер үшiн – жеке құрамның жиналыстарында;
2) сержанттар үшiн – сержанттар құрамының жиналыстарында;
3) офицерлер үшiн – офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкiн.
4. Аға офицерлер құрамындағы офицерлердiң терiс қылықтары тек аға және жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердiң жиналыстарында, жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердiң терiс қылықтары тек жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердiң жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкiн.
5. Кейiнге қалдыруды күттiрмейтiн ерекше жағдайларда қызметкер оның жауаптылығы туралы мәселенi шешкенге дейiн лауазымынан уақытша шеттетiлуi мүмкiн.
Қызметкерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған терiс қылық оның қызметтiк мiндеттерiн атқаруға немесе басқа қызметкердiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiрген не қызметкердiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруы оның терiс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективтi және уақытылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергi келтiретiн (келтiруi мүмкiн) жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
6. Қызметкердi лауазымынан оны лауазымға тағайындау құқығы берiлген басшы шеттетедi.
Бағынысты қызметкердi лауазымынан шеттеткен басшы лауазымынан шеттетудi тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға мiндеттi.
Бағынысты қызметкердi оған жеткiлiктi негiзсiз лауазымынан шеттеткен басшы ол үшiн тәртiптiк және өзге де жауаптылықта болады.
7. Тәртiптiк жаза (бұдан әрi – жаза) – қызметкерге уәкiлеттi басшы қолданатын тәртiптiк ықпал ету шарасы.
8. Қызметкерлерге қатысты мынадай тәртiптiк жазалар қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту;
5) арнаулы атағын бiр сатыға төмендету;
6) терiс себептер бойынша қызметтен шығару.
9. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына қатысты мынадай тәртiптiк жазалар қолданылады:
1) ескерту;
2) кезектен тыс нарядқа қою (бөлiмшенi күзетудi қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда);
3) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерiнен кезектi шығуынан айыру;
4) сөгiс;
5) қатаң сөгiс;
6) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығару.
10. Терiс қылық жасаған қызметкерге осы Заңда белгiленген жазалар ғана қолданылуы мүмкiн.
11. Қызметкерлердiң топ болып жасаған терiс қылығы кезiнде жазалар әрбiр кiнәлiге оның жауаптылық шамаларына қарай жеке қолданылады.
12. Дәл сол терiс қылығы үшiн бiрнеше жаза қолдануға немесе бiр жазаны басқасымен бiрiктiруге, тiкелей кiнәлiлердi жазалаудың орнына бөлiмшенiң барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.
13. Жаза қолдану терiс қылық жасаған қызметкердi оны орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жаза қолданылған мiндеттердi атқарудан босатпайды.
14. Егер уәкiлеттi басшы бағынысындағы адам жасаған терiс қылықтың ауырлығына қарай, өзiне берiлген тәртiптiк құқықтар жеткiлiксiз деп санаса, ол жоғары тұрған басшының құқығымен кiнәлiге жаза қолдану туралы өтiнiш жасайды.
15. Жоғары тұрған басшының бағынысындағы басшы қолданған тәртiптiк жазаны қатаңдық себебi бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берiлген өкiлеттiктi асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.
16. Жоғары тұрған басшы осы жаза, жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес емес деп тапса, бағынысындағы басшының қолданған тәртiптiк жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.
Жаза заңсыз қолданылған жағдайда, ол жоғары тұрған басшының құқығымен алынып тасталуы мүмкiн.
Заңсыз жаза қолданған басшы ол үшiн жауапты болады.
17. Қызметкерге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауаптылықтың басқа да түрлерiнен босатпайды.
18. Қызметкерлерге қолданылатын жазалар олар жасаған терiс қылықтың ауырлығына және олардың кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес келуге тиiс.
Егер кiнәлi терiс қылықты бiрнеше рет жасаған немесе топ болып тәртiп бұзуға қатысқан болса, егер терiс қылық кезекшiлiк, наряд уақытында және қызметтiк мiндеттердi атқару кезiнде немесе алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уыттық (оларға ұқсас) мас күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.
19. Тәулiктiк наряд құрамына кiретiн (кезекшiлiк өткеретiн) қызметкерге қызмет өткеру уақытында оның жасаған терiс қылықтары үшiн жаза қолдану нарядтан ауысқаннан немесе оны басқа қызметкермен ауыстырғаннан кейiн жүргiзiледi.
20. Қызметкерге жаза қолдану кезiнде оның жеке ар-намысын кемсiтуге, оған дене азабы мен моральдық азап келтiруге және дөрекiлiк көрсетуге жол берiлмейдi.
65-бап. Қызметтiк тексеру жүргiзу тәртiбi
1. Қызметтiк тексеру – қызметкердiң терiс қылықты жасау мән-жайын толық, жан-жақты және объективтi анықтау мақсатында ол туралы материалдар мен мәлiметтердi жинау және тексеру жөнiндегi қызмет.
2. Қызметтiк тексеру оны жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды айқындау, кiнәлiлердi анықтау және жазадан құтылмаушылық қағидатын қамтамасыз ету не қызметкердi жауаптылыққа негiзсiз тартуды болдырмау мақсатында жүргiзiледi.
3. Қызметтiк тексеру жүргiзу үшiн:
1) баянаттар, арыздар, шағымдар мен хаттар;
2) құқық бұзушылықтар мен оқиғалар фактiлерi;
3) тексерiстер қорытындылары;
4) бөлiмшенiң оқу, жедел және қызметтiк iс-қимылын тексеру нәтижелерi;
5) алдын ала анықтау, тергеу және сот органдарының хабарламалары;
6) лауазымды тұлғалардың, ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары;
7) қызметкердi Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тиiстi мемлекеттiк органдардан келiп түскен материалдар негiз болуы мүмкiн.
4. Қызметтiк тексеру уәкiлеттi басшының бұйрығымен тағайындалады және уәкiлеттi лауазымды тұлға күнтiзбелiк он бес күннен аспайтын мерзiмде жүргiзедi. Ерекше жағдайларда қызметтiк тексеру мерзiмiн қызметтiк тексеру жүргiзудi тағайындаған тұлға он күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге ұзартуы мүмкiн.
Бұйрық болмаған кезде қызметтiк тексеру жүргiзуге жол берiлмейдi.
5. Қызметкер терiс қылық жасаған кезде одан мiндеттi түрде жазбаша түсiнiктеме талап етiледi. Егер түсiнiктемесiнде қызметкер өзiнiң терiс қылықты жасау фактiсiмен келiссе, оны қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не қосымша тексеру iс-шараларын жүргiзу не оқиға болған жерге барып тексеру қажет болмаса, онда уәкiлеттi басшы, қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту, арнаулы атақты бiр сатыға төмендету және терiс себептер бойынша қызметтен шығару түрiндегi жазаларды қоспағанда, қызметтiк тексеру жүргiзбей-ақ тәртiптiк жаза қолдануға құқылы.
Арнаулы атақты бiр сатыға төмендету және терiс себептер бойынша қызметтен шығару түрiндегi тәртiптiк жазалар жүргiзiлген қызметтiк тексеру нәтижелерi бойынша тәртiптiк комиссияның ұсынымдары ескерiле отырып, қолданылады.
Егер қызметкер өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактiсiмен келiспесе, уәкiлеттi басшы терiс қылық анықталған күннен бастап үш тәулiктен аспайтын мерзiмде осы Заңда айқындалған тәртiппен қызметтiк тексерудi тағайындауы тиiс.
6. Басшы қызметтiк тексеру жүргiзу үшiн лауазымдық қызметi бойынша терiс қылық жасаған қызметкердiң лауазымына тең немесе одан жоғары уәкiлеттi лауазымды тұлғаны тағайындайды.
Қажет болған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзуге арнаулы бiлiмдi қажет ететiн мәселелер бойынша қорытындылар, түсiнiктер мен консультациялар алу үшiн мамандар ретiнде жедел-қызметтiк iс-қимылдың тиiстi бағытының қызметкерлерi тартылуы мүмкiн, ол туралы бұйрықта көрсетiледi.
Қажет болған жағдайларда басшы уәкiлеттi лауазымды тұлғаны қызметтiк тексеру жүргiзу уақытына оның функционалдық мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкiн, ол туралы бұйрықта көрсетiледi.
7. Қызметтiк тексеру жүргiзуге оның нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған тұлғаға, өзiн осы тексеру жүргiзуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгiнуге мiндеттi. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда қызметтiк тексеру нәтижелерi жарамсыз деп есептеледi.
8. Қызметкер тек өзiне қатысты кiнәсi анықталған терiс қылық үшiн ғана тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.
9. Қасақана немесе абайсызда құқыққа қарсы әрекет жасаған (әрекетсiздiк танытқан) қызметкер терiс қылық жасағаны үшiн кiнәлi болып танылады.
10. Егер, оны жасаған қызметкер өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) құқыққа қарсы сипатын ұғынып, оның зиянды салдарының болуын болжап бiлсе және осы салдардың болуын тiлесе немесе саналы түрде жол берсе не болмаса оларға немқұрайлы қараса, терiс қылық қасақана жасалған болып табылады.
11. Егер терiс қылық жасаған қызметкер өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) зиянды салдарларының болу мүмкiндiгiн болжап бiлсе, бiрақ бұл зардаптарды жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектiкпен болдырмау мүмкiндiгiне сенсе не қажеттi ұқыптылық пен сақтық кезiнде оларды болжап бiлуге тиiс және болжап бiле алатын бола тұра, осындай салдарлардың болу мүмкiндiгiн болжап бiлмесе, ол абайсызда жасалған болып танылады.
12. Қызметтiк тексеру мынадай:
1) қызметкер қызмет орнын өз бетiмен тастап кеткен;
2) қызметкер демалыста, қызметтiк iссапарда болған;
3) қызметкердiң ауырғаны заңда белгiленген тәртiппен расталған;
4) ұзақ уақытты талап ететiн медициналық сараптама өткiзiлген жағдайларда;
5) қызметтiк тексеруге кедергi жасайтын басқа да жағдайларда басшының бұйрығымен тоқтатылуы мүмкiн.
13. Қызметтiк тексеру, егер оны тоқтату үшiн негiздер болмаса, басшының бұйрығымен қалпына келтiрiледi.
14. Қызметтiк тексеру барысында:
1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалған уақыты, орны, тәсiлi және басқа да мән-жайлар;
2) терiс қылық салдарының болуы мен сипаты;
3) келтiрiлген зиянның мөлшерi;
4) терiс қылық жасаған тұлға;
5) қызметкердiң жауаптылығын болдырмайтын, жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар;
6) терiс қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар;
7) терiс қылық жасаған қызметкердiң жеке басын сипаттайтын деректер;
8) қызметкердiң терiс қылық жасаудағы кiнәсi, терiс қылық жасау ниетiнiң немесе абайсыздықтың болуы және дәлелдерi;
9) қызметкердi жауаптылыққа тарту туралы шешiм қабылдау үшiн маңызы бар басқа да мән-жайлар анықталады.
15. Мыналар:
1) терiс қылық жасаған қызметкердiң өкiнуi;
2) қызметкердiң өзiнiң терiс қылық жасағаны туралы басшыларға өз еркiмен хабарлауы;
3) терiс қылық жасаған қызметкердiң терiс қылықтың зиянды салдарын болдырмауы, келтiрiлген зиянды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
4) ауыр жеке немесе отбасы жағдайларының қалыптасуы кезiнде терiс қылық жасау;
5) мәжбүрлеу нәтижесiнде терiс қылық жасау;
6) қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзған, қажеттi қорғану жағдайында, құқыққа қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе команданы орындау кезiнде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар болып табылады.
Қызметкерге жаза қолданатын басшы өзге де мән-жайларды жеңiл деп тануы мүмкiн.
16. Мыналар:
1) басшының оны тоқтату туралы талабына қарамастан, құқыққа қарсы әрекеттi (әрекетсiздiктi) жалғастыру;
2) егер бiрiншi терiс қылық үшiн қызметкерге жаза қолданылған болса және ол белгiленген тәртiппен алынбаса, осындай терiс қылықты қайтадан жасау;
3) терiс қылықты топ болып жасау;
4) бағынысындағы қызметкердi терiс қылық жасауға тарту;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе қастандық себебi бойынша терiс қылық жасау;
6) басқа тұлғалардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа терiс қылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында терiс қылық жасау;
7) олардың өзiне жүктеген мiндеттердi орындауға байланысты лауазымды тұлғаларға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен терiс қылық жасау;
8) кезекшiлiкте, тәулiктiк нарядтағы қызметте, арнаулы мiндеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде терiс қылық жасау;
9) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан (оларға ұқсас) мас күйiнде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
Осы Заңда аталмаған басқа мән-жайлар тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын болып танылмайды.
17. Қызметтiк тексеру барысында оны жүргiзу тапсырылған уәкiлеттi лауазымды адамның:
1) тәртiптiк жазаға тартылған қызметкерден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсiнiктеме алуға;
2) қызметкердiң терiс қылық жасағандығын растайтын материалдарды жинақтауға;
3) тиiстi құжаттармен танысу, қажет болған жағдайда олардың көшiрмесiн қызметтiк тексеру материалдарына қосуға;
4) арнайы бiлiмдi қажет ететiн мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсiндiрме және консультациялар алуға;
5) терiс қылық жасалған жерге баруға құқығы бар.
18. Қызметкерлер қызметтiк тексерудi жүргiзуге тағайындалған уәкiлеттi лауазымды тұлғаға көмек көрсетуге мiндеттi және берiлген мәлiметтердiң растығына дербес жауапты болады.
19. Қызметкердiң терiс қылық жасағандығы туралы фактiнi растайтын немесе терiске шығаратын мәлiметтер кез келген нысанда болуы мүмкiн.
20. Егер қызметтiк тексеру барысында қызметкердiң терiс қылықтарында қылмыс белгiлерiнiң бар екендiгi анықталса, басшы дереу жоғары тұрған басшыға баяндайды.
21. Уәкiлеттi лауазымды тұлға қызметтiк тексеру нәтижелерiн тексерудi белгiлеген басшыға жазбаша түрде баяндайды.
Баяндаудан кейiн уәкiлеттi лауазымды тұлға оған қатысты тексеру жүргiзiлген қызметкерге қызметтiк тексеру материалдарын жеткiзiп, қызметтiк тексерудiң қорытындыларымен және ұсыныстарымен оның келiсетiндiгiн немесе келiспейтiндiгiн мiндеттi түрде көрсете отырып, қолын қойғызып алуға тиiс.
22. Өзiне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкер:
1) жүргiзiлетiн қызметтiк тексерудiң мәнi бойынша жазбаша түсiнiктеме беруге;
2) өтiнiш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
3) қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған арнаулы мемлекеттiк орган басшысына немесе уәкiлеттi басшыға қызметтiк тексеру жүргiзетiн қызметкерлердiң шешiмдерiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануға;
4) егер ол мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтiк тексеру аяқталғаннан кейiн қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
23. Осы Заңның негiзiнде терiс себептер бойынша жұмыстан шығаруға жататын, арнаулы атақты бiр саты төмендету түрiндегi тәртiптiк жаза қолданылатын қызметкерлерге, сондай-ақ қызметтiк тексеру тұжырымдары мен ұсыныстарына келiспейтiн тұлғаларға қатысты қызметтiк тексеру материалдары тәртiптiк комиссияда қаралуға жатады.
24. Қызметтiк тексеру жүргiзiлетiн қызметкер жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартқан кезде тиiстi акт жасалады. Оның бас тартуы қызметтiк тексерудi жүргiзудi тоқтатпайды. Бұл жағдайда қызметкер тәртiптiк комиссияда тыңдалады.
66-бап. Тәртiптiк комиссияның құрылу және жұмыс тәртiбi
1. Тәртiптiк комиссия – терiс қылық жасаудың жан-жақты, толық және объективтi жағдайын анықтау және оны жасаған тұлғаны жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында қызметкердiң терiс қылығына қатысты қызметтiк тексеру материалдарын қарау және фактiлердi зерттеу үшiн арнаулы мемлекеттiк органдарда құрылып, тұрақты жұмыс iстейтiн алқалық консультативтiк-кеңесшi орган.
2. Тәртiптiк комиссиялар арнаулы мемлекеттiк органдардың бөлiмшелерiнде құрылады.
3. Тәртiптiк комиссия мүшелерi бөлiмшенiң жеке құрамының жиналыстарында анағұрлым тәжiрибелi және беделге ие офицерлер арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады. Тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң саны тақ болуға және ол үш адамнан кем болмауға тиiс.
4. Тәртiптiк комиссия құрамы уәкiлеттi басшының бұйрығымен бекiтiледi. Комиссия төрағасы болып уәкiлеттi басшы орынбасарларының бiрi тағайындалады. Бөлiмшенiң кадрлар аппаратының өкiлi хатшы болып тағайындалады. Тәртiптiк комиссияның хатшысы оның мүшесi болып табылмайды.
5. Уәкiлеттi басшылардың және олардың орынбасарларының терiс қылықтары жоғары тұрған арнаулы мемлекеттiк органның тәртiптiк комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердiң терiс қылықтары тек жоғары офицерлер арасындағы тәртiптiк комиссияда, ал аға офицерлердiң терiс қылықтары аға офицерлер қатарынан құрылған тәртiптiк комиссияда қаралады.
6. Тәртiптiк комиссия мүшесiнiң өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының терiс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тәртiптiк комиссия мүшесiнiң тиiстi шешiм қабылдауға тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар болса, қызметтiк тексеру материалдарын қарауға және фактiлердi зерттеуге құқығы жоқ.
7. Тәртiптiк комиссия өз отырысында қызметтiк тексеру материалдарын қарайды және терiс қылыққа қатысты фактiлердi зерттейдi. Тәртiптiк комиссия оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген әскери қызметшiнiң және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды адамдардың түсiнiктерiн тыңдауы мүмкiн.
Қажет болған кезде тәртiптiк комиссияның сонымен қатар куәгерлердi және мамандарды тыңдауға, материалдар сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқығы бар.
8. Тәртiптiк комиссияның ұсыныстары комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Тәртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға және дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.
Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
9. Тәртiптiк комиссия қызметтiк тексеру материалдары түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердiң тәртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныс енгiзедi.
67-бап. Тәртiптiк комиссияның функциялары мен
өкiлеттiктерi
1. Тәртiптiк комиссия мынадай функцияларды:
1) қызметкердiң терiс қылықтары туралы қызметтiк тексеру материалдарын қарауды;
2) жазалар түрлерiн қолдану мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеудi және уәкiлеттi басшыға енгiзудi жүзеге асырады.
2. Тәртiптiк комиссия өз құзыретi шегiнде функцияларды iске асыру мақсатында мыналарға:
1) терiс қылық жасаған қызметкердiң, куәгерлердiң және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды тұлғалардың түсiнiктерiн тыңдауға;
2) материалдар, ақпарат сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқылы.
3. Тәртiптiк комиссияның төрағасы:
1) тәртiптiк комиссияны басқарады, оның жұмысына басшылық жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындайды;
3) қызметтiк тексеру материалдары келiп түскен кезде тәртiптiк комиссия отырысының уақытын айқындайды. Тәртiптiк комиссияның төрағасы болмағанда оның уәкiлеттiк етуi бойынша отырыстарда тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi;
4) тәртiптiк комиссияның отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды.
4. Тәртiптiк комиссияның хатшысы:
1) тәртiптiк комиссия мүшелерiн тәртiптiк комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
3) тәртiптiк комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргiзедi;
4) тәртiптiк комиссияның ұсыныстарын басшыға жiбередi;
5) тәртiптiк комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Тәртiптiк комиссия мүшелерiне оларға қызметтiк тексеру материалдарын қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға тыйым салынады.
6. Тәртiптiк комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.
Тәртiптiк комиссия отырыстарында тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi, бiрақ кемiнде үш адам болған кезде ол заңды болады. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
7. Тәртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тәртiбi туралы, сондай-ақ отырыс материалдарымен отырысқа дейiн хабардар етiлуi және таныстырылуы тиiс.
8. Тәртiптiк комиссияның отырысына оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкердiң қатысуы мiндеттi.
9. Тәртiптiк комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi, оған тәртiптiк комиссияның төрағасы мен тәртiптiк комиссияның мүшелерi және хатшысы қол қояды.
68-бап. Жаза қолдану туралы шешiм қабылдау тәртiбi
1. Уәкiлеттi басшы қызметтiк тексеру материалдары және тәртiптiк комиссияның ұсыныстары негiзiнде жаза қолдану туралы тиiстi шешiм қабылдайды.
2. Қызметтiк тексерудiң нәтижелерi бойынша уәкiлеттi басшы қызметтiк тексеру жүргiзуге тағайындалған лауазымды уәкiлеттi тұлға дайындауға жауапты болып саналатын бұйрық шығару жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға мiндеттi.
3. Терiс қылық жасаған қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану (кейiнге қалдыруды күтпейтiн жағдайларды қоспағанда) қызметтiк тәртiптi бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшiн терiс қылық анықталған сәттен бастап, кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн жүргiзiледi.
4. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызметкердiң iс-қимылында тәртiптiк терiс қылықтың, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың белгiлерi бола тұрып, қылмыстық iстi қозғаудан бас тартқан не оны тоқтатқан жағдайда, жаза бiр айдан кешiктiрiлмей, ал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгiлерi болғанда, қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзған не сыбайлас жемқорлыққа жол беруге жағдай жасайтын құқық бұзған жағдайда, тәртiптiк жаза тәртiптiк терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және тәртiптiк терiс қылықты жасаған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлiп қолданылмайды.
Қызметкер уақытша жұмысқа қабiлетсiз, еңбек демалысында немесе iссапарда болған кезеңiнде, сондай-ақ аталған Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмiне байланысты тәртiптiк жаза қолданылмайды.
Қызметкердiң ауырған, еңбек демалысында, iссапарда болған кезеңiнде тәртiптiк жазаны өткеру уақыты тоқтатылады.
5. Қызметтегi, кәсiби қызметтiк даярлықты және тәрбие үдерiсiн ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (әскери) оқу орнын аяқтағаннан кейiн қызметтi өткеру үшiн келген қызметкерлерге тәртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға жол берiледi.
6. Бiр-бiрiне бағынысты емес қызметкерлер жеке мiндеттердi бiрлесiп атқарған кезде, олардың қызметтiк өзара қарым-қатынастары уәкiлеттi басшымен айқындалмаған жағдайда олардың лауазымы бойынша үлкенi, ал тең лауазымдар кезiнде әскери атағы бойынша үлкенi бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берiлген тәртiптiк құқықтарды пайдаланады.
69-бап. Жазаларды жариялау тәртiбi
1. Қызметкерлерге жазалар қызметтiк тексерудi жүргiзудi тағайындаған уәкiлеттi басшының бұйрығымен жарияланады.
2. Тәртiптiк жаза қолданғаны туралы бұйрық шыққаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде қол қоюы арқылы тәртiптiк жазаға тартылған қызметкерге жарияланады.
3. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту арнаулы мемлекеттiк органның кадр бөлiмшелерi дайындайтын және қызметтiк тексеру материалдарына тiгiлетiн актiмен ресiмделедi.
4. Қолданылған жазалар туралы аға офицерлерге – тек аға және жоғары офицерлердiң қатысуымен, жоғары офицерлерге – тек жоғары офицерлердiң қатысуымен ғана жарияланады.
5. Уәкiлеттi басшыларға және олардың орынбасарларына бағынысындағы адамдардың қатысуымен тәртiптiк жаза жариялауға тыйым салынады.
6. Жазаны жариялаған кезде қызметкерге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәнi көрсетiледi.
70-бап. Жазаны алу
1. Қызметкердiң:
1) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткенге дейiн тиiстi уәкiлеттi басшы көтермелеу тәртiбiмен жазаны алып тастағаннан кейiн;
2) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн жазасы жоқ болып саналады.
2. Жазаны көтермелеу тәртiбiмен алу осы жазаны қолданған уәкiлеттi басшының немесе жоғары тұрған басшының жазбаша бұйрық шығаруы арқылы жүргiзiледi.
3. Бұрын жоғары тұрған басшы қолданған жазаны бағынысты адамнан көтермелеу тәртiбiмен алу үшiн қызметкердiң тiкелей басшысы тиiстi өтiнiш енгiзедi.
Осы жазаны қолданған уәкiлеттi басшы аталған өтiнiштi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарауға мiндеттi.
4. Қызметкер қызметтен босатылған күнi алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткен соң алынған болып саналады.
5. Жазаларды алу қызметкердiң жеке iсiнде тиiстi жазбамен ресiмделедi.
6. Егер қызметкерге қолданылған жаза көтермелеу тәртiбiмен алынбаса, алты ай өткен соң «Жазалар» бөлiмiнiң тиiстi бағанында мерзiмiнiң өтуi бойынша жазаның алынғаны туралы белгi жасалады.
71-бап. Қызметкерлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту
кезiндегi олардың құқықтарының кепiлдiктерi
1. Қызметкердi тәртiптiк жауаптылыққа тартуға:
1) терiс қылық фактiсi болмаған жағдайда;
2) егер оның iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) құқыққа қарсы болып табылмаса;
3) дәл сондай тәртiптiк терiс қылық үшiн қайтара;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмi кезiнде;
5) қызметтен шығаруға байланысты оны жеке құрам тiзiмiнен шығарған жағдайда жол берiлмейдi.
2. Қызметкер тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықпен келiспеген жағдайда ол жазбаша нысанда арнаулы мемлекеттiк органның жоғары тұрған бөлiмшесiне немесе сотқа осы бұйрық бойынша шағымдануға құқылы.
3. Қызметкердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Арнаулы мемлекеттiк органның жоғары тұрған бөлiмшесiнiң басшысы шағымды қараудың нәтижелерi бойынша бiр ай мерзiмде мынадай:
1) қызметкердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықты өзгерiссiз қалдыру туралы;
2) қызметкердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы осы Заңның талаптары бұзыла отырып шығарылған бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған уәкiлеттi басшыны жауаптылыққа тарту туралы;
3) егер жаза осы Заңның талаптары сақтала отырып шығарылса, бiрақ жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы шешiмдердiң бiреуiн шығаруға мiндеттi.
5. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата алмайды.
9-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДI АҚШАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ
72-бап. Ақшалай қамтамасыз ету
1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң белгiленген бiрыңғай жүйесi негiзiнде ақшалай үлеспен қамтамасыз етiледi.
2. Ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген ақшалай қамтудан (лауазымдық айлықақы және арнаулы атағы бойынша айлықақы), қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн үстемеақылардан және басқа да үстемеақылардан тұрады.
3. Қызметкер осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген уәкiлеттi басшының қарамағында болған жағдайларда ол соңғы қарамағына шыққанға дейiн атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлеспен қамтамасыз етiледi.
Осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында және 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерге атағы бойынша айлықақы төленедi.
4. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс берiле отырып, демалысының ұзақтығына қарамастан, екi лауазымдық айлықақы көлемiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленедi.
Қызметкерге жыл сайынғы демалыс бөлiнiп берiлген жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалысының бiрiншi бөлiгiнде төленедi.
5. Қызметкерлердiң лауазымдық айлықақысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу үшiн ақшалай қамтамасыз етудiң және қызмет (жұмыс) өтiлiн айқындаудың тәртiбiн арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы бекiтедi.
73-бап. Қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйдi ұстау және коммуналдық қызмет көрсетулерге төлем жасау үшiн қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) ақшалай өтемақы төленедi.
2. Қызметкерлердi зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтiк сақтандыру, жәрдемақылардың өзге де түрлерiн төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қызметкерлерге бюджеттiк қаражат есебiнен зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер қатарынан қайтыс болған зейнетақы алушылардың отбасына жерлеу үшiн бiржолғы төлемдер мен бiржолғы жәрдемақылар берудi қызметкерлер жұмыстан шыққан күнге қызмет өткерген тиiстi арнаулы мемлекеттiк органдардың уәкiлеттi бөлiмшелерi жүзеге асырады.
Зейнетақы төлемдерiн алушының мәртебесi тиiстi арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы белгiлеген нысан бойынша зейнетақы куәлiгiмен расталады.
3. Қызметкерлер қызметтi өткеру ерекшелiгi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалар бойынша арнаулы нысандағы киiммен және басқадай заттық мүлiкпен қамтамасыз етiледi. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) алынбай қалған заттай мүлiктердiң орнына арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен ақшалай өтемақы төленедi.
4. Жекелеген санаттағы қызметкерлер қызметтi өткеру ерекшелiгi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен және нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.
5. Қызметкерлердiң (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көлiкте жүргенi үшiн:
медициналық көрсетулер бойынша стационарда емделуге жол жүру және керi қайту;
Үкiмет белгiлеген тәртiппен берiлген жолдама негiзiнде медициналық тексеруге (куәландыруға) жол жүру және керi қайту;
қызмет бойынша ауыстыру;
осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, қызметтен шығарылу кезiнде жолақы шығындарын өтетуге құқығы бар.
Шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және нормалар бойынша жүргiзiледi.
6. Бiр елдi мекеннен қашықтығы елу километрден астам жердегi екiншiсiне көшумен байланысты қызметiн ауыстырған кезде қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметкердiң өзiне екi айлық ақшалай қаражат көлемiнде және онымен бiрге көшкен отбасының әрбiр мүшесiне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде арнаулы мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы белгiлейтiн көтерме жәрдемақы төленедi.
7. Қызметкерлерлердiң (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызмет бойынша ауысқан кезде және қызметтен шығарылғанда, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жеке мүлiктерiнiң 10 тоннаға дейiнгi көлемiн тасымалдауға кеткен шығындарын өтетуге құқығы бар.
74-бап. Қызметкерлердi баспанамен қамтамасыз ету
Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген тәртiппен тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
75-бап. Қызметкерлердi медициналық қамтамасыз ету
1. Қызметкерлердi медициналық қамтамасыз ету мемлекеттiң есебiнен арнаулы мемлекеттiк органдардың әскери-медициналық бөлiмшелерi мен мекемелерiнде (бұдан әрi – әскери-медициналық бөлiмше) жүзеге асырылады.
Қызметкерлердiң қызмет өткеру орнында немесе тұратын жерiнде әскери-медициналық бөлiмшелер болмағанда немесе оларда тиiстi бөлiмдер, мамандар не арнаулы құрал-жабдықтар болмағанда медициналық көмек тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
Қызметкерлерге медициналық көмек көрсеткенi үшiн медициналық ұйымдардың шығынын өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткерiп жүрген қызметкерлерге емделу үшiн жұмсалған қаражат Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен өтеледi.
3. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткеру барысында зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған қызметкерлер өздерi қызметiн өткерген арнаулы мемлекеттiк органдар қаражаты есебiнен санаториялық-курорттық емделуге жiберiледi.
4. Қызметкер қызметке келе алмайтын жағдайда ауырғандығын кез келген мүмкiн тәсiлмен өзiнiң тiкелей бастығына хабарлауға мiндеттi.
5. Қызметкердi қызмет мiндеттерiн (қызметтiк мiндеттерiн) атқарудан iшiнара немесе толық босату туралы дәрiгердiң ұсынымдары лауазымды тұлғалардың мiндеттi түрде орындауына жатады.
76-бап. Қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында
қызметiн өткерiп жүрген қызметкерлердi әлеуметтiк
қорғау ерекшелiктерi
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметiн өткерiп жүрген, күнтiзбелiк есептеу бойынша кемiнде сегiз жыл қызмет еткен қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарындағы ақылы негiзде оқудың оқу құны шығынының елу пайыз мөлшерiн мемлекет бюджетi есебiнен өтетуге құқығы бар. Аталған жәрдемақы бiр рет қолданылады.
2. Қызметкерге аталған шығындарды өтеудi қызметкер қызметiн өткерiп жүрген арнаулы мемлекеттiк орган жүргiзедi.
3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерлер қабылданған Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдары көрсетiлген арнаулы мемлекеттiк органдарға қаржыландыруды ашу үшiн қызметкерлердi бiлiм беру ұйымына қабылдау бұйрығының куәландырылған көшiрмесiн жолдайды.
Қызметкердi басқа бiлiм беру ұйымына ауыстырған кезде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу мөлшерi түзетiлуге тиiс.
4. Қызметкерге академиялық демалыс берiлген кезде академиялық демалыс берiлген кезеңге оқуын қаржыландыру тоқтатыла тұрып, қызметкердiң Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтету құқығы сақталады.
5. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерге оқыған (оқып жүрген) бiлiм беру ұйымы таратылған және қайта құрылған, қызметi тоқтатылған, лицензиясынан айырылған кезде басқа жоғары оқу орындарында қаржыландыруды жалғастыруға кепiлдiк берiледi.
6. Қатардағы қызметкер және сержант құрамындағы лауазымды иеленетiн қызметкерлерге арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткергенi туралы келiсiмшарттың мерзiмiн табысты аяқтағаны үшiн олардың қызметтiк мiндеттерiн және келiсiмшарт талаптарын мүлтiксiз орындағанын растайтын басшының баянаты негiзiнде келiсiмшарттың мерзiмiне қарай мынадай мөлшерде:
3 жыл – 1 лауазымдық айлықақы мөлшерiнде;
5 жыл – 10 лауазымдық айлықақы мөлшерiнде;
10 жыл – 20 лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай сыйақы төленедi.
Аталған ақшалай сыйақылар келiсiмшарттың тиiстi мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр айдан кешiктiрiлмей төленедi.
Қызметте болудың шектi жасына жеткенге дейiн келiсiмшарт жасасқан қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда бiржолғы ақшалай сыйақы қызметтiң әрбiр толық жылы үшiн екi лауазымдық айлықақы есебiнен келiсiмшарттың қолданылу уақытына төленедi.
Қызметкер арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткеру кезеңiнде қызметiн одан әрi өткерумен сыйыспайтын зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған жағдайда бiржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленедi.
Егер қызметкердiң заңға қайшы әрекеттерiнен немесе алкогольдi, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық (олардың аналогтары) масаң болуы салдарынан арнаулы мемлекеттiк органдарда одан әрi қызметiн өткерумен сыйыспайтын зақымданғаны, контузия алғаны, жарақаттанғаны, мертiккенi немесе ауырғаны немесе арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен бас тарту мақсатында өз-өзiне қандай да бiр дене зақымын (дене мүшесiне зақым келтiру) немесе өзiнiң денсаулығына басқадай зиян келтiргенi Қазақстан Республикасы заңнамасында бекiтiлген тәртiппен дәлелденген жағдайларда бiржолғы ақшалай сыйақы төленбейдi.
Қызметкер арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткеру барысында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлерiне бiржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленедi.
77-бап. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын
әлеуметтiк қорғау ерекшелiктерi
1. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызмет өткеру ерекшелiгiне қарай Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген нормалар бойынша мемлекет есебiнен арнаулы нысандағы киiммен және басқадай заттық мүлiкпен қамтамасыз етiледi.
2. Казармалық жағдайдағы арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары қызметтi өткеру ерекшелiгiне қарай Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.
3. Арнаулы (әскери) оқу орындарының бiрiншi және екiншi курстар курсанттарына пошталық жөнелтiлiмдерi үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде қаржылай өтемақы төленедi.
4. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары:
1) стационарлық емделуге барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiктерiнде;
2) осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығарылған, сондай-ақ демалысқа барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiржол, су және автомобиль көлiктерiнде жүруге жұмсалған шығындарын Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiпте және нормалар бойынша өтетуге құқығы бар.
5. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына олар демалысқа кеткенде Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген нормалар бойынша азық-түлiк сыбағасының орнына ақшалай өтемақы төленедi.
6. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты не ол қызмет өткеруi кезеңiнде алған жарақаттануы (контузия алуы), ауыруы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлерiне 500 айлық есептiк көрсеткiшi мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
7. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсантына арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткеру кезеңiнде алынған немесе арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметiн өткерумен байланысты контузия алуы, зақымдануы, ауыруы нәтижесiнде болған мүгедектiк белгiленгенде қызметтен босатылғанына бiр жыл өткенге дейiн мынадай мөлшерлерде:
I топтағы мүгедекке – 250 айлық есептiк көрсеткiш;
II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептiк көрсеткiш;
III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
8. Арнаулы (әскери) оқу орнының курсанты арнаулы мемлекеттiк органдарда қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке душар етпеген ауыр жарақат (жаралану, зақымдану, контузия) алған жағдайда – оған:
ауыр жарақат үшiн – 12 айлық есептiк көрсеткiш;
жеңiл жарақат үшiн – 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
9. Бiржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
10. Курсанттың қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертiгуi:
1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайларды қоспағанда, егер өзiне-өзi қол жұмсау нәтижесiнде;
2) ол қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде;
3) алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң болуды туындататын заттарды пайдалану немесе қолдану нәтижесiнде;
4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтiру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесiнде;
5) курсанттың қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талабын бұзған iс-әрекетi нәтижесiнде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
78-бап. Қызметкердiң отбасы мүшелерiн әлеуметтiк қорғау
1. Қызметкерлер (офицерлiк құрам) отбасы мүшелерiнiң, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың әскери-медициналық бөлiмшелерде тегiн медициналық жәрдем алуға құқығы бар. Емханаларда емделген кезiнде отбасы мүшелерiне дәрi-дәрмек ақысы төленiп берiледi, бұған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы алынбайтын реттер кiрмейдi.
2. Қызмет орнында немесе тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған не оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған қызметкерлердiң (офицерлiк құрам) отбасы мүшелерiнiң құқықтары және оларға берiлетiн жеңiлдiктер қызметтен жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты босатылған және күнтiзбелiк жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлердiң (офицерлiк құрам) отбасы мүшелерiне қолданылады.
4. Қызметкерлердiң онымен үнемi бiрге тұратын отбасы мүшелерiне (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметкер орын ауыстырған кезде, сондай-ақ қызметтен шығарылған кезiнде, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiпте және нормалар бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жүрген көлiк шығындары өтеледi.
5. Қызмет өткеру кезiнде қайтыс болған немесе мүгедектiк алған қызметкердiң (офицерлiк құрамның) отбасы мүшелерiне әскери-медициналық бөлiмшелерде мемлекет есебiнен медициналық көмектi пайдалану құқықтары сақталады.
6. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердiң немесе әскери қызметшiнiң отбасы мүшелерiнiң қаза тапқанның (қайтыс болғанның) еңбек сiңiрген жылдарына қарамастан берiлген тұрғын жайды (қызметкерлерге арнаулы мемлекеттiк органдардың тұрғын үй қорынан 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берiлген қызметтiк тұрғын жайларды қоспағанда) өтеусiз жекешелендiруге құқығы бар.
Көрсетiлген жеңiлдiктер ұлттық қауiпсiздiк органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң әскери қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған), осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн тұрғын жайын (қызметтiк тұрғын үйдi немесе қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi) жекешелендiру құқығын пайдаланбаған әскери қызметшiлерiнiң отбасы мүшелерiне қатысты қолданылады.
7. Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мүгедектiк алған қызметкерлердiң балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, ал оқуға түсушiлер үшiн белгiленген талаптар бойынша баллдың шектi деңгейiн жинағандар, Қазақстан Республикасының арнаулы (әскери) оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады.
8. Қызметкерлердiң, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердiң балаларына жергiлiктi атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi, оған ақы төлеу мемлекеттiк мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады.
9. Еңбек сiңiрген жылдары бойынша зейнетақы алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелерiне асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан бiржолғы: әйелiне (күйеуiне) – асыраушысының үш айлық зейнетақысы мөлшерiнде және еңбекке жарамсыз әрбiр отбасы мүшесiне – асыраушысының қайтыс болған күнiне төленетiн бiр айлық зейнетақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.
Аталған тармақта көзделген бiржолғы жәрдемақы мөлшерiн белгiлеу кезiнде жәрдемақы алу құқығы бар отбасы мүшелерi қатарына: әйелi (күйеуi), жасына және еңбекке жарамдылығына қарамастан; 18 жасқа толмаған немесе, егер олар 18 жасқа дейiн мүгедек болған болса, ол жастан үлкен немесе асыраушысы қайтыс болған күнге оқу орнының күндiзгi бөлiмiнде бiлiм алатын және 23 жасқа толмаған болса, балалары; қайтыс болған қызметкердiң асырауында болған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген зейнеткерлiк жасқа жеткен не мүгедек болып табылатын ата-анасы енгiзiледi.
10. Осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген жеңiлдiктер ұлттық қауiпсiздiк органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн әскери қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) не мүгедектiк алған әскери қызметшiлерiнiң отбасы мүшелерiне қатысты қолданылады.
Ескерту: Осы бапта қызметкерлердiң отбасы мүшелерi деп түсiнiлетiндер: жұбайы (зайыбы), ерлi-зайыптылардың ортақ немесе бiрiнiң кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары; бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмiнде оқитын 23 жасқа дейiнгi (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; 18 жасқа дейiн мүгедек болған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) мүгедек балалары және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; қызметкердiң асырауындағы ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы.
Осы бапта асырауындағы адам ретiнде оның табысы есебiнен өмiр сүретiн және жеке табыс көзi жоқ қызметкердiң отбасы мүшесi танылады.
79-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен
шығарылған қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау
1. Қызметкерлерге (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен:
1) жасына, ауыруына, денсаулық жағдайының шектелуiне немесе штаттың қысқартылуына байланысты қызметтен шығарылғанда:
күнтiзбелiк есептеу бойынша мынадай еңбек сiңiрген жылдары барларға:
10 жылдан 15 жылға дейiн – төрт айлық ақшалай қаражат;
15 жылдан 20 жылға дейiн – бес айлық ақшалай қаражат;
20 жылдан 25 жылға дейiн – алты айлық ақшалай қаражат;
25 жылдан 30 жылға дейiн – жетi айлық ақшалай қаражат;
30 жылдан жоғары – сегiз айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi;
2) 10 жылдан аспайтын еңбек сiңiрген жылдары барларға ауруы бойынша, денсаулығының шектеулi жағдайына және штаттың қысқартылуына байланысты шығарылғанда үш айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi.
Осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 10) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлар бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерге бiржолғы жәрдемақы төленбейдi. Сондай-ақ әскери қызметке, құқық қорғау немесе басқа арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығарылған қызметкерлерге бiржолғы жәрдемақы төленбейдi.
2. Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттiк органдарға қызметке қайтадан (кезектi) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде бiржолғы жәрдемақы төлеу мөлшерi бұрынғы төленген жәрдемақыны ескере отырып белгiленедi.
3. Арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткеру кезеңiнде мемлекеттiк наградалармен – ордендермен марапатталған қызметкерлерге берiлетiн бiржолғы жәрдемақының мөлшерi екi айлық ақшалай қаражатқа ұлғайтылады.
4. Жасы бойынша, денсаулық жағдайына немесе штаттық қысқартулар бойынша арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығарылған күнтiзбелiк жиырма және одан көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлерге әскери-медициналық бөлiмшелерде мемлекет есебiнен медициналық қамтамасыз ету құқығы сақталады.
Олардың тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
Медициналық ұйымдарға көрсетiлген тұлғаларға тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шегiнде медициналық көмек көрсеткенi үшiн шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiнiң, әскери iс-қимылдардың және бiтiмгершiлiк операцияларына басқа да қатысушылардың, арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жаралануы, контузия алуы, жарақаттануы, мертiгуi немесе ауруы салдарынан мүгедектiк алып, арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығарылғандардың медициналық қамтамасыз етуге және санаториялық-курорттық емделуге бiрiншi кезектi құқығы бар.
80-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен
жағдайда берiлетiн өтемақылар
1. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерген кезеңiнде алған жарақаты (контузиясы), ауру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлерiне қаза тапқан күнiне соңғы атқарған қызметi бойынша алпыс айлық ақшалай қаражатының мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
2. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерумен байланысты контузия, мертiгу, ауыру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн бiр жыл өткенге дейiн мүгедектiк белгiленген жағдайда бiржолғы өтемақы:
I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде төленедi.
3. Қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпайтындай ауыр мертiккен (жараланған, жарақат, контузия алған) жағдайда оған бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертiккен жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
4. Бiржолғы өтемақы төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Қызметкердiң қаза табуы (қайтыс болуы) немесе алған мертiгуi:
1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайды қоспағанда, өзiне-өзi қол жұмсауы нәтижесiнде;
2) қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағанда;
3) алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уытқұмарлық масаң болуын туындататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) қолдану нәтижесiнде;
4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтiру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесiнде;
5) қызметкердiң қызмет өткеру туралы келiсiмшарт талабын бұзған iс-әрекетi нәтижесiнде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
81-бап. Жерлеу шығындарының өтемақысы
1. Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақат алу, контузия), ауруы салдарынан қайтыс болған қызметкерлердi жерлеу қызмет өткерген жерiнде немесе олардың туған-туысқандарының қалауы бойынша басқа жерде жүргiзiледi. Мәйiттi жеткiзуге әзiрлеумен, мәйiттi жеткiзумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және оны орнатумен байланысты барлық шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде қызметкерлер қызмет өткерген арнаулы мемлекеттiк органдардың есебiнен жүзеге асады.
Қызметкерлердi жерлеу кезiнде құрмет көрсету арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Аталған ережелер қызметте болудың шектi жасына жетуi, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттық қысқартуға байланысты арнаулы мемлекеттiк органдардан қызметтен шығарылған, қызметiнiң жалпы ұзақтығы 25 және одан көп жыл болған қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына, басқа мемлекеттер аумағында әскери iс-қимылдарға және бiтiмгершiлiк операцияларға қатысқандарға қолданылады.
82-бап. Қызметкерлердi әлеуметтiк қорғаудың өзге де
шаралары
1. Арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлердi жұмысқа орналастыру, олардың мамандық алуы, арнаулы мемлекеттiк органдардағы зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған адамдарды жұмыспен қамту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Арнаулы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары өздерi белгiлеген тәртiппен қызметкерлердiң жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейiнгi еңбек қызметiндегi өтiлiн еңбек сiңiру жылдарына есептеуi мүмкiн.
3. Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiммен шектеледi және оны өткеру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
10-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
83-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдарды қаржылық
қамтамасыз ету
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарды қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады
2. Барлау, қарсы барлау және жедел-iздестiру қызметiн жасырын (құпия) түрде жүзеге асырумен байланысты шығыстарды қаржыландыру тәртiбi арнаулы мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
84-бап. Арнаулы мемлекеттiк органдарды материалдық-
техникалық қамтамасыз ету және олардың мүлкi
1. Арнаулы мемлекеттiк органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы органдардың мүлкi республикалық мүлiк болып табылады және жедел басқару құқығында болады.
3. Арнаулы мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының Үкiметi құрылу мен берiлу тәртiбiн белгiлейтiн қызметтiк тұрғын жайлары болады. Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттiк органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берiлген тұрғын жайды жекешелендiруге болмайды.
4. Жабдықтау нормалары, мүлiктi беру, өткiзу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ арнаулы мемлекеттiк органдардың жылжымайтын мүлкiн мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
5. Арнаулы мемлекеттiк органдар бейбiт уақытта пайдаланбаған жылжымайтын мүлiк бюджет қаражаты есебiнен консервациялауға жатады немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) берiлуi мүмкiн.
6. Арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған немесе құрылатын ұйымдар жекешелендiруге жатпайды.
11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
85-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметкермен жасасқан әскери қызметтi өткеру туралы келiсiмшарттар олар жасаған мерзiм iшiнде қолданылады.
2. Осы Заңның 76-бабы 6-тармағының ережесi әскери қызметтi өткеру туралы келiсiмшарт жасасқан кезде ақшалай сыйақы алған адамға қолданылмайды.
3. 2011 жылғы 30 қарашаға дейiн «подполковник» әскери атағы берiлген қызметкерлерге аталған әскери немесе арнаулы атақта еңбек сiңiру мерзiмi бес жыл болып белгiленедi.
4. Осы Заңның қабылдануына байланысты әскери қызметтен арнаулы мемлекеттiк органдарға ауыстырылған және «Әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен әскери қызметте тұрудың шектi жасы өзгертiлген қызметкерлер мынадай шектi жастарға жеткенде қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы:
1) подполковникке дейiн қоса алғанда – қырық бес жас;
2) полковниктерге – елу үш жас;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шiлдеге дейiн берiлген полковниктерге – елу жас;
4) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу сегiз жас;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шiлдеге дейiн берiлген генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу бес жас;
6) генерал-полковниктерге – алпыс жас.
5. Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын қоспағанда) «Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшiлер үшiн көзделген тәртiппен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейiн тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
6. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi мерзiмде қызметтiк тұрғын жаймен не қызметтiк тұрғын жайға теңестiрiлген тұрғын жаймен қамтамасыз етiлген қызметкерлер осы тұрғын үйде тұру құқығын, сондай-ақ оны «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшiлер үшiн көзделген жекешелендiру құқығын сақтайды.
86-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. НАЗАРБАЕВ


Авторизация




Запомнить меня
Ещё не зарегистрированы? Регистрация
Забыли пароль?


Служба поддержки сайта:
Агент@mail.ru buh-nauka.com@mail.ru
Мой статус buh-nauka.com
   Лента новостей
Курсы валют
Ц#152;нформационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта

Реклама на сайте


???Mail.ru


  Copyright © 2011 - 2024, ТОО Эльмора, Kurilovich Yanina